АймақБас тақырыпРуханият

Қасым Аманжоловтың тіршілігінде тұтынған заттары Қарқаралы музейінде сақтаулы

Қарқаралы сынды шежірелі өңірдің ежелгі тас дәуірінен бастап, қазіргі кезеңге дейінгі тарихи-мәдени тынысының алтын көмбесіне айналған аудандық тарихи-өлкетану музейі – өңірдің бай тарихын сақтауда, келешек ұрпаққа жеткізуде, ерен тұлғалардың еңбегін насихаттауда, қоғамдық сананы заманауи талаптарға сай тәрбиелеуде маңызды қызмет атқарып келе жатқан ғылыми-мәдени орталық. Құрылғанына жарты ғасырға жуықтаған мекемеде осы шұратта туып-өскен, туған жерінің, елінің бостандығы мен бақыты үшін еңбек еткен перзенттері тіршілігінде пайдаланған жәдігерлер баршылық.

Суреттер автордан

Қазіргі таңда музей қорында 8300-дей жәдігер жинақталған. Жинақтар археологиялық артефактілерді, этнографиялық жазбаларды, қазақ қолданбалы өнерінің бұйымдарын, нумизматикалық заттарды, сирек кітаптар мен қолжазбаларды, тарихи құжаттар мен фотоматериалдарды және кәсіби суретшілердің картиналарын қамтиды. 671,8 шаршы метр экспозициялық кеңістікке орналасқан материалдар өңір тарихы мен мәдениетінің әртүрлі қырларын ашып көрсетеді. Қарқаралы тарихи-өлкетану музейіндегі мәдени-ағартушылық, ғылыми маңызы зор жәдігерлердің бір парасы кіндік қаны осы қасиетті топырақта тамған найзағай ақын Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығына қатысты.

– Жарық дүние есігін ашқанына биыл 115 жыл толатын біртуар тұлға Қасым Аманжолов тіршілігінде тұтынған, қолының табы қалған заттарды, суреттерін, қолтаңбасы кестеленген бір парақ қағазды қызы Дариға ақынның туғанына 100 жыл толуы қарсаңында музейге тапсырды, – дейді мекеменің қор сақтаушысы ­Айтбану Қадырова.

Өмір – өзен. Бұл күнде Дариға Қасымқызы да жоқ. Ақынның мұрасын, пайдаланған бұйымдарын көзінің қарашығындай сақтап келген перзенті 2024 жылғы желтоқсан айының басында, 78 жасында бақиға аттанды. Марқұмның топырағы торқа болсын! Бірақ Қасым Аманжолов ұстаған, ақын рухымен қуаттанған бұйымдар – құжаттар мен қағаз салатын папка, есепшот, шәйнектер, металл сауыттар мен ағаш тос­тағандар, білте шам мен шағын кілем, отбасылық суреттер Қарқаралы тарихи-өлкетану музейіне келушілерді ерекше әсерге бөлеп әлі де ұрпақтардың сан буынына қызмет ете бермек.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Back to top button