Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжі тарихынан
Бүгінгі Орталық Қазақстан жеріндегі алғашқы оқу орындары қасиетті Қарқаралы жерінде ашылған. ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында орыс-қазақ және казак мектептері, шіркеу мектептері, сонымен бірге шіркеу қарамағындағы мектептер мен түрлі училищелер, тіпті, қыздарға арнап ашқан училищелер болған. Мысалы, 1877 жылы қалалық шіркеу училищесі ашылып, ол 1881 жылы 1 маусымда үш кластық қалалық училище мәртебесін алған. Мұндай мәліметтерді танымал өлкетанушы Ю.ПОПОВТЫҢ еңбектерінен табуға болады. Бұл оқу орындары Сарыарқа жерінің тұрғындарына, сол сияқты басқа өңірлерден келген азаматтарға өз заманына лайықты білім берген.
Бүгінде қарқаралылықтар өз жеріндегі мектептерде Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Имам Әлімбеков тәрізді көптеген тұлғалардың оқығандарын, жұмыс істегендерін мақтанышпен айтады. Олар туралы көптеген құнды әрі қызықты деректер архив қорларында сақталған. Мысалы, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архив қорларындағы құжаттардың ішінде, атап айтқанда 1903-1906 жылдары аралығындағы қалалық училищелердің есептерінде, барша қазақ жұртына танымал тұлға Ахмет Байтұрсыновтың жұмыс істегендігі туралы мәліметтер бар: «…Аульно-магометанские училища Семипалатинской области… Двухклассное русско-киргизское училище в Каркаралинске – открыто 1 мая 1904 г. Содержится на средства киргизов. При училище интернат на 30 учеников. Учащихся на 1.01.1905 г. – 64. Зав.училищем Ахмет Байтурсынович Байтурсынов …» [Қ. 91, Т.1, Іс.39, Б.144].
ХХ ғасырдың 1920-1930 жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жаңадан қалалар мен өндірістік елді мекендердің өсуі, жаңа оқу орындарының ашылуына деген сұраныстың және білікті мамандарға деген қажеттіліктің жоғарылауына әкелді. Әрине, Арқа жерінде бірден жоғары оқу орнын ашу өте күрделі әрі баяу жүрді. Іс жүзінде жоғары білімді одан әрі дамытудың аймақтық деңгейде білім берудің алғшарты бола алатын арнайы орта білім болды. Болашақта жоғары оқу орнына негіз болатын, бұрыннан бері келе жатқан мектептердің базасында арнаулы орта оқу орындарының желісін ашу көп қиындық келтірмеді. Солардың қатарында Қарқаралы жерінде 1920-1930 жылдары бұрынғы мектептердің орнына жаңадан ашылған арнайы педагогикалық және ауыл шаруашылық техникумдар болды. Педагогикалық техникум – 1922 жылы ашылған. 1953 жылы Қарқаралы жерінен Саран қаласына ауысып, Абай атындағы педагогикалық училище ретінде, ал бүгінгі күнде Абай Құнанбаев атындағы Саран көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі ретінде танымал. Біз оқырмандардың назарына Қарқаралы ауыл шаруашылық, кейіннен зоотехникалық малдәрігерлік техникум болған, қазіргі кезде М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжі тарихына қатысты ақпарат ұсынамыз. Өйткені бұл оқу орнының құрылғанына – 90 жыл.
Тарихы тереңде жатқан бұрынғы Қарқаралы зоотехникалық малдәрігерлік техникумға қатысты көптеген құжаттар Алматы, Қарағанды және Қарқаралы қалаларындағы архив қорларында жатыр. Сол құжаттармен танысу барысында Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары Р.Жұмашев, Л.Шотбакова және осы мақала авторы үшеуі аталған қалалардағы архивтердегі сақталған тарихи деректермен жұмыс істеу барысында көптеген құжаттармен танысты.
Бұрынғы ауыл шаруашылық мектебінің негізінде құрылған Қарқаралы ауыл шаруашылық техникумы 1931 жылға дейін жұмыс істеген оқу орындарының бірі. Қарқаралы қаласының архив қорында ауыл шаруашылық техникумы кезінде бұл оқу орнын А.Грещенко (1.09.1930), Кулкашев (3.12.1930), Мергембаев (12.06.1931) тәрізді директорлар басқарғандығы жөнінде бұйрықтар сақталған. Өкінішке орай, бұл бұйрықтарда директорлардың тек фамилиясы ғана берілген, аттары көрсетілмеген. 1931 жылғы 9 қаңтардағы техникум кеңесінің № 4 бұйрығына сәйкес бұл оқу орны өзінің атауын өзгертеді. Біз осы маңызды архив құжатын сол күйінде көрсетейік (құжаттар түп негізін сақтай отырып беріледі – авт.):
«Приказ №4
9 января 1931 года
Каркаралинский сельско-хозяйственный техникум с 10 января переименовывается в «Каркаралинский Зоотехнический-Ветеринарный техникум».
Основание: Постановление совета техникума от 7/І-31 г.
Директор ЗВТ. Кулкашев».
1932 жылдың 1 қаңтарында аталған оқу орнының директоры Мельников болған (№ 18 бұйрық), ал осы жылғы шілде айынан басталған бұйрықтарға қол қойған «директор Қорабаев» деген архив құжаттары бар. Бірақ, Қорабаевтың 1932 жылдың қай айынан бастап директор болғандығы туралы ақпараттар әзірше кездескен жоқ.
Оқырмандар үшін тағы бір қызықты мәлімет техникум директоры болған Үлке Шопшекбаев (архив құжатында Ульке Шопчекбаев деп берілген) деген тұлға туралы болмақ. Оның 1937 жылға дейін директор болғандығы туралы, оның атына келіп түскен хаттар, техникум оқытушыларына тағайындалған жалақы туралы мәліметтер тәрізді көптеген құжаттардан көруге болады. Ал 1939 жылдың 28 мамырында Қазақ ССР Жер Халық Комиссариатының кадрлар даярлау бөлімі жоғару оқу орындары мен техникумдарға жіберген есептің 2-ші пунктінде «директор техникума Шопчекбаев рб.1347-10 который в 37 г. был разоблачен как враг народа и арестован органов НКВД…» деп жазылған. Бұл құжат Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің қорында сақталған [Қ.202, Т.2, Іс.11, Б.2]. Осыған дейін біз техникум тарихына қатысты материалдарды сұрыптап, жүйелеу кезінде Шопшекбаев есімі туралы бірде-бір мәлімет кездестірмедік және ондай кісінің директор болғандығы туралы да естімедік. Архив құжатында сақталған аздаған деректерге қарамастан, бүгінгі ұрпақ үшін беймәлім тұлға жайлы ақпарат беруді, 1937-1938 жылдарғы репрессия құрбанына ілінген азаматтың аты-жөнін айтуды өзіміздің азаматтық парызымыз деп есептейміз. Ү.Шопшекбаевтан кейін техникум директоры болған В.Максимов, Г.Кучма, Кошубаев және басқалары туралы алдағы мақалаларымызда жеке жазатын боламыз.
Техникумның қалыптасуы мен даму тарихына шолу жасайтын болсақ, алдымен оқу орнының материалдық-техникалық базасы туралы айтқанды дұрыс деп есептейміз. Қиын кезеңдерге қарамастан техникум өз жұмысын жандандыру мақсатында үлкен жұмыстар атқарған. Атап айтқанда, Мәскеу қаласындағы «Гослаборатория» мекемесі мен Қарқаралы зооветтехникумы арасында өзара келісім жасалып, соның негізінде техникумның химия, биология лабораторияларына қажетті жабдықтар алынып отырған. Бірақ, жабдықтар тұрақты түрде жеткізілмеген. Оған себеп, техникумның қаржы қоры төмен болған. Сонымен бірге, техникумда оқытылатын пәндер бойынша жоғары білімі бар мұғалімдер де керек болды. Бұл мәселе тек Қарқаралы зооветтехникумына ғана қатысты емес, сол кездері жалпы Қазақстан бойынша өзекті еді. Соған қарамастан Қарқаралы зоотехикалық малдәрігерлік техникумда әр жерлерден келген жоғары білімі бар білікті мұғалімдер сабақ берген. Мысалы, 1937 жылдың ақпанында жұмыс істеген мұғалімдердің басым көпшілігі жоғары білімді: Үлке Шопшекбаев – Алматының жоғары коммунистік ауыл шаруашылық мектебінде (жаңа тарих); Гориев Иван Сергеевич – Мәскеудің ет-сүт шаруашылығы институтында (зоотехникалық пәндер); Максимов Виктор Петрович – Ленинградтың ауыл шаруашылық институтында (өндірістік тәжірибе); Ясинецкая Вера Евграфовна – Киевтің медицина институтында (география, орыс тілі); Ясенецкий Генрих Ильич – Киев университетінде (әдебиет, неміс тілі); Васиильев Леонид Ильич – Харьковтың малдәрігерлік институтында (малдәрігерлік пәндер); Шведе Мария Вацлавовна – Пединститут жанындағы жұмысшы факультетінде (неміс тілі) оқығандар. Аталған мұғалімдерден басқа Қарқаралы педтехникумында білім алған Ильясов Госман (қазақ тілі және әдебиет); мұғалімдер курсында оқыған Аужанов Хабен (қазақ тілі және әдебиет); Сарбасов Ізтай – Алматыдағы Бүкілқазақстандық ауыл шаруашылық мектебін бітірген (әлеуметтік экономика) мұғалімдер туралы мәліметтер бар [Ф. 202, Оп.1, Д.1, Л.60]. Құжаттың дәл осы бетінде берілген мұғалімдердің тізімінде Ясинецкий Богдан Ильич жоқ, бірақ басқа құжаттарда оның фамилиясы және осы кісіге байланысты біраз деректер жақсы сақталған. Техникумда біраз жыл жұмыс істеген Ясинецкий есімі ерекше аталады. Ясинецкийлердің өмірі мен тағдыр жолдары жайлы белгілі өлкетанушылар Юрий Григорьевич Попов, Ерлан Мұстафин және жерлесіміз, ғалым-археолог Арман Бейсенов өз еңбектерінде жақсы жазған. Архивтегі құжаттардан байқағанымыздай, техникумда әр ұлттың өкілдері – қазақтар, орыстар, украиндар, поляктар жұмыс істеген. 1940-шы жылдары олардың қатары корей ұлтының өкілдерімен толыққан. Олардың барлығы да өте білімді, өз істерінің майталманы болған. Заманның қиын кездеріне қарамастан мұғалімдердің білімін жетілдіруге, басқа оқу орындарынан тәжірибе жинақтауға және оны осы техникумға енгізуге де ерекше көңіл бөлген. Оған мына архивтік құжат дәлел бола алады:
«Наркомзем КССР отдел вузов и техникумов 4 мая 1937 г.
Настоящим Дирекция Каркаралинского зоотехникума доводит до вашего сведения, что зоотехникум намечает на 1937 г. научные командировки следующим сотрудникам техникума, раньше не имевшим совершенно никаких командировок:
1. Ильясову Госману – зав. уч.частью, работает в зоотехникуме с марта 1933 года – командировка в Москву и Ленинград для изучения опыта работы других учебных заведений, а также посещения Всесоюзной сельскохозяйственной выставки;
2. Максимову Виктору Петровичу, преподавателю зоотехникума дисциплин – командировка в города Москву и Ленинград – для посещения Всесоюзной сельскохозяйственной выставки, а также для посещения ряда специальных учебных заведений с целью расширения своих специальных знаний.
Товарищ Максимов В.П. работает с 1934 года.
Просим Вашего утверждения и оформления данных командировок, а также отпуска средств на них.
О последующей просьбе поставить в известность дирекцию.
Директор Шопчекбаев» [Ф. 202, Оп.1, Д.1, Л.38 обор.].
Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағат қорларындағы техникум тарихы келесі мақалаларда жалғасын табады.
Гүлнара СМАҒҰЛОВА, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері.