Қарқаралы ауданында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жеңімпаздары анықталды
Қарқаралы ауданының Мәдениет үйінде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Сайысқа аудан мектептерінен жүздеген оқушы қатысып, «Бөгенбай батыр» жырын (жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) жатқа айтудан өзара бақ сынады.

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр.
Байқаудың ашылу салтанатында Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Ілияш сөз сөйледі.
– Аймағымызда үлкен рухани-ағарту іс-шаралары жүзеге асып жатыр. Соның бірі – «Тұлпар мініп, ту алған!» жобасы. Бұған дейін балалар арасында қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы саналатын «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Едіге» сияқты жыр-дастандарды жаттаудан жарыстар өткенін білеміз. Биыл айтулы байқау Қарағанды облысында «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтудан ұйымдастырылып отыр. Жарысқа қатысуға Қарқаралы ауданынан 400-ге жуық оқушы мен олардың ұстаздары өтінім берген. Бұл өскелең ұрпақтың жарқын жобаға һәм жыр мұраға деген қызығушылығын білдіреді. Сондықтан асыл қазынамызды жүрегіне сіңірген, жадына сақтаған бүгінгі байқауға қатысып отырған балалар еліміздің қайраткер, мемлекетшіл азаматтарына айналады деп сенеміз. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Байқауға «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының Қарағанды облысындағы жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, «Қарқаралы» газетінің бас редакторы Құрманғазы Өтебай, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Сайлау Әлиұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайрат Жолжақсыұлы қазылық етті.
Сайыс барысында оқушылардың жырды кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы басты критерий ретінде ескерілді.
Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен Қарқаралы ауданы бойынша үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырына көтеріліп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды:
1-орын (150 000 теңге) – Бесоба ауылы ЖББМ-інің 8-сынып оқушысы Ая Тұрсын, жетекшісі – Айдын Әшірбеков.
2-орын (100 000 теңге) – Қарағайлы кентіндегі №17 ЖББМ-нің 8-сынып оқушысы Ақпейіл Рымбай, жетекшісі – Саягүл Досжанова.
3-орын (70 000 теңге) – Жаңатоған ауылы №14 ЖББМ-нің 7-сынып оқушысы Айғаным Ахметхан, жетекшісі – Жаңагүл Оралбек.
Айта кетейік, Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы қыркүйек айында жарияланған болатын. 6–10 сынып оқушылары арасында өтіп жатқан байқаудың аудандық (қалалық) кезеңі 20–28 қараша аралығында ұйымдастырылмақ. Ал облыстық кезең 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр.
Іріктеу кезеңінен суырылып шыққан жүлдегерлерді облыстық сында да бағалы сый-сияпат күтіп тұр. Бірінші орын алған оқушыға 1 000 000 теңге беріледі және Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің грант иегері атанады. ІІ орынға – 500 000 теңге, ІІІ орынға – 250 000 теңге тағайындалған.
Сонымен қатар жеңімпаз оқушыларды дайындаған ұстаздардың да мерейі үстем болмақ. Айрықша атап кетерлігі, І орын иегерінің ұстазына жеңіл автокөлік сыйға беріледі.
Жалпы, байқауға облыс бойынша мыңнан астам мұғалімнің жетекшілігімен 4200-ге жуық оқушы қатысуда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



