Қарқаралы ауданында қазірдің өзінде 21 мың гектар аумақты өрт шарпыды
Қарқаралы ауданында өрт сөндірушілер өртті сөндіруді жалғастыруда. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Таурбековтің айтуынша, өрттің аумағы 21 мың гектарды құрап отыр. Күшті жел, таулы рельеф және өртке кіретін жолдардың жоқтығы тілсіз жауды ауыздықтауға кедергі келтіруде. Жаңартылған ақпаратқа сәйкес, өрт аумағы 21 мың гектарға дейін өскен.
– Өрт шарпыған жалпы аумақ 21 мың гектарды құрайды. Облыс әкімі төрағалық ететін жедел штаб өз жұмысын жалғастыруда. Тартылған күштер мен құралдар өрт ошақтарында орналасып, өртпен күресу және өрт ошақтарын жою жұмыстарын жүргізуде, – деді Ораз Таурбеков.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД мен ТЖМ-нің жеке құрамынан 401 адам, сондай-ақ 68 бірлік техника, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты және екі МИ-8 тікұшағы жұмылдырылған. Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін темендегідей сенім телефондары жұмыс істейді: 8 (7212) 51 72 23, 8 (7182) 20 11 12.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.