Қарқаралы ауданында Қарқабат ана ескерткіші ашылды

Қарқаралы қаласына кіре берісте Ұлы дала анасы деп аталатын Қарқабат анаға ескерткіш орнатылды. Ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Монумент қоладан жасалған, оның биіктігі тұғырмен бірге 7,5 метрді құрайды. Мүсіннің авторы – Бейбіт Мұстафин. Ескерткіштің орнатылуына Орталық Қазақстан Академиясының ректоры Бақтыбай Жүнісов бастамашы болды.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ескерткіштің ашылуында Қарқабат ана – халық бірлігін, патриотизмді және парасаттылықты білдіретін нышандарының бірі екенін атап өтті.

– Қарқабат ана – аналардың анасы. Ол – қазақ даласындағы аналардың символы. Қарқабат ананың даналығы, өмір жолы және бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлгі болады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Аңыз бойынша, Қарқабат ананың кенже ұлы Болатқожа Қаракесек деп аталып кеткен.

– Қазақ халқының тарихында із қалдырған ұлдардың (ұлы Қазыбек биден бастап батыр-ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке дейін) анасының есімі ешқашан ұмытылмайды. Бұл ескерткіш болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін қажет, – деп атап өтті ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.