АймақБас тақырыпЖаңалықтарҚарқаралы

Қарқаралыға 20 мыңнан астам турист келген

Жыл басынан бері Қарқаралы ауданына 20 мыңнан астам турист келген. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп көрсеткіш. Туристер ағынының артуына тек табиғаттың сұлулығы ғана емес, сонымен қатар, инфрақұрылымның дамуы мен туризм саласындағы кәсіпкерліктің жүйелі қолдауы әсер етуде.

Бүгінде ауданда 40-қа жуық демалыс орны жұмыс істейді. Олар бір мезетте үш мыңға дейін туристі қабылдай алады. Салада 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Қарқаралы ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлыбек Ілдебаевтың айтуынша, бұл серпінді дамуға жол инфрақұрылымының жақсаруы ерекше ықпал еткен.

– Қарағанды – Қарқаралы автожолының жөнделуі туристер үшін жол қатынасын жеңілдетіп, ауданның қолжетімділігін арттырды. Соның нәтижесінде жаңа демалыс базалары салынып, дәмханалар мен қонақ үйлер ашылуда. Бұл үрдіс Қарқаралының туристік әлеуетін одан әрі күшейтіп отыр, — дейді Нұрлыбек Ілдебаев.

Қазір ауданда ерекше мән беріліп отырған жобалардың бірі – Қарқаралы қаласының батыс бөлігіндегі, ұлттық табиғи паркке жақын орналасқан «Бұғылы» рекреациялық аймағы. Жалпы аумағы 75 гектарды құрайтын бұл жерде су, кәріз және электр желілері тартылып жатыр. Инфрақұрылым толығымен жүргізілгеннен кейін, жер телімдері аукцион арқылы инвесторларға ұсынылмақ. Тұжырымдамалық жоспарға сәйкес, мұнда тыныш демалыс орындары, этноауыл, ойын-сауық паркі, аспалы жолы бар тау-шаңғы кешені мен заманауи қонақүйлер салынады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Туризм саласындағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуде. Мысалы, «Даму» қоры арқылы 7% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуға болады. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланған кәсіпкерлердің бірі – «Орман» қонақүй кешенінің иесі Жанат Жетенова.

– Біз шамамен 200 жылдық тарихы бар үйді сатып алып, оны ретро стильде қалпына келтірдік. Сонымен қатар бірнеше шағын үй мен ұлттық нақыштағы, бірақ барлық жайлылықтары бар киіз үйлер орнаттық. Бізге тек Қазақстаннан ғана емес, Германия, Польша, Беларусь, Украина мен Ресейден де қонақтар келеді, – дейді кәсіпкер.

«Орман» кешенінде ай сайын 1500-ге дейін турист демалады. Жайлы жағдай мен қонақжай қызмет көрсету бұл жердің танымал туристік нысанға айналуына себеп болып отыр.

Қарқаралы ауданында туризмді кешенді дамыту үшін арнайы «Жол картасы» қабылданған. Құжатта бес негізгі бағыт қамтылған:
• туристік нысандардың инфрақұрылымын дамыту,
• табиғи және мәдени ескерткіштерді жүйелеу,
• қызмет көрсету сапасын арттыру мен кадр даярлау,
• аймақтың туристік брендингін қалыптастыру,
• инвестициялық жобаларды әзірлеп, жүзеге асыру.

Бүгінде бұл бағыттарда нақты жұмыстар қолға алынып, алғашқы нәтижелер көріне бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде туризмді экономиканың қозғаушы күштерінің бірі ретінде бірнеше рет атап өткен болатын. Қарқаралыда бұл саланың өңірлік брендке айналып, халыққа тұрақты табыс әкелетін негізгі секторлардың біріне айналуына басымдық берілуде.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button