Арқаның озды ақыны
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында Семей қаласында өткен «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Қазақтың рухани астанасы саналатын Семей төрінде өткен бұл дүбірлі додада еліміздің әр өңірінен келген от ауызды, орақ тілді ақындар бас қосып, сөз сайысына түсті.

Айтыс өнерінің шынайы көрінісін көрсеткен бұл байқауға еліміздің түпкір-түпкірінен он екі ақын қатысты. Атап айтқанда, халықтың сүйікті ақындары Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған және Қуандық Кенжебекұлы сынды танымал ақындар додаға түсті.
Сөз маржанын терген, елдің мұңын жырлаған, рухани биіктік пен көркемдік шеберлікті қатар алып жүрген ақындар тартысты өнер сайысын өткізіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Абай облысының ақыны Әсем Ережеқызы мен Оралдан келген Жансая Мусина иеленіп, әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді.
Екінші орын Қостанай облысының өкілі Айбек Қалиев пен Қызылордадан келген Мейірбек Сұлтанханға бұйырып, олар 1,5 миллион теңгеден еншіледі.
Ал, бірінші орынды Алматы қаласының айтыскері Рүстем Қайыртайұлы жеңіп алып, 3 миллион теңге иеленді. Оның суырыпсалмалық қабілеті мен терең ойлы сөздері қазылар алқасы мен көрермендердің көңілінен шыққанын атап өткен жөн.
Бас жүлдеге тігілген су жаңа автокөлікке Қарағанды облысының намысын қорғаған дүлдүл ақын Мақсат Ақанов ие болды. Сыйлықты салтанатты түрде Абай облысының әкімі Берік Уәли табыстады.
Айтысқа қатысқан өзге ақындар да назардан тыс қалмады. Барлық қатысушыға 500 мың теңгеден қаржылай сыйлық берілді. Сонымен қатар, Сиязбек Сүлейменов әулетінің атынан тағайындалған арнайы 200 мың теңгелік жүлде Қуандық Кенжебекұлына табысталса, Абай облысы әкімінің 500 мың теңгелік арнайы жүлдесі айтыстың көрнекті өкілі Мұхтар Ниязовқа берілді.
Айтыс соңында қазылар алқасына естелік ретінде Абайдың тақиясы мен шапаны тарту етілді. Бұл – рухани сабақтастық пен құрметтің көрінісі іспетті.
Жеңіс сәтінде Мақсат Ақанов жүрекжарды алғысын өлеңмен жеткізді.
«Көп сөйлесең, сөзде де
мән қалмайды,
Көп шайнасаң, қазыда
дәм болмайды.
Абай, Мұхтар,
Шәкәрім туған жерден,
Алсақ деп армандайды
әркім бәйгі.
«Алтын домбыра» иесі
болса дағы,
Аханов әр нәрсеге алданбайды.
Әлемнің алтынынан
артық маған,
Ұлы Абайдың тойынан
алған бәйгі!»
«Адамзаттың Абайы» республикалық айтысы – ұлы Абай мұрасын ұлықтауға, ұлт руханиятын жаңғыртуға бағытталған айтулы шара болды. Бұл доданың Семейде хакімнің туған жерінде дүркіреп өтуі оның рухани маңызын арттыра түсті. Айтыс барысында елдік, ұлттық, тілдік және тарихи тақырыптар кеңінен қамтылып, көрермен көңілінен шықты.
Байқау – сайыс қана емес, бұл – руханияттың, сөз құдіретінің, ұлттық өнердің мерекесі болды.
Айта кетейік, Мақсат Ақанов – ақындар мен әншілердің отаны алтын бесік Ақтоғайдың тумасы. «Алтын домбыра» иегері. Бір басына жетіп артылатын атақ-даңқы бар. Мақсат суырыпсалма айтыста көш бастап келе жатыр. Осы айтыста небір аузымен құс тістеген сүлейлердің өзін шаң қаптырып, тапқыштығы һәм айтқыштығымен және өлең өрнегінің көркемдігімен, өзгешелігімен мыңдаған жұрттың таңдайын қақтырды.
Жерлесімізді жеңісімен құттықтап, толағай шығармашылық табыс тілейміз!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»