Арқаны әлдилеген әуен
Қарағанды көгі әсем сазға, асқақ үнге, құдіретті сөзге бөленіп тұр. Елге ұмытылмас сәттер мен тамаша әсер, думанды кештер сыйлаған – дәстүрлі халықаралық күзгі «Әуенді Сарыарқа» фестивалі. Қала тұрғындары әр күн сайын Кеншілер мәдениет сарайына барып, түрлі жанрдағы музыка мен ән тыңдап, көңіл сергітуге асық. Осымен 19-шы мәрте шымылдығы түрілген фестивальдің ерекшелігі – қазақтың біртуар ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен ҚАСЕЙІНОВТІҢ 70 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасымен байланысқан шара ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін дамыту жолында ерекше үн қоса өрбуде.
16 қыркүйек
Биылғы жылы Ресей, Өзбекстан, Түркия, Швейцария және басқа да елдердің атақтары алысқа жеткен жоғары деңгейдегі шеберлерінің орындауындағы ғажап әуендер көпшілікке ұсынылды. Олардың ішінде, көпшілікті таңқалдыратын және жоғары бағаланатын Пермь аймақтық филармониясының орыс ұлттық аспаптары оркестрі, сондай-ақ, Ресей, Әзірбайжан, Түркия елдерінің әртістерінің концерттері көпшілік көңілінен орын алды.
Айта кетейік, фестивальдің ашылу салтанатында Пермь филармониясының орыс халық аспаптары оркестрінің концерті жиналғандардың көңілін бей-жай қалдырмай, сахнадағы көрініс көрермендерді ән-әуеннің құшағында тербеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Осы күні оркестрдің көркемдік жетекшісі және дирижері – Бүкілресейлік конкурстың және конкурс-фестивальдің лауреаты Галина Токареваның өнеріне тәнті болмаған жан қалмады. Музыкалық бағдарлама барысында А.Бородин, П.Чайковский, Ю.Шишаков, Н.Тілендиев, А.Цыганков, В.Городовский, М.Кузнецов, А.Пьяццоллы, Р.Гальяно сынды композиторлардың шығармалары орындалды. Оркестрлер мен танымал сахна шеберлерінің орындауындағы классикалық әуен мен заманауи шығармалар шартарапты шарлап кеткендей. Расымен де, «Әуенді Сарыарқа» фестивалі көптеген елдің өкілдерін бір сахнаға жинайтын қайталанбас сазды думан екенін айқындады. Жеке орындаушылардың арасынан Татарстанның еңбек сіңірген артисі, халықаралық конкурстар лауреаты Дамир Сұлтановты, Халықаралық конкурстар лауреаты, Қазақстанның білім беру жүйесінің үздік қызметкері Лариса Латышованы, бүкілресейлік конкурстың лауреаты Алексей Таранды, халықаралық конкурстар лауреаты Оксана Аманды, халықаралық конкурстар лауреаты Андрей Мехоношинді көргенде көңілдің керегесі кеңейді. Жаңашылдыққа жаны құмар, тыңдарманның құлақ құрышын қандырар сазға толы әуелеген әуенге, үздік өнер компазицияларына үйіріле қалған жұрт сілтідей тынып, тамсанды.
17 қыркүйек
Саз әлемі Сарыарқа аспанында қалықтады. Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Симфония оркестрінің концерті түрлі аспаптардың дыбысталуымен таныстырып, сан алуан күйлердің ырғағына салып, сан алуан күйлерден үзінді келтіріп, жанды тербеді. Бас дирижері – Бүкілресейлік конкурстың лауреаты Петр Грибанов та өз кезегінде аянып қалмады. Тыңдарманның жүрегін жаулаған Е.Рахмадиев, Т.Қажығалиев, М.Бигалиев, Б.Кадырбек, П.Сарасате, Дж. Верди, Дж. Пуччини, Ф.Амироа, А.Пьяццоллы сынды композиторлардың шығармалары орындалды. Осы кеште музыкаға аударманың керегі жоқ екендігіне көз жетті. Әуен қозғалысы маңайындағыларды баурап алды. Әуен төменнен, тереңнен бой алғандай басталып, баяу, ауыр, бірте-бірте күш жинағандай көтеріледі. Сонымен қоса, сахнаға шыққан Ресейдің халық артисі Дмитрий Хохлов, Мұстафа Мехмандаров (Әзірбайжан) және Гвидо Ламелл (АҚШ) сынды дирижерлардың өнері және жеке орындаушылардың ішінде Әмина Машкеева, Бурчин Савинье, Эльвин Ганиев, Арслан Сайфи, Хайриддин Ходжаның өнерлері тіпті керемет. Маңғаз дала тербеліп, аққу ұшып, қаз қонғандай кейіпке еніп кетті.
18 қыркүйек
Тәттімбет атындағы Академиялық оркестрінің концертін көруге жиналған елдің де қарасы қалың болды. Бұл концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай, Өзбекстанның халық артисі Фарух Садыков дирижерлік етті. Қазақтың ұлттық аспаптарын әуелете көтеріп, дәріптеп жүрген Тәттімбет атындағы Академиялық оркестр қылқобыз, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, домбыра, даңғара сынды түрлі аспаптардың дыбысталуын бір арнаға тоғыстырғанда көрермен көңілі бір серпілді. Жеке орындаушылар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенова, Башқұртстанның халық артисі Рамил Гайзуллин, Қырғызстанның халық артисі Роза Аманова, Өзбекстаннан арнайы келген Ходжаназар Джумаевтың және Түркия елінің өнерпазы Ферял Башел талайға таңдай қақтырды.
Осы күні Кеншілер мәдениет сарайында мәдениет мәйегіне айналған һас шеберлер журналистер қауымымен жүздесіп, халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестиваліне байланысты баспасөз мәслихатын өткізді. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы бас хатшысының орынбасары Фрат Пуршат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыс әкімінің мәдениет сұрақтары бойынша кеңесшісі Рымбала Омарбекова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, Өзбекстанның халық артисі Фарух Садықов, Ресейдің халық артисі Дмитрий Хохлов, әзірбайжандық дирижер Мұстафа Мехмандар, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің басшысы Талғат Ыдырысов қатысты.
1998 жылдан бастау алатын «Әуенді Сарыарқа» фестивалі туралы тұщымды әңгімелер өрбіді. 2001 жылдан бастап, халықаралық деңгейге аясын кеңейткен дәстүрлі шараның басты ұйымдастырушысы ретінде руханият жаршысы болып жүрген Рымбала Омарбекованың еңбегі де ескерілді. Сондай-ақ, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері, симфониялық және джаз оркестрі, Тәттімбет атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі сындыоблыстың өнер ұжымдарының бірлескен жұмысына оң баға берілді.
Игі шараның мерейін әр жылдары КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық артисі Айман Мұсаходжаева, Мемлекеттік «Солистер Академиясы» камералық оркестрі, Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Баспақова, «Ие Шу-Хан Брасс-квинтеті» (Тайвань), «Перкашн Дуо» ұрмалы аспаптар дуэті (Голландия), Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева үстем еткендігінен құлағдар болдық. Келер жылы жиырмасыншы рет өткізілетін «Әуенді Сарыарқа» фестивалінің тартуы мол екен.
19 қыркүйек
Қ.Байжанов атындағы концерт бірлестігінің Джаз оркестрі думанды қыздырды. Кеш қонақтары – Өзбекстанның халық артисі Мансұр Ташматов, Герш Геллер (Израиль), Роза Зергерли (Әзірбайжан), Швейцариядан келген аспапты трио, халықаралық конкурстар лауреаттары – Марко Сантили, Фульвио Марас және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мынтаев. Бас дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченконың өнеріне мағмұрланбаған тыңдарман қалмады. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған бағдарламаның ауқымы кең болды. Талғамы жоғары көрермен үшін тынбай еңбек еткеніне өнерсүйер қауым дән риза. Жиналғандардың ықыласынан шабыт алғандарын тілге тиек етті. Негізгі мерекелік іс-шаралар әдеттегідей жоғары деңгейде ұйымдастырылуы ұлт руханиятының Арқада тұнып тұрғанын тағы да бір дәлелдеді.
20 қыркүйек
Фестивальдің жабылуы айрықша болды. Концерттік бағдарлама барысында фестивальге қатысқан оркестрлер кезектесе өнер көрсетіп, жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Бар байлығым – достарым» атты гала-концерті тыңдарманның жүрегін тербеп, рухани байлық сыйлады. Фестиваль бағдарламасы «Жұлдыздар аллеясына» Дүйсен Қасейіновке арналған жаңа жұлдыздың қосылуымен өз мәресіне жетті.
Нұрдос КӘРІМ