Жаңалықтар

Арқаның ардақты азаматы Абдолла Төребеков

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, есімі облысымызға жақсы таныс, ауыл шаруашылығы саласының аса білгір маманы, жаны жайсаң азамат Абдолла Төребеков тірі болғанда 75 жасқа толар еді.

Аққудың көлге тамған көз жасындай, уақыт сынаптай сырғып, өтіп жатыр. Кеше ғана аман-сау арамызда жүрген Абдолла ағамыздың ақтық сапарға аттанып кеткеніне жеті жылдың жүзі болды. Қазір тек оның бейнесі ғана көз алдымызда. Рухы жер бесігінде, күлкісі көңілімізде, жақсылығы жадымызда, есімі ел есінде жүр.
Әбекең 1971 жылы Омскінің мал дәрігерлік институтын бітіріп, Қарағандыға арнайы жолдамамен келген еді. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы балаң жігіттің бағын байламай, еңбек жолын ең шалғайдағы Егіндібұлақ ауданынан бастасын деп шешіпті.
– Бастапқыда басымды шайқап, келгеніме өкіндім. Бұрын-соңды алысқа шығып көрмеген мен сол күні Қарағандыдан артынып-тартынып, автобуспен алты сағат жүріп, әрең Егіндібұлаққа жеткенім бар. Бірақ, неге екенін қайдам Балқантаудың басына қарасам, мен туып-өскен оңтүстіктегі қасиетті Қазығұрт тауы есіме түсті. Екеуінен керемет ұқсастықты аңғардым. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?!», – деп аңыз ғып айтатын киелі тауым дәл маған осы жерде оң сапар тілеп тұрғандай көрінді, – деген еді Әбекең осыдан он жыл бұрын.
Егіндібұлақтықтар жас маманды жатсынбады. Қайта қуана қарсы алып, аудан орталығындағы мал дайындау кеңсесіне қызметке орналастырды. Білікті жас бірден іске кірісіп, біраз жұмыстың бетін қайырды. Көп өтпей-ақ жақсы қырынан көзге түскен Төребековті облыс басшылары Молодежный ауданындағы «Радниковский» совхозының бас мал дәрігері етіп тағайындады. Ол тұралап қалған мал шаруашылығын төрт жыл ішінде аяғынан тік тұрғызды.
Осыдан соң Әбекеңнің жұлдызы оңынан туып, қызметі біртіндеп жоғарылай бастады. Алдымен аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас дәрігері, кейіннен Талды ауданына қарасты ең артта қалған «Бақты» совхозына директор болды.
– Мен барған жылы қырсыққандай қыс жылы қабақ таныта қоймады. Мал азығы мөлшерден аз дайындалыпты. Қалай да қоғам малын аман алып шығудың жолын қарастырдық. Шалғайдағы Осакаров ауданына барып, 2,5 мың тонна шөпке әрең келістік. Оны қыстаққа жеткізу проблемаға айналды. Техника ескірген, бары жарамсыз. Сол кезде «Киргизия» совхозын басқарып отырған Дәурен Қарасартов ағамыз бір ауыз өтінішімізді жерге тастамай, азаматтық танытты. Әлгі шөпті 250 шақырым жерден шашау шығармай солардың техникаларымен тасып алдық. Ол дегеніңіз құруар қаржы емес пе? Қысылғанда қол ұшынан көмек көрсеткен Дәукеңе әлі күнге ризамын. Абырой болғанда сол жылы әр 100 бас аналықтан 87-ден қозы ертіп, аудан бойынша ең үздік көрсеткішке қол жеткіздік! – деп еске алады Әбекең. («Орталық Қазақстан» 20 наурыз, 2010 ж.)
– Осынау толағай табыс өздігінен келген жоқ. Абдолла әріптесім Бақты совхозының үлкен-кішісімен тез тіл табысып, қолынан іс келеді деген азаматтарды шаруашылықтағы жауапты учаскілерге тағайындап, жұмысын тез игеріп әкетті. Көпті көрген ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, осында қызмет атқарып келе жатқан бас мамандардың пікірлерімен санасты. Соның нәтижесінде түсіністікпен жұмыс істейтін, ынтымағы жарасқан «команда» қалыптастырды. Аз уақыттың ішінде аталмыш совхоз аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтың тізіміне ілікті, – дейді танымал тұлға Дәурен Қарасартов.
Іскер азаматтың ілкімді іс-тәжірибесіне сырттай сүйсініп жүрген сол кездегі Егіндібұлақ ауданының басшысы Тілеубек Зейнешев Абдолла Төребековті қарамағындағы жаңа қызметке шақырды. Әбекең аға тілегін аяқсыз қалдырмай, 20 жыл бұрын еңбек жолын алғаш бастаған аудандық партия комитетінің екінші хатшысы (яғни, әкім орынбасары) болды. Бұл жауапты қызметтің тізгінін үш жыл ұстаған ол Т.Зейнешевтің асқан зейінділігінің арқасында халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту үшін біршама игілікті шараларды бірлесе атқарды.
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздікке қолы жетті. Осы тұста дүрілдеп тұрған партия қызметкерлері қайда барарын білмей басы қатып, көбісі жұмыссыз қалды. Мұның салқыны – өмір мектебінен өтіп, мол тәжірибе жинақтаған Абдолла Төребековке де тиді. Алқалы жиында аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Темірболат Мәжитов: «Әбеке, менің орныма қызметке келіңіз…» – деп азаматтық танытты. Әрине, өзінің жайлы креслосын біреуге аяқ астынан бере салу оңай емес екенін жақсы түсінеміз! Дейтұрғанмен, бұл ел сыйлай білетін егіндібұлақтықтардың оның ішінде, Темкеңнің Абдолла Төребековке деген ерекше құрметі еді!
Әбекең сол жолы азаматтардың ақ пейіліне, шынайы қамқорлығына риза болып, басқа қызметке ауысты. Біраз жыл Молодежный ауданында жауапты қызметте еңбек етіп, қиын уақыттың ауыртпалығын қайсарлықпен жеңе білді. 1997 жылы аталмыш аудан қысқартылып, Осакаров ауданының құрамына қосылды. Жаңа ауданның әкімі болған Абдолла Төребеков осы жерде он жылға тарта жемісті еңбек етіп, абыройға бөленді.
«Осындайда ол не бітірді?» – деген сұрақ ойымызға оралатыны бар. Иә, халқының шексіз ризалығына бөленген Абдолла Маржанкөл совхозында Мәдениет үйін ашып, аудан мен Молодежный арасындағы бірнеше шақырымдық көтерме жолды асфальттады. Осакаровкада мектеп-интернат үйін жаңадан іске қосып, ата-аналардың көзайымына бөленді. Тіпті, аудан мектептерінде оқитын ең үздік оқушыларға ақшалай ай сайын арнайы стипендия төлетіп тұрды. Әрине, бұл бюджет қаржысынан емес, жергілікті шаруа қожалықтарының қоржынынан алынды. Осылайша, Абдолла Төребеков сол кезде білім саласына кішігірім «инвестор» тартудың тың тәсіліне түрен салды. Нәтижесінде оқушылардың білімге деген құштарлығы біршама артты. Бұған қоса аудан орталығында аурухананың жаңа ғимараты бой көтерді. Айта берсе, Әбекеңнің қолтаңбасы қалған дүниелер жетерлік.
Өмір – өзен. Сол өзеннің толқынды ағынымен жоғары өрлеген Абдолла ағамыз зейнеткерлікке шығар алдында 2007-2013 жылдары Қарағанды облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, кейін басшысы болып, аймағымыздың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қомақты үлесін қосты.
Мынандай қанатты сөз бар: «Сен маған достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын!» – деген. Осы аталы сөздің астарына бір сәт үңіліп көрейікші. Әбекең жайлы жазылған «Ғибратты ғұмыр» атты естеліктер кітабында бірге жүріп, қызметтес болған дос-жолдастары ол туралы сыр шертеді…
Сондай дос-жаранының әрі әріптесінің бірі мемлекет және қоғам қайраткері Қайдар Бурабаев былай дейді…
«Абдолла Төребекұлын қалай мақтап, қанша мадақтасаң да, ешкім де оны «жалған, шындыққа жанаспайды», – деп айтпас еді. Әбекеңді білетін азаматтар түгіл, бір көріп дастарқандас болған адамдар да ол туралы, жақсы пікірде қалатын. Оның адамгершілік, азаматтық қасиеті, жайсаң мінезі, жүрекке жылылық сыйлайтын мейірімі, бауырмалдығы мен пейілінің кеңдігі – кімді болсын баурап алатыны сөзсіз еді.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген ұлы Абайдың ұлағатты сөзін ол өмір бойы берік ұстанып өтті. Бойындағы бар қажыр-қайратын еш аямады. Тынбай еңбектенді, сол адал еңбегінің жемісін де, жеңісін де көрді.
Әбекең – бақытты адам. Оның жарқын бейнесі көз алдымнан көлбеңдеп кетер емес. Жаның жәннатта болсын, бауырым!» деп еске алады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, мемлекет және қоғам қайраткері Тілеубек Зейнешев «Түркі әлемінің ұлы тұлғасы Жүсіп Баласағұн айтқан екен: «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады», – деп. Сол айтқандай жақсы басшы болған, Абдолладай бауырымыздан ерте айырылып қалғаныма қатты өкінемін. Оның өмір жолы – еңбексүйгіштіктің, қоғамға адал қызмет етудің, адамгершілік асыл қасиеттердің жарқын үлгісі болып табылады.
Абдолламен ара қатынасымыз туған ағалы-інідей болды. Оған: «Менің інім жоқ еді, маған іні болшы», – дегенімде, ол: «Мен де аға жоқ, сіз аға болыңызшы», – деген еді. Екеуіміз де сол жерде тілектерімізді құба-құп қабылдадық. Ол жаны да, ары да аппақ қардай таза ардақты азамат еді», – дейді.
Иә, өмірі өкпелеуді білмейтін, күлімдеп көңілді жүретін Абдолла Төребеков 70-ші жылдардың алғашқы жартысында үйленіп, өз алдына шаңырақ көтерді. Бірде, белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Асылбек Жартыбаев: «Ағамыздың үйленгені қызық. Түсіне білгенге оның тәрбиелік мәні зор» дегені бар.
Әлқисса, Әбекең 1971 жылы Егіндібұлаққа алғаш келген күні дүкенге барыпты. Сол жерде Алтын деген сатушы қызға көзі түсіп, бірден ұнатып қалады. Махаббат сезімін жеткізу үшін, әлгі қыздың қолынан ­1 сом 40 тиынға «плиточный» шоколад сатып алып, сол жерде оны қақ ортасынан бөліпті. Жартысын сатушыға қайта ұсынады да, қалған бөлігін өзіне қалдырады. Мұнысы: «Екі жарты қосылып, бір бүтін болайық» – дегені ғой. Келбеті келісті жігітті сатушы қыз да ұнатып қалса керек. Осылайша екі жастың сезім түйсігі шынайы махаббатқа ұласып, кейіннен отау құрды. Уақыт өте келе сол Алтын жеңгеміз екеуі Сымбат пен Рысбек атты ұл өсіріп, келін түсіріп, бірнеше немере сүю бақытына бөленді.
– «Азамат – аяғын туған жерге, арқасын туған елге тірейді» деген халқымыз. Сол айт­қандай 45 жыл бауырымдай болып кеткен Арқаның алтын азаматтарын арқа тұттым. Михайл Шаекин, Қайдар Бурабаев, Дәурен Қарасартов, Тілеубек Зейнешев, Марат Райымбеков, Темірболат Мәжитов мені тәрбиелеп ержеткізді, көмектерін аямай, әрдайым ақыл-кеңесі мен қамқорлығын көрсетті. Бұлар – ақылшы ағам, өмірлік ұстазым болды. Өмірдегі бар бақытымды қасиетті Сарыарқаның жерінен таптым! – дейтін көзі тірісінде «Құрмет» орденінің иегері Абдолла Төребеков.

Әли ТОЙЖІГІТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Басқа материалдар

Back to top button