Жаңалықтар

Арқаның арда ақыны

Қойлыбай ақынмен сонау сексенінші жылдардың бел ортасында басталған студенттік шағымыздан таныспыз. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетіне ол біз сияқты мектеп қабырғасынан емес, екі жыл әскер қатарында ысылып, 1986 жылы келіп түсті. «86» десе, әлбетте, санамызда сол жылдың ызғарлы желтоқсаны жаңғырады.

Суретте Ақжолтай бауыры Аманжол Әлтаевпен

Алматыда басталған көтерілістің дүмпуі Қазақстанның бірнеше өңірінде, соның ішінде Қарағандыда да болып еді. Ұлттың намысы найзағайдай ойнаған ұлы оқиғаның бел ортасында Қойлыбай сынды жиырманың о жақ, бұ жағындағы жастар жүрді. Транспорант көтерген қыз-жігіттер облыстық партия комитетінің ғимараты алдында атой салды. Одан көп ұзамай Кеңес Одағы ыдырап, Тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізген елімізде экономикалық дағдарыс белең алған тоқсаныншы жылдарға киліктік.

Зиялы қауымның өзі күнкөріс қамымен базар жағалап кеткенде Қойлекеңдей некен-саяқ азаматтар қаламын қаңтармастан, болмашы жалақыға, тіпті еңбекақы айлап төленбеген кездерде де журналис­тиканың қамытын киіп, қазақ руханиятының арбасын алға сүйреді. Қарағандыдағы әдеби ортаның ақылманы Серік Ақсұңқарұлымен сыйлас, сырлас Қойлекең сол ақын ағамызбен бірге талай жас қыранды поэзия әлеміне баулып, томағасын сыпырды.

Тіл біліміне құштарлығымен ғана емес, ақындық дарынымен де ерте танылған Қойлекең респуб­ликалық айтыстарда көп жылдар бойы Жезқазған мен Қарағанды облыстарының намысын қорғады. Ойы ұшқыр, тілі жүйрік ақынның табан астында тауып айтар ұтқыр да шешен шумақтарын сан естіп, сүйсініп жүретін едік.

Ұлы Абайдың 150 жылдық тойындағы айтыста Қойлыбай ақын:
Қазақта ең жаманы надан болу,
Надан боп, басқаларға бодан болу.
Ақын болу әркімге арман шығар,
Абай болу – алдымен Адам болу, – деп төгілтіп еді. Сол өзі айт­қандай, біз білетін Қойлекең өмір жолында ең алдымен Адам атына лайық болуды парыз санаған биік ойлы азамат.

Есімін ел таныған ақын Қойлыбай Дәулеткелдіұлы бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, өзі туып-өскен Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, ҚР Президенті стипендиясының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Бірнеше прозалық, поэзиялық кітаптар мен ғылыми еңбектердің авторы. Осының бәрі жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаздың үздіксіз ізденісі мен көп жылғы еңбегінің жемісі.

Әу бастан қаламгерлік жолына түскен Қойлекең өмірлік серігін де журналистік жолының септігімен тапты десек болар. 1991 жылы университетті тәмамдағаннан кейін сол кездегі беделді жастар апталығы «Қарағанды жастарында» еңбек етіп жүрген кезінде осы редакцияға тәжірибеден өтуге келген Қоңыр сұлуды кездестіріп, әңгімелері жарасты. Содан бері жұбы жазылмаған екеуі үлгілі шаңыраққа айналды, Ақерке, Ақжол, Ақзере сынды ұл-қыздарын ұлтқа қызмет жасар азамат етіп тәрбиеледі.

Сөз басында айтқанымдай, студент кезімнен жақын танысып, дос-жар болған Қойлекеңнің әлдекіммен сөзге келіп, жүз шайысқанын көрмек түгіл, естімеппін де. Қойдай қоңыр мінезді Қойлекеңе өзіне сай Қоңыр сұлудың кезіккені де Жаратқанның арнап жасаған сыйы болар. Ғажап сәйкестік!

Қатайса құрыштай, жымиса жібектей Қойлекеңмен қырық жылға таяған таныстығымыздың бойында сыйластығымыз үзіліп көрмепті. Ақкөйлек азамат қашанда тілеулес көңілімен тәнті етіп жүреді. Ойы да, бойы да кең, қашан да қазақы дархан мінезінен айнымаған Серінің өзі! Осы күндері алпыс жастың асқарына көтерілген Қойлекең замандасыма әрдайым тілекшімін, шығармашылық өрісі кеңіп, қазақ руханиятына қосып жүрген қабырғалы еңбектері қайырлы болғай деймін! Абыройыңыз артып, бағыңыз еселене берсін, Арқаның арда ақыны!

Қайрат ӘБІЛДА,
«Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button