Басты тақырып

Арқаның алтын БАРИТОНЫ

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, баритон үнді опера әншісі Амантай ИБРАЕВТЫҢ Қарағанды академиялық музыкалы комедия театрының басшысы болғанына – 20 жыл болса, өнердегі шығармашылық жолына 30 жыл толды.

Амантай Ибраев сахнадағы 30 жылдық ғұмырында Римде, Ашхабад пен Одессада, Краснодарда өткен опера мен оперетта, мюзикл әншілерінің халықаралық байқауларының түрлі жүлделерін жеңіп алған. Сахнада жарқ ете қалатын түр-тұлғасы келіскен, құлаққа жағымды қоңыр баритон дауысты Амантайдың орындауындағы ұлттық, әлемдік классикалық опера мен оперетталардағы ариялар Еуропаның, Ресей мен Беларусь, Украинаның талғампаз тыңдармандарын талай баурады.

Ол еліміздегі бірден-бір музыкалық комедия театрының үлкен ұжымын ұршықтай үйіріп, түрлі гастрольдер мен фестиваль, байқауларды шебер ұйымдастыра білетін, театр жанынан түрлі студия, балет мектебін ашқан іскер басшы.

Амантай Аршалы аулында туып өсті. Ол жасынан арманшыл, қиялшыл еді, мектепте оқып жүргенде-ақ әнші бала атанды. Аршалының мектебінде вокалды инструменталды ансамбльдің бас гитарасы Амантайдың қолынан түспейтін.

Қара жолдың топырағын таптап, саз балшығын илеп өскен ауылдың қара сирақ баласы жапан далада айқайлап ән салса, құрдастары тұра қалып тыңдайтын. Енесінің соңынан өріске бет алған бұзауларды бағып, асықтың қызығына кірген қара домалақтардың назарын даланы жаңғыртқан Амантайдың қуатты, бояуы қанық жуан қоңыр даусы бірден аударатын. Ол кезде даусының баритон екенін басқа түгілі Амантайдың өзі де білмейтін. Концерт, спектакль дегендерді тек телевизордан көретін.

«Мен кәдімгі қарапайым ауыл баласымын. Отбасында өнерге жақын ешкім болмады. Бірақ біздің мектепте вокалдық аспаптар ансамблі бар еді. Сонда бас гитарада ойнай жүріп, телевизордан көрсететін өнер әлеміне қызығып өстім. 1980 жылы орта мектепті бітірген соң кәсіптік-техникалық училищеге немесе Теміртаудағы музыка училищесіне түссем бе деген таңдау тұрды. Мен екіншісін қаладым» дейді балалықтың бал күндерін еске алған Амантай Темірбайұлы.

Алайда, ол музыка училищесінің бірінші курсын бітірер-бітірместен Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге алынып, Қиыр Шығыстан бір-ақ шықты.

Бақытына орай, ол Қызыл тулы Тынық мұхит флотының ән-би ансамбліне тап болды. Әскердегі осы екі жыл Амантай Ибраевтың әнші боламын деген арманына апарар алғашқы баспалдақ еді. Тынық мұхит флотының ән-би ансамблінде консерватория бітірген бірқатар түлектер мен студенттердің қатар қызмет еткені Амантайды опера әншісі боламын деген мақсат-мұратына жақындатты.

Әскерден соң, училищедегі оқуын жалғастырған жылы республикалық конкурсқа қатысқан теміртаулық баритон үнді бозбаланың табиғи дарынына белгілі ұстаз Кәукен Кенжетаев назар аударып, өз класына шақырады. Көп ұзамай училищені бітірген соң Алматы консерваториясының студенті атанды. Амантай Шахимардан Әбіловтің класында оқыды.

Ол Құрманғазы атындағы Консерваторияны бітіргенде Қазақстан Тәуелсіздігіне қол жеткізген кезең болатын. Қолына диплом алған Амантайды консерваторияның ғылыми кеңесі Италияның Озима қаласына шығармашылық тәжірибеден өтуге – қысқа мерзімді курсқа оқуға жібереді. Италия тәрізді опера Отанындағы осы бірнеше ай Амантайдың болашақ шығармашылық жолына қатты әсер етіп, опера әлемінің қыр-сырын тереңнен танып білді. Италияның опера вокалистерін шыңдайтын бельканто (ән айту шеберлігі) мектебі осылайша Амантайдың табиғи талантын ұштап берген еді.

Тоқсаныншы жылдардың басында отбасылық жағдаймен Қарағандыға келді. Еуропада тәжірибеден өткен, вокалистердің Халықаралық конкурстарының лауреаты болып үлгерген опера әншісі Амантай Ибраевтың Қарағандыда бірер жылдай жұмыссыз жүруіне де тура келді. Облыстық филармонияның мерекелік түрлі мәдени шараларында «в лесу родилась елочка» деп ән салды, музыка училищесінде сабақ та берді.

Тек 1994 жылы музыкалық комедия театрына шақырылып, опера емес, оперетта жанрымен осында танысқан Амантай Темірбайұлы өзінің кең тынысты қоңыр баритон даусымен қарағандылық тыңдарманға бірден таныла бастады. Бұл күнде Амантай ән өнерінің оперетта, музыкалық комедия жанрын ең бір әдемі, болашағы зор келісті музыка саласы деп біледі.

Арқаға Астана көшкен алғашқы жылдары К.Бәйсейітова атындағы Астана опера театрында, Алматы опера театрларына қаншама рет шақырылып, бірде «Тоска» операсында барон Скарпианың ариясын шырқаса, енді бірде Риголеттоның ариясын, «Травиатада» Жермон болып сахнаға шықты. Астана мен Қарағандының арасында түн қатып жол жүрген көп күндері болды. Қазақстанның көптеген қалалары мен елімізден тыс аймақтарда, Кремльдің Колнналар залында, Санкт Петербург сахналарында Арқаның алтын баритоны шырқаған ариялар, әлемдік классикалық Дж. Россинидің «Севиль цирюльнигі» мен «Фигароның тойы» операларында Фигаро, И.Штраустың «Цыган бароны» опереттасында Баринкай, И.Кальманның «Сильва» опереттасында Эдвин сияқты басты кейіпкерлердің күрделі партиялары, ұлттық опера жауһарлары М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында Жанбота ариялары Амантайдың орындауында тыңдарман жүрегіне жол тапқан рухани құнды шығармалар.

Театрға келгеніне небәрі 4 жыл болғанда Амантай Темірбайұлына ұжымды басқару міндеті жүктелді. Қаржы-шаруашылық саласынан мүлде хабарсыз болатын. Бірақ театрдың кадрлық әлеуетін күшейте жүріп, үйренді де маңайындағыларды да үйретті. Ол қазір әкімшілік басқару-ұйымдастыру жұмыстары мен сахнада көрерменге қызмет етуді бір-бірінен бөліп қарамайды.

Жалпы Қазақстанда үш опера және балет театры бар, олар Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры, Астана опера театры, Шымкенттегі облыстық опера және балет театры. Заңдық тұрғыда елімізде корей, ұйғыр және біздің академиялық музыкалы комедия театрымызды қосқанда үш музыкалы комедия театры жұмыс істейді. Осылардың ішінде Қарағанды академиялық музыкалы комедия театры шын мәнінде оперетта және мюзикл жанрында жұмыс істейтін бірден-бір театр. Оның ерекшелігі де, басқа өнер шаңырақтарына ұқсамайтын айырмашылығы да осында. Соңғы жылдары театр балет пен опера жанрын да игере бастады. Ал негізінде театр репертуары классикалық оперетта мен мюзикл бағытын ұстанады.

Опера мен оперетта…

Амантай академиялық музыкалы комедия театрының тізгінін қолына алған 90-шы жылдардың ортасы – Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің аяққа тұруға талпынған күрделі кезеңі, қиын жылдар еді. Геокеңістікте әлемдік өзгерістер орын алды, соған орай 1973 жылы алғаш Теміртауда құрылған музыкалы комедия театрының негізгі шығармашылық құрамы Мәскеуден, Харьковтен, Петербургтен консерватория бітіріп келген вокалистер мен солистер, хордың әншілері, оркестрдегі музыканттардың көпшілігі өз елдеріне қайтып кетті. Театрдың тоқтап қалу қаупі туды. Қалай болғанда да театрды ұстап қалудың жолдарын ойластырып, Тәттімбет атындағы өнер колледжінде воклаистер даярлайтын бөлімнің ашылуына барлық күш-жігер жұмсалды.

20 жыл бойғы басшылық қызметте Украина мен Ресейдегі, Беларустағы әріптестерімен тығыз шығармашылық қарым-қатынас, достық байланыстар орнатты. Бұл күнде Қарағанды музыкалы комедия театрының өнерімен Татарстан, Башқортстан елдерінің көрермендері жақсы таныс, Санкт-Петербург, Қазан, Алматы, Астана сахналарында оперетта мен мюзиклдарға көрермендер әрдайым қошеметпен қол соғады. Гастрольдерді ұйымдастыру іскер басшының ілкімді шараларымен ұштасып жатады.

1981 жылы Теміртаудағы музыкалы комедия театры Қарағандыға көшірілгені белгілі. Кеншілердің Мәдениет сарайына қапталдастырып салынған театрда балет залдары, өндірістік кешен, репетиция залдары болғанымен, театрға Кеншілер сарайының сахнасы жеткілікті болады деген шешім қабылданған екен. Кезінде солай болып келді де, ал заман ағымы өзгерген уақытта Кеншілер сарайының жекенің қолында кеткен уақыты мен коммуналдық шаруашылық болып құрылған кезінде сахна мәселесі осы күнге дейін үнемі қиын-түйін болып қала беруде.

«Опера мен опереттаның құрылымы мен қойылымында айырмашылық жоқ, екеуінде де оркестр, хор, балет, ариялар, дуэт, квинтет, торцеттер» дейді Амантай Темірбайұлы. «Дегенмен де операны опереттадан ерекшелендіретін бір ғана музыкалық айырмашылық бар, опера о бастан драмалық оқиғаға құрылады, кейіпкерлері бірін –бірі өлтіруі мүмкін, улауы мүмкін, сөйтіп шиыршық атқан тартыс, күрес жүріп, трагедиямен аяқталып жатады, Ал ариялардың үзілісінде музыка фонында көркем сөзбен (речитатив), оқиғаның барысы баяндалса, оперетта дегеніміз мереке, той жанрында соңы «happy end»-пен аяқталатын көңілді музыкалық қойылым. Опереттада әндердің арасында речитативтің орнына әңгіме түрінде оқиға желісі баяндалады. Ал форма жағынан алғанда опереттаны ресми түрде шағын опера деп атайды» деп тәптіштеп түсіндіреді опереттаны жанындай жақсы көретін алтын баритон кейіпкеріміз.

Амантай Ибраев опера мен оперетта жанрында әлемдік классикамен қатар ұлттық классикадан М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында Жанбота, «Абай» операсында Абайдың партиясынан бастап, үш бірдей партияны, Е.Брусиловскийдің «Дударай» операсында Думанның ариясын Алматы, Астана опера және балет театрларының сахналарында асқан шеберлікпен шырқаған баритон.

Сағат БАТЫРХАН,

Халықаралық деңгейдегі журналист.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button