Жаңалықтар

Арқаның абыз ақсақалы

Белгілі қарағандылық мемлекет және партия қайраткері, еңбек ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысқан қаһарман жауынгер, абыз ақсақал Камали Дүйсембеков ортамызда болғанда биыл 100 жасқа толар еді.

Ол естен кетпейтін Сталинград шайқасының белсенді қатысушысы, үш «даңқ» ордендерінің, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері. Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Қарағанды облысының, Қарағанды қаласының, Шет, Жаңаарқа аудандарының құрметті азаматы. Мәскеудегі Жеңіс шерулеріне бірнеше рет қатысқан есімі ТМД халқына әйгілі соғыс ардагері.

Суреттер автордан

Біздің отандасымыз Камали Дүйсембеков – Ұлы Отан соғысының майданында өзін даңққа бөлеген, содан кейінгі өмірін көптеген жылдар бойы туған өлкесін дамытуға арнап, халқының игілігі үшін еңбек еткен абзал азамат. «Мен әрқашан өзімді бақытты адам деп есептеймін, ұзақ және қызықты өмір сүрдім. Бүгін біз бейбітшілік пен тыныштық заманда өмір сүрудеміз, бұл – ең үлкен бақыт. Оны сақтап, әрі қарай дамытып, жалғастыруымыз керек», – деп әрдайым осындай сөздермен ақсақал өскелең ұрпаққа тілек айтып жүретін.

Қазақ халқының біртуар азаматы, Ұлы отан соғысы майданында саны 250 миллион адамнан тұратын мемлекетті жаудан қорғап, амандығын сақтап қалу үшін болған теңдесі жоқ шайқастарға белсенді қатысып, ауыр жарақаттанған, кейінгі өзінің өмірін Отанымыздың дамуына арнап, ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек еткен ел ағасы Камали Дүйсембековпен тағдырдың жазуымен өткен ғасырдың 80 жылдарының ортасында Жезқазған жерінде танысқан едік. Камали Жұматайұлы ол кездерде Жезқазған облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасының бастығы қызметін атқарып жүрген. Камали ағамен танысуға себепші болған Жезқазған облыстық тұтынушылар одағының бастығы Хамит Рақышев болған еді. Камали Жұматайұлы мен Хамит Қошанұлының жақын араласып, жиі кездесіп жүргендеріне куә болдым. Осы екі азаматтың достығы туралы және менің Камали абызбен кездесіп, бірге болған, сырласқан сәттеріміз жайында соңында айтып кетуге тура келіп тұр.

Ардақты Камали ағамыздың 100 жылдық мерейтойын өткізу мақсатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың ауқымды шешімдері қабылданған екен. Ол тіпті, республика деңгейінде өтіп жатыр. Ұйымдастыру іс-шаралары облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асановқа жүктеліпті. Осы облыс басшыларымен сөйлесіп, мерейтойлық мақаланы жазуға, соңынан республикалық басылымдарға жариялауға келісім алған жағдайым бар. Оны жазу жолында облыс тұрғындары, абыз ақсақалмен бірге қызмет істеп, көзін көрген еңбек ардагері Марс Төлеуқұлов, денсаулық сақтау саласының үздігі, Талғар, Жаңаарқа, Бурабай аудандарының құрметті азаматы Әбілхаким Ақмырзин ағалармен сөйлескен едім.

Әр кездерде Қарағанды облысында, қаласында басшылық қызмет істеген әріптестерім генерал-майор К.Адамбек, генерал-лейтенант С.Камалетдинов, полиция генерал-майоры М.Жаппаров, прокуратура генералы А.Секишов және басқа да азаматтармен хабарласып, Камали ағаны еске алдық. Олар бір кісідей Камали Жұматайұлының үлкен парасат иесі, кемеңгер ақылшы, ұлағатты ұстаз, ардақты ел ағасы болғанын айтып жатты.

Камали ағаның ұлы Мейрам, немересі Дархан абыз ақсақалдың айтып кеткен өсиет сөздерін, өмірдегі жасаған өнегелі істерін, есте қалған тарихи оқиғаларды, бірге қызметтес болған әріптестерінің аты-жөндерін, тағы да басқа естелік деректерді жазып алған екен.

Камали Жұматайұлы 1924 жылы Орталық Қазақстан даласында дүниеге келген, отбасында төртінші бала болған. Әкесі Жұматай Дүйсембекұлы мен анасы Іңкар Бегімқызы мектепте оқымаған, күнтізбені қалай жүргізу жолдарын білмеген, сондықтан болар, бүгінгі күнге дейін Камали Дүйсембековтің нақты туған күні белгісіз. Кейін ол «анамның айтуы бойынша, мен алғашқы қар жауған қараша-желтоқсан айларында дүниеге келдім» деп еске алады. Камали ағаның туған жері – Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ақбастау ауылының маңында орналасқан Өртен-Жал (Жанбас-бұлақ) ауылы. Ол кезде отбасы шағын бөлмеден тұратын саман, тастан салынған үйде тұрды. Мұндағы еден жер болды, сондықтан үйдің ішінде үнемі ылғал сезіліп тұрған.

1929 жылы ашаршылық кезінде Камалидің ата-анасы үлкен ағасы Сыздықпен бірге Спасскке көшіп, мұнда олар туыстардың үйлерін паналаған. Сол кездерде оның екі апасы аурудан қайтыс болады. Қарағандыда шахталар мен зауыттардың ашылып жатқанын естіп, Камалидің әкесі мен анасы жұмысқа орналасуға шешім қабылдайды. Әкесі Жұматай Федоровка ауданында орналасқан №1 кірпіш зауытында саз қазушы болып жұмысқа қабылданады. Іңкар анасы құм карьерінде жүк тиеуші болып орналасады. 1934 жылы Камали ағасы Сыздықпен бірге Қарағандының №27 мектебіне оқуға барады. Үш жылдан кейін өндірісте жарақат алып, Жұматай әкесі қайтыс болады. Жас Камали сол кезде отбасы үшін жауапкершілік алу керектігін түсініп, анасын аяп, семья мүшелеріне жәрдем беріп, мұқият көмектесуді ұйғарады.

Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін ол кірпіш зауытына жұмысқа орналасады. Сол уақытта соғыс басталады. 1942 жылдың тамыз айының басында 17 жастағы Камали өз еркімен майданға аттанады. Оны басқа әскерге шақырылғандармен бірге жүк вагонына отырғызып, бірнеше күннен кейін олар Мәскеудегі Мытищин ауданына келеді. Мұнда екі айға жуық снарядтар тиеп, кейін жауынгерлерді Сталинград шайқасына апарады.

«Біздің жертасамыз (окоптар) бен траншеяларымыз сол кездегі стратегиялық биіктікті білдіретін Мамаев қорғанының теміржол станциясына жақын болды. Қараша айында немістер оны басып алды, бұл оларға қаланың кез келген аумағында барлық әртүрлі қару-жарақтан оқ атуға мүмкіндік берді. Күндіз-түні артиллериялық зеңбіректер атыстары естіліп тұратын. Ұшақтар күні бойы Сталинградты бомбалады. Немістердің қолында бүкіл қала, соның ішінде теміржол станциясы да болды. И.Сталиннің «Біздің артымызда Еділ – бір қадам артқа шегінбейміз» деген бұйрығын алғаннан кейін, біздің әскерлер қан шайқастың соңына дейін қарсы тұрдық. Жер үнемі аяқтың астында дірілдеп тұрды, бір минут тыныштық болмады! Қаптарда мұздатылған нан мен қанттың тек бірер ғана бөлігі біздерге жеткізілді. Соларды жібітіп жегенбіз. Бірнеше күн бойы тамақтанбаған кездер де болған», – деп ардагер немересі Дархан Мейрамұлына соғысты еске алып, айтып кеткен екен.

Кейін ол Қырымды азат ету үшін болған шайқастарға қатысты. 1943 жылы Херсонды алғаннан кейін Камали Жұматайұлына өзінің алғашқы «Даңқ» ордені берілді. Өжет солдат жеңісті жақындата берді, 1944 жылы олар Қырымға соғысуға бет алады. Содан кейін Евпатория мен Симферопольді басып алған фашистерге қарсы шабуыл жасаған. Осы операциялардағы айрықша көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін К.Дүйсембеков екінші «Даңқ» және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Оның әскери бөліміне Сталиннің жарлығымен №24 гвардиялық евпаториялық атқыштар дивизиясы атағы берілді. Севастопольге жақындап, Сапун тауына шабуыл жасаған кездерде, 1944 жылы 6 мамырда сержант К.Дүйсембеков ауыр жарақат алып, Мелитополь госпиталіне жеткізіледі. Хирург «Қолын кесу керек деп шешім қабылдап, бірақ соңынан ойланып, қолымды сақтаудың жолын ойлап тапты. Не керек ота жасалып, менің бір қолым екінші қолымнан жеті сантиметрге қысқартылды. Бірақ, мен хирургке өз ризашылығымды білдіріп, алғысымды айттым», – деп отыратын Камали ақсақал.

Госпитальда емделгеннен кейін оған екінші топтағы мүгедек тобы берілді. 1944 жылдың қыркүйегінде ол Қарағандыға оралады. Мұнда соңғы жылдары ол III дәрежелі «Даңқ» және І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталады. Соңында Камали Дүйсембеков жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық иегерлері қатарларына кіреді. Бұл оның соғыста қаһарман жауынгер болғанын айқын көрсетеді.

Соғыстан кейін ардагер туған жерде кірпіш зауытында директордың орынбасары болып жұмыс істеді.

1947 жылы «Мойынты-Шу» теміржол құрылысы желісі бүкіл халықтық құрылыс болып жарияланды. Камали Жұматайұлы осы құрылысқа саяси қызметкер ретінде жіберілді. Онда жұмысты белсенді атқарып, ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және «БЖМ-ның үздік құрылысшысы» белгісімен марапатталды.

1950 жылы К.Дүйсембеков Ворошилов аудандық партия комитетінің насихат бөлімі бастығы қызметіне жіберіледі.

1951 жылы орта білімі жоқ Камали Жұматайұлы республиканың Коммунистік орталық партия комитетінің партия мектебіне екі жылдық оқуға түседі.

Аталған оқуды бітірген соң 1953 жылдың қыркүйегінде Камали Жұматайұлы Жаңаарқа аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне тағайындалады.

Камали Жұматайұлының естеліктерінен: «1954 жылы Қазақстанның тың жерлерін игеру басталды. Осы уақытта мені Жаңаарқа аудандық партия комитетінің хатшысы етіп тағайындады (машина-трактор станциясы аймағы бойынша). МТС жанында партия комитетінің босатылған хатшысы және 12 нұсқаушы болды. Яғни, әрбір колхоз үшін – аудандық партия комитетінің бір нұсқаушысы болды. Бірінші жылы біз 800 гектар егістік жерлерді игердік. Жұмыс бұқаларын пайдаланып, қолмен қазылып, ауыр жағдайда жүргізілді. Содан кейін шынжыр табанды тракторлар келе бастады. 1956 жылы бүкіл аудан үшін біз дәнекерлеу аппаратын алдық. Механизаторлар шұғыл қажет болды. Оларды кадрлар бөлімдері мен әскери комиссариаттар арқылы іздедік. Машина-трактор станциясында бір айлық курстар ұйымдастырылды. Содан кейін тағы үш дәнекерлеу аппараттарын алдық.

1959 жылдың қараша айының соңында Жаңаарқа аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайландым. Мұндай қызметке кіріскеннен кейін мен жауапкершіліктің одан әрі ауырлағанын терең сезіндім», – деп ардагер айтып өткен екен.

1964 жылы желтоқсанда Камали Дүйсембеков Шет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Қысқа уақыт ішінде аудан көлемінде тасжолдар салынып, электр беру желісі әрі дамып, сегіз жаңа совхоз құрылады. Мал азығы базасын нығайту мәселелері сәтімен орындалады. Басқа да ауқымды жұмыстардың дұрыс жолдармен шешіліп, іске асып жатқандарына аудан халқы ризашылықтарын білдірген.

1980 жылдың қазан айында денсаулық жағдайы бойынша Камали Жұматайұлы жаңадан құрылған Жезқазған облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасының бастығы болып тағайындалды. Содан кейін алты жылдан соң лайықты зейнетке шықты.

2015-2022 жылдары ҚР ҰҚК Қарағанды облысы департаментінің бастығы, ҰҚК құрметті қызметкері және ардагері, Астана мәслихатының депутаты генерал-майор Кендебай Адамбек Камали Жұматайұлын жас кезінен біледі екен.

«Елім деген ерің болмай, ерім деген ел қайдан табылсын?!» дегендей, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен есімі тарихта қалған Камали ағатайды халқы еске алуда.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың пәрменімен арнаулы жоспар дайындалып, 18 қарашадан іске асырылуда.

Қалада 5 билборд және 1 ауқымды фотосы арнаулы тұғырға орнатылды. Негізгі шаралар Мәдениет үйлерінде «Ердің ісі – ел үшін» айдарымен өтуде. Әскери бөлімдер мен мектептерде, колледждерде, аулалық клубтарда да батырлық сабақтарын ұйымдастырылған. Жоғары оқу орындарында Камали ағаның өмірінен дәрістер өтуде. Кітапханалар да шаралар өткізді. Баспасөзде мақалалар шығып, теледидардан хабарлар да баршылық.

Өзім Камали ақсақалды ертеден білетінмін. 2015 жылы елге қызметім ауысып келгелі, тығыз араластым. Соғыс ардагері Мұқамбедия атамның қолында тәрбиеленгендіктен, Кәмекеңмен ағаның үйі ақ жайлау болып қайта табыстық.

Камали абыздың қасында әрдайым өзін сыйлайтын азаматтар шоғырланды.

Батыр туралы бір сөзбен мінездеме берсем, ағамыз жаққан отына мың кісіні жылытатын ерекше қасиеті бар арқалы ағамыз еді.

«Данқты азамат Камали Дүйсембековпен мен 16 жыл қызметтес болып, бірге еңбек еттім.

Кәмекең 1965 жылы Шет ауданының бірінші хатшысы болып бізге келді. Аудан тарап, үйлері құлап, талан-таражға түскен кез еді. Келе білегін сыбанып, жұмысқа кірісті де, екі жылда жаңартылған Шет ауданын тұрғызды.

Жаңадан ғимараттар тұрғызып, су тартқызып, электр желісіне қосты. Жол салдырып, елдің әл-ауқатын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсады. Ол кісінің жұмыс принципі күнде таңертең тиісті тапсырмаларды береді де шаруашылықтарды аралап, түннің бір уақытында келеді. Аудан экономикасының өсуіне, мал, егін шаруашылығының дамуына аянбай еңбек етті.

Кадр мәселесіне ешкімді араластырмай өзі шешетін. Жұмыста жауапкершілікті жоғары сатыға қойды. Соның нәтижесінде Шет ауданы 3-4 жылда облыстың алдыңғы қатарлы аудандарының біріне айналды.

Дархан жүректі, алып тұлғалы, мәуелі бәйтеректей жел өтіне мызғымай, халқына қорған болып өмір сүрген асыл ағаның айтып бітпес абзал қасиеттері жайында денсаулық сақтау саласының үздігі, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, Талғар, Бурабай, Жаңаарқа аудандарының Құрметті азаматы, тағылымды тұлға Әбілхакім Ақмырзин былайша толғанады:

«Алматы қаласынан Президенттік Іс басқармасының медициналық орталығына қарасты «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру санаторийінің бас дәрігерлігіне ауысып келіп, осы аса жауапты, мәртебелі қызметті бар ынта-шынтамен атқарып жатқан жұлдызды жылдар. Бірде прокуратура саласының ардагері, жерлес, сыйлас аға Қазкен Мүсілімұлы хабарласа қалды:

– Кәкім, біз осында Камали Дүйсембеков ағаң екеуіміз келіп дем алып жатырмыз. Содан саған, қызметіңе құтты болсын айтып шығайық деп едік…

Сөзге келмей, ол кісілерді бірден тауып алып, сәлем беріп, хал-қадірімше қонақ қылдым. Қазақы келісті дастарқан басында туған ел, таңбалы оқиғалар, тағдырлы тұлғалар, елдік мұраттар тұрғысында жан-жақты әңгіме өрбіді. Мені Камали ағаның өмірдің қайнаған ортасында өсіп-өнген тұлға ретіндегі биік парасат-пайымы, тартымды ой-толғамдары қайран қалдырды.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Сұлтан Каламетдинов қаһарман ақсақалмен жақын таныс болған екен.

Камали Жұматайұлымен мен 2013 жылғы мамырда «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы болған кезде таныстым.

Сол алғашқы кездесуден кейін осы атақты тұлғамен жиі кездесіп жүрдім. Ол кісіні туған күнімен қатар Ұлы Отан соғысының айтулы күндерімен де құттықтап жүрдім. Оның Сталинградтан бастап Қырымға дейінгі жауынгерлік сара жолын зерделедім. Абыз ақсақалдың айтқан әңгімелері әлі менің есімде.

Әсіресе, оның Қырым үшін соғыстағы қолынан жараланғаны, әскери дәрігерге қолын аман алып қалу туралы сұрағаны, жауын кезінде су ағып кететін анасының үйіндегі шатырды жөндеу қажет екені туралы айтқан әңгімесі ерекше есте қалды. Сол кезде ол небәрі 19 жаста. Қаһарман жауынгер әскер қолбасшысының басқармасына және әскери бөлімдерге жиі келіп, жеке құраммен кездесіп тұрды.

Камали ағаның өмірі – ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгі-өнегесі.

Қазақстан Прокуратурасының құрметті қызметкері, үшінші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Асқар Секішев: «Камали Жұматайұлы туралы айтсақ, абырой болу керек!

Егер оның өмірбаянын қарайтын болсақ, бұл – жас ұрпақ үшін белгілі бір дәуір.

Ар-намыс, құрмет, Отанға, бастауларға деген жанқиярлық қарым-қатынас, өз халқына деген сүйіспеншілік Камали Жұматайұлының қымбатты өмірімен көрсеткен өнегесі», – дейді.

«Әкем Қазақстан халқы Ассамблеясының ашылуынан бастап, өмірінің, соңғы күндеріне дейін оның жұмыстарына белсенді қатысып, республикада ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға өзінің ерекше үлестерін қосты. Камали Жұматайұлы республикамыздағы маңызды, тарихи оқиғалардың арасында болып, беделді мүшесі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI және басқа да сессияларына қатысқан. «Мен күн сайын Тәуелсіз елдің бейбіт аспанында өткізгенімді өмірімнің алтын ғасыры деп санаймын», – деп сөйлегенді ұнататын. Ең қиын жағдайда жақсы адами қасиеттерді сақтай отырып, абырой-биігінен түспеді. Бұған дәлел ретінде Камали Жұматайұлының асыл бейнесі көптеген адамдардың жадында қалатынын білемін. Біз әкеміздің осындай ерекше жарқын бейнесін жадымызда сақтаймыз», – дейді Гүлжахан Камалиқызы.

Ел азаматтарының айтуларынша, Камали Жұматайұлы өз өмірінде бірінші кезекте жергілікті адамдар туралы үнемі ойлап, азаматтардың тұрмыстық, әлеуметтік мәселелеріне зор көңіл бөліп өткен. Қызмет бабында Камали Жұматайұлының қабылдаған шешімдерінің әділеттілігін және дұрыстығын қызметкерлер, әріптестері әркез айтып жүреді. Көмек, кеңес сұрап келетін жандарды ылғи жылы лебізбен қабылдаған. Әрқашан бірқалыпты жүріп, ел арасынан табылған.

1985, 2010 және 2015 жылдары Камали Жұматайұлы Мәскеудегі мерейтойлық Жеңіс шерулеріне қатысқан соғыс ардагері. Ал, 2010 жылдың сәуірінде Казақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Камали Дүйсембеков қазақстандық делегациясы құрамында Италияда болып, онда фашистік әскерлердің шабуылынан құтылған елдер азаттығына арналған 65 жылдық мерекелік кездесулерге қатысқанын ардагерлер айтып жүр.

Камали Жұматайұлы мен Хамит Қошанұлы өте жақын дос, бір-бірін сыйлап өткен жандар. Бірге қызмет істеп, ете жақын араласып, соңында достықтары, тіпті, туыстыққа жалғасып кеткен еді. Кейін Хамит аға Алматыға қызметке ауысты, Камали ақсақал зейнетке шығып Қарағандыға қоныстанды. Хамит Қошанұлының отбасында болған қуанышты кездерде Камали ақсақал ылғи төрден табылатын. Екеуінің әңгімелері орынды, қалжыңдары жарасып тұратын. Хамит досы Кәмекеңді «Черный блондин» деп атап кеткен, оған Камали көкесі ыржиып күліп, дұрыс қабылдайтын.

Алып бәйтерек ағамызды Жезқазған облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары К.Лосев, Н.Давыдов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ.Жұмабеков, Жезқазған қаласы партия комитетінің бірінші хатшылары О.Асылбеков, М.Көпей, облыстық басқарма басшылары сыйлаған, жергілікті халық зор құрметтеген.

Камали Дүйсембековтің 100 жылдық мерейтойына үлкен қарқынмен дайындық жүрді. Дүйсембековтер әулеті Мейрам Камалиұлы бастап, ел ағалары Мейрамбек Қадырбеков, Сағадат Дүйсебеков және тағы басқа да абыздың әріптестері, жергілікті азаматтар оған өз үлестерін қосқанын естіп жатырмыз.

Ол демобилизациядан кейін үйленген өмірлік жұбайы Марфуға апаймен бірге он баланы өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Көптеген немере мен шөбере сүйіп, олардың бәріне қамқорлық жасады.

Камали Жұматайұлы 2018 жылдың 1 ақпанында өмірден озды.

Абыз аға жөнінде бірнеше кітап, мақала, эсселер жазылды. Камали Жұматайұлының қалдырған ісі мен ізі – мәңгілік. Ол өлмейді. Ұрпағы, Сарыарқа жұрты, бүкіл біздің халқымыз әрқашан есінде сақтайды. Қазір қаланың ескі және жаңа бөлігін жалғайтын Қарағандының маңызды көшелерінің бірі ардагердің есімімен аталады. Бұл өте маңызды, себебі осы жылдар бойы Камали Дүйсембековтің мұрасы адамдарға қызмет етуді жалғастыруда.

Әділ ШАЯХМЕТОВ,
генерал-лейтенант,
мемлекет және қоғам  қайраткері,
Қаражал қаласының, Шет ауданының Құрметті азаматы

Алматы қаласы
27 қараша, 2024 жыл

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button