АймақҚарағанды

Арқаның ақ пейілі жолға шықты

Республиканың бірқатар аймақтары су тасқыны құрсауында қалып жатқанда Қарағанды облысының жұрты қарап қалмады. 12 сәуір күні Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жариялаған «Жүректенжүрекке» республикалық акциясы аясында қалалық Достық үйі ғимаратында орналасқан көмек жинау пунктінен су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындарына екі жүк көлігімен көмек жөнелтілді.

Суреттерді түсірген автор

Шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысып, ұйымдастырушылар мен еріктілерге алғыс айтып, жолаушыларға ақ жол тіледі.

 – Бүгін Қарағанды облысының тұрғындары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері атынан су тасқынынан зардап шеккен батыстағы ағайынға оның ішінде, Қостанай облысына гуманитарлық көмек жіберіп жатырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде арнайы өңірлік штаб құрылып, этно-мәдени бірлестіктердің, кәсіпкерлердің, тұрғындардың арқасында көмек жиналды. Қазір екі жүк көлігімен 40 тоннаға жуық азықтүлік және су тасқынына қажетті құрал-жабдықтар жіберілуде. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Барша осы игі іске мұрындық болып, басы-қасында жүрген азаматтарға, қарағандылықтарға алғысымды білдіремін. Азаматтың азаматтығы осындай қиын-қыстау күндерде сындарлы сәттерде білінетіні сөзсіз. Сондықтан, бірге болайық! Еліміз осындай уақытша қиындықтардан жылдам шығып, оңалып кетуіне тілектеспін, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Жүктің жалпы көлемі –  40 тонна. Жолға шыққан 40 тонна гуманитарлық көмек керуенінде қажеттіліктің бәрі қамтылды. Жүк көліктері халықтан жиналған азық-түлік, киім-кешек, санитарлық-гигиеналық бұйымдармен, төсенетін жабдықтармен, генераторлар, күректер, шамдар, жатын шатырлар және т.б. заттармен жолға шықты.

Сонымен қатар, керуенді «Victory Trans» ЖШС көлік компаниясы жүк көліктерімен қамтамасыз етіп, жүктерді тасымалдау бойынша шығындарды толығымен өз мойнына алған.

Гуманитарлық көмекті жинауға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіпкерлер, еріктілер, жастар, блогерлер, өңір тұрғындары белсене қатысып, жәрдемдескен.    

– Қостанай облысына Қарағанды тұрғындары атынан екі жүк көлік көмек жіберіліп жатыр. Су тасқынынан зардап шеккен Қостанай тұрғындарына жүрегімізбен, жанымызбен бірге екенімізді білдіріп, жолға шыққалы тұрмыз, – деді Қазақстан халық Ассамблеясының мүшесі Думан Малаев.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button