Арқадан – Науаиге дейін
Арқадан басталған автокеруен Науаи қаласына дейін сапарламақ. Ұлы би, қоғам қайраткері және елші Қаздауысты Қазыбек би КЕЛДІБЕКҰЛЫНЫҢ 350 жылдық мерейтойына арналған «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» атты Халықаралық автокеруеннің бағыты айқындалды. Бұл жөнінде ұйымдастырушылар аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Баспасөз мәслихатына арнайы қатысқан Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбай, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, меценат Бекзат Алтынбеков, «Шұбаркөл көмір» АО президенті Кемаль Усманов, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы секретариатының басшысы Ерлан Құсайын автокеруен бағытындағы елді мекендерде өтетін іс-шаралардың идеологиялық мәнін түсіндіріп өтті.
Айта кетейік, автокеруеннің мақсаты – Қаздауысты Қазыбек бидің рухына тағзым ету, сапар кезінде қала және елді мекендерде мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, бидің өмірі мен мемлекеттік саяси қызметін халық арасында кеңінен насихаттау. Автокеруеннің жол жүру бағыты белгілі болды. Қарқаралы қаласынан басталған сапар, Егіндібұлақ ауылы – Қарқаралы қаласы – Ботақара кенті – Қарағанды қаласы – Атасу кенті– Жезқазған қаласы – Сәтбаев қаласы – Ұлытау ауданы – Қызылорда қаласы – Арыстан Баб кесенесі – Түркістан қаласы–Ташкент қаласы– Науаи қаласы– Шымкент қаласы – Тараз қаласы – Балқаш қаласы – Ақтоғай ауданы – Ақсу-Аюлы кенті – Қарағанды қаласында аяқталады. Автокеруенге 28 адам кіріп отыр. Оның құрамында танымал өнер және қоғам қайраткерлері, Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы, тарихшылар, жас ақындар, журналистер, дәстүрлі әншілер, күйшілер бар. Автокеруенге 44 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков мұқтаж жандарға қолдау көрсететіндігінде атап өтті. Ол бүгіннің өзінде Ақтоғай ауданынан хабарласқан Ербол есімді азаматқа 800 мың теңге көлемінде ақшалай көмек жасайтындығын тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен жастар саясаты саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатын болады.
Нұрдос КӘРІМ