«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!»
Ауыл десе, сарқыраған бұлағы, саумал ауасы, бұрқыраған жусаны мен дархан даласы ерiксiз ойға оралады. Бiрақ, осындай теңеулерге лайық ауылымыз бiр жылдары жадау тартып, ел жаппай ата қонысынан қалаға үдере көшті. Тоқырауға төтеп бере алмаған тұрғындар көшкенде үйлері қаңырап бос қалды. Осы көшті тоқтату әлі де мүмкін болмай отыр. Әсіресе, жастардың қалаға жөңкілуі жұмыссыздық белең алуынан туындаған мәселе екендігі сөзсіз.
Дерек
Жастар жылының ашылуына байланысты өткен шарада Елбасы бұл салаға серпін беретін оң жаңа- лықтармен қуантты. Статистикаға сүйенсек, әлем бойынша 18-30 жас аралығындағы тепсе темір үзетін жастардың 300 миллионының не тұрақты жұмысы жоқ, не мүлдем жұмыссыз. Алыстан мысал іздемей-ақ, өз елімізден де мұндай нақты дерек- терді көптеп келтіруге болады. Жалпы, облыс халқының саны шамамен 1,4 млн. адамды құрайды. Оның ішінде, 291 436 жастар. Облыс бойынша жұмыссыздар саны 30,8 мың адам. Ал, дәл қазір жұмыссыз жүрген 7 мың жас бар екен. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың көбі – ауыл жастары. Қарқаралы ауданының өзінде 8 403 жас бар. Жастардың 75 пайызы ауылда тұрады. Жұмыс істемейтін, оқымайтын 287 жас сабылып жүр. Ақтоғай ауданында бүгінде жұмысы жоқ 61 адам. Осылай тізбелей берсек аудан- дардан бірнеше жастың жұмыспен қамтылмағандығын байқаймыз. Бұл жастардың көбі маусымдық жұмыспен шектелетіндігі белгілі. Өйткені, жаз айларында қыстың қамын жасап, отын, шөп түсіруге жалданады. Одан кейін баяғы жұмысы жоқтықтың күйін кешеді.
Қалаға жастар неге кетеді?
Ауылдағы екі сиырдың бетіне қарамай, қалаға бет түзейді. Қалада қайбір қалтасын қампайтатын жұмыс күтіп тұр дейсіз?! Танымайтын шаһарға келіп, өлместің қамын жасайды. Қаладағы жалдамалы пәтердің, несібеңді ортайтқан несиенің қамытын киеді. Міне, ауыл жастары тағдырының таспасы осылай өрілуде.
Ауылда жұмыссыз, мақсатсыз көшеде топ-топ болып уақытын құр өткізіп жүрген жастарды көресің. «Не істеп жүрсіңдер?» деген сұраққа, олардың барлығы бірдей: «Ауылда жұмыс жоқ қой. Басқа жаққа баруға зауқымыз жоқ. Туған өлкені қимаймыз. Оның үстіне, қолымыздағы ата-анамызды кімге қалдырамыз?!. Олар біздің бетімізге қарап отыр емес пе?» деген уәж айтады. Бірақ, олар қарттардың зейнетақысы мен жас балаларына мемлекет ай сайын беріп жатқан жәрдемақыны нәпақа етіп, күнелтіп жатқандары анық.
Айта кетсек, бүгінгі таңда өз ісін ашқысы келетін 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге арналған үкіметтік бағдарламалар бар. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» сынды кәсіпкерлікпен айналысуға серпін берер бағдарламалар… Десек те, кәсіпкердің жұмысты бастауына кедергі көп.
Жастарды ауылға тарту жолдары қандай?
Жас кәсіпкерге білім беру, инфрақұрылым, заңдық оның ішінде кедендік, салықтық жеңілдіктер қайта қаралғаны абзал. Осы үш салада қолдау қажет. Ойымды ашып айтатын болсам – үкімет жастарға ақшаны, капиталды қалай басқару мен реттеуді үйретуге көңіл бөлмей, ақшаны қалай табуға болатын жолдарын үйретуге назар аударғаны қажет. Жас кәсіпкерлер 3 жыл өтпей аяққа нақты тұра алмайды. Сол бастапқы үш жылда жеңілдіктер қарастырылғаны абзал. Статистикаға сүйенетін болсақ, жұмысын енді бастаған бес кәсіпкердің біреуі ғана жұмысын өрлетіп, кәсібін дамытып кете алады. Қалғаны бәсекелестікке шыдамай, болмаса кәсіпкерлік қабілеті жетіспей тоқырайды. Жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу – басты қажеттілік.
Жастарды ауылға тарту жолдары қандай?
Қалада оқып, білім алған, қаланың жайлы өміріне үйреніп қалған жастардың бетін ауылға бұру үшін тиісті шараларды қолға алу маңызды мәселе. Бұл – бір біздегі ғана емес, бүкіләлемдік мәселе. Ол үшін жастардың бірінші тұрмыстық мәселесін шешуге көмектесу. Екінші әлеуметтік мәселе – жастар тұрмыс құрып, балалы болса бала-шағасын бақшаға, мектепке орналастыру. Үшінші – ауыл шаруашылығы саласында бизнеспен айналысу мүмкіншіліктері – шаруашылыққа жер беру, өсімдіктер мен асыл тұқымды мал өсіруге жағдай. Әрине, бұл – тек қана жастарға қатысты мәселе емес, барлық ауылда тұрып жатқан халыққа қатысты жағдай. Нақты айтқанда, шетелде қара жұмыс істеген немесе қалада үйсіз-жайсыз күн көргеннен гөрі ауылда өмір сүріп, бизнес жасау тиімді екенін түсінген жастар ауылға қайта ораларына сенім зор. Ол үшін үкімет жағдай жасайтын шаралар қолдануы қажет.
– Мен билік тарапында жүрген жастардың мына саясатын қолдаймын. Олар: «Мемлекет саған не берді емес, мемлекетке сен не бердің» деп ойлаңдар дейді. Бұл – шынымен де, ұтымды саясат. Бүгінде жастарда масылдық қасиет басым. Мемлекетке қарап аузымызды ашқанды әдетке айналдырып алдық. Әркім өз жолын тауып, шағын кәсібін жүргізгені абзал. Десе де, үкімет өз тарапынан қол ұшын беріп отыруы керек. Бүгінде қолына дипломын алған түлек туған ауылына барудан гөрі оқу орнын тәмамдаған қалада қалғысы келеді. Мұндай үрдіс, әсіресе 2000 жылдары жастар арасында қатты белең алғаны белгілі. Осының салдарынан, ауылда негізінен қариялар мен бала-шаға қалып, жастар күрт азайып кетті. Маман тапшылығы қатты сезіле бастады. Бір ғана патриоттық сезіммен сен бүкіл ауылдың мәселесін шеше алмайсың. Шын мәнінде жастарға керегі тек қаржылай қолдау ма, әлде басқа да қажеттіліктері бар ма? Осы жағын зерттеу керек сияқты, – дейді ауыл жасы Дәулет Бегендікұлы.
Түйін
Расымен де, ауылда жастардың шаруасын дөңгелетіп, берекелі ғұмыр кешуі үшін көпшіліктің көзіне көріне бермейтін мәселелерді шешу басты міндет. Қазір ауыл азаматтарының дені бюджеттік мекемелерде қызмет етеді. Ал, қалғандары мал шаруашылығымен айналысады. Жастардың ауылдан кетуінің басты себебі – бізде нарық қалыптаспаған. Сонымен қатар, жастар ауылда қалған күннің өзінде олардың біліміне, дарынына ешбір талап қойылмайды. Қалай болса да, бағаланбай жүрген жас дарын ауылдан көшіп кетеді. Бұл үрдісті тоқтату үшін, біз нарық қалыптастыруымыз қажет. Осы нарық бәрін бірдей ұстап қалмаса да, кейбір жастардың қызығушылығын оятады деген сенімдемін.
Нұрдос КӘРІМ.