Қарқабат Ана
Рулы елге ұран болған ұлы есім
Бұдан бір ғасыр бұрын Алаш көсемдері «Оян, қазақ!» деп ұран тастаcа, Елбасының осыған үндес Рухани жаңғыруға шақыруы да халықтың көкейіндегісі: ел басына түскен қилы кезеңдерде үзіліп қалған алтын арқау, ұлттық асыл құндылықтарымызға қайта оралтуға, бүкіл көзқарасымызды өзгертуге үндеп отыр. Осыған орай, облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ басшылығымен Қарағанды облысында да өшкенімізді жандырып, өткенімізді еске салар небір игі істер қолға алынып жатқанының куәсі болдық.
Менің өзім туып өскен Шет-Бұғылы өңірінен шыққан Сазанбай батыр Жетесұлы (шамамен 1728-1779 ж.ж.) және оқиғасы осы өңірде болған «Сұрша қыз» әнінің шығу тарихы туралы жазған «Дала дастаны» атты тарихи-деректі кітабымда (2016 жыл) тарих қағаберісінде қалып бара жатқан Қарқабат Ана туралы тұңғыш рет тың деректер келтіріп, жаңаша мәселе көтерілуі – көзіқарақты жұртшылықты бейжай қалдырмағаны анық. Жер-жерден көптеген оқырмандар телефон соғып, хабарласуының жиілеуі соның айғағы.
Иә, қазақта небір қиын-қыстау кезеңдерде ақыл-парасатымен ұлтты ұйытып, бүкіл бір ру өнеге-үлгі тұтқан абзал аналар аз болмағаны тарихтан мәлім. Қолымызда жинақталған, аталған кітапта келтірілген тарихи деректер мен жыр-шежірелерге сүйенсек, Қарқабат Ана есімі Ұлы жүз руларының қалыптасуына ұйытқы болған ұлы Домалақ Анамен ғана салыстыруға болатын тұлға деуге әбден негіз бар екеніне көз жеткіземіз. Соған бірер мысал…
Ән мен жырдың дүлдүлі Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897 ж.ж) ақын Сарамен айтысқанда: «Қарқабат, Қарақожа – ата-бабам, Осындай ерегісте қолдай-тұғын!..» демей ме?! Қарқабат Ананы бүкіл Арғынның атасы саналатын Қарақожамен қатар атауы тегін бе?!
Ал, Қарақожа туралы Алаштың білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Арғын атасы Қарақожа – Ташкенттің ар жағында. «Мейрам көлі» атанған жер» деп жазған (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары, 8-том. Павлодар, «Эко» ҒӨФ, 2006. 261-б.).
Қарқабат Анамыз туралы бұдан 100 жыл бұрын қазақтың біртуар азаматы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «Қарқаралы уезі» кітабының 32-33-беттерінде сол кездегі Қарқаралы өңірінің белгілі ақсақалы, шежірешісі Мақат Ақайұлының Қаракесек және Қарқабат Ана туралы өзіне айтқан шежіре-аңызды келтіреді. «Қарқаралы, Ақмола, Павлодар және Атбасар уездерінің көптеген руларының 14 буыны тараған Мейрам өз елінен алыс шалғайда тұратын елдің қызына құда түседі. Осы күнге дейін жеткен салт-дәстүр бойынша қалыңдықты күйеу жігіттің ауылына анасы шығарып салуы керек. Жолдың алыстығына байланысты Мейрамның енесі апарудан бас тартып, оның болашақ жарын, Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендіктің және болашақ анасын (Нұрфаяны), Қарқабат пен Қамбарды ертіп, оның жеңгесі Шұбыртпалы (Күнбибі) апарады.
Мейрам үйленген кездегі ел арасындағы болып жатқан бүліктерге байланысты әйелімен еріп келген жолсеріктер елдеріне қайта алмай, әйелінің жанында қалады. Кейін Мейрам бірінші әйелінің жеңгесі Шұбыртпалы мен күңі Қарқабатты әйелдікке алады. Соңғысынан әйгілі Қаракесек лақап атымен белгілі Болатқожа туады…
Бір күні үлкен ағалары Қуандық, Сүйіндік және басқалары кіші бауырларына шабуылдайды. Болатқожа, Шұбыртпалы (Темірқожа) мен Қамбар (Балқожа) қорғанды паналап, кесекпен қорғанады. Бұл оқиғадан кейін олар Үш Қаракесек атанып кетеді. Дегенмен, кейін Қаракесек атауын кең таралған ұрпақ ретінде Болатқожа иеленіп қалады…», – деп шежіре суыртпақтайды Алаш ардақтысы. (Мәтіннің толық нұсқасы «Дала дастаны» кітабында жарияланған. Б.Ж.)
Ал, «Қазақ энциклопедиясы» осы айтылған деректерді толықтыра және түгелдей дерлік растай түседі (ҚСЭ,7-том, 11-б.).
Мейрамсопыдан тарайтын бес ұл: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа) «Бес Мейрам» деп аталады. Қарқабат Ана өзінен туған Болатқожамен бірге Мейрамның бірінші әйелі Нұрқиямен елінен ере келген жеңгесінен туған Қамбар мен Шұбыртпалыны («Үш Қаракесек» атанған), Жалықпасты («Төрт Қаракесекті») өз қамқорлығына алып, қоса тәрбиелеп өсіреді. Олардың бәйбіше балаларымен тату болуына, іргелері сөгілмеуіне ғұмыр бойы күш салғаны ел ішінде аңыз болып айтылады. Оның бәрін бұл шағын мақалада айтып жеткізу мүмкін емес, әрине. Тек, қосарымыз, Қарқабат Ана тәрбиелеген бұл төрт атаның тұқымы қазіргі күнде қаулап өсіп, қалың Қаракесек атанып, Сарыарқа бойын ен жайлап, іргелі елге айналып отыр.
Қазақтың «ормандай қалың» Орта жүзі ішіндегі Арғыннан тарайтын қабырғалы ру Қаракесек атауының шығуы туралы тарихи баяндар, аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер көп. Өлеңмен жазылған сондай екі көлемді жыр-шежіре қолымызда тұр. Бұларда Қарқабат Анамыздың өмірбаяндық деректері, аналық, даналық бейнесі анық көрініс тапқан.
«…Кең далада бірліктің отын көсеп,
Іргелі ел болыпты Қаракесек,
Соларды ер жеткізген Қарқабатты,
Бақ дарыған киелі ана десед.
Қазаққа тұрақ болған Арқа жері,
Ен жайлап өсіп-өнген қалың елі.
Қасиетті Шадияр Әли екен,
Қарқабат анамыздың арғы тегі..», – деп келеді ұзақ жыр.
Иә, Қарқабат Анамыз Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстанбабтың ұрпағы деген сөз бар екені рас… Мұны осы Шет өңірінде ғұмыр кешкен абызкеуде жырау әрі діндар Шортанбай жырау жыры да дәлелдей түседі.
«…Сыр қызын Мейрамсопы алған екен,
Жеңгесі ертіп келіп салған екен.
Жау шауып, екі арада ел бүлініп,
Қайта алмай осы Арқада қалған екен.
Емшекте жеңгесінің бар баласы,
Үш адам келген еді айналасы.
Біреуі Арыстанбаб тұқымынан,
Бірге өскен бай қызының жан жолдасы», – дейді жырау.
Қарқабат Ана туралы да аңыз көп. Солардың бірі мынадай. Қарқабат ер адамға бергісіз аса қайратты, өте ажарлы, ақылына көркі сай әйел болуымен бірге, отбасына ерекше мейірімді жан екен. Әсіресе, күйеуін ерекше құрметтеген. Мейрамсопының етіне суық су, табанына сыз тигізбеген. Тезек теріп жүріп, түбіттей жылы, жібектей жұмсақ даланың көде шөбін шүберекке орап, күйеуінің кебісіне салып қояды екен. Дәрет алатын құманын түнде қойынына алып жатады. Осыны байқай жүріп, әбден риза болған Мейрам: «Өркенің өссін!», – деп бата береді екен.
«Алғыс арты ақмай, қарғыс арты қара қан» демей ме?! «Қарқабаттың арты жақсы болып, өркені өскені, рулы елге есімі ұран болып, әруақ дарығаны осыдан» дейді екен кешегі көнекөз ақылмандар.
Мейрамның бәйбішесі де құт дарыған қасиетті кісі екен. Қаракесек аталған балаларына: «Көрпең кең болсын, тұқымың қалың ел болсын!», – деп бата беріпті. Сол бата дарыған болса керек, қалың қазақ елінің шаңырағын көтеріскен, іргесін бекіскен қабырғалы ру Қаракесек те қанатын кеңге жайып, бүгінге жетті.
Зерттеп қарағанымызда, Қарқабат Ана туралы оннан астам дереккөз кітаптарда едәуір тұшымды мағлұматтар кездестірдік. Соның ішінде, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, «Қазақ энциклопедиясын», С.Негимовтің, Ә.Сараевтың ғылыми-зерттеу шығармаларын, Софы Сматаевтың «МейрамсопыҚарқабат» дастаны және тағы басқаларын атауға болады.
Ауылда асық ойнап жүрген кезімізде үлкендерден «Аналардың анасы – Қарқабат Ана» деген сөзді жиірек еститін едік. Оның себебі, ел басына күн туған қилы кезеңдерде ақылымен де, қайратымен де ауылды, ағайынды, қала берді, тұтас руды аузына қаратқан, ағайын іргесі сөгілмеуін, татулығын ойлаған Ана-аруларды өнеге етіп отыратын. Мен «Сұршақыз» әнінің шығу тарихын, «Арап-Күнбөпе» оқиғасын зерттей жүргенде ойыма сол Қарқабат Ана бейнесі жиі орала берді. Сұршақызды (шын аты – Күнбөпе) осы арғы Ұлы Анасымен ойша салыстырумен болдым. Аталған кітапта (193-197-беттер) мынадай деректер келтіруіме себепкер болған да сол. «…Қаршадай қыздың (Күнбөпе Бөдеқызының) анау қызыл көрген құзғындай үймелеген қызылкөз төрелер ордасынан,… шынжыр балақ, шұбар төс Мұса-Шорман тұқымынан абыройын аяққа бастырмай, аман құтылуы, құтылып қана қоймай, өжеттікпен дүйім жұртты мойындатып, басына бостандық алып, өзі қалаған адамға тұрмысқа шығуы – бұрын қазақ қызы жасамаған ерлік еді! Мүмкін, сол кездегі орыс империясының заңымен бостандық алған тұңғыш қазақ қызы да осы Күнбөпе болар-ау?! Есімі рулы елге ұран болған арғы ұлы Анасы – Қарқабат (шын есімі – Күнай. Б.Ж.) аруағын тағы бір еске салар өнеге!» дей келе, былайша түйіндеген едік: «Академик-жазушы Ғ.Мүсіреповтің айтуынша, анасының есімін ұран ғып шақыратын қазақтың үш руының бірі – осы Қаракесек. «Қарқабат» – (демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің дерегі бойынша) ұзын саны бүгінде миллионға жуықтаған Болатқожа, Қамбар, Шұбыртпалы, Жалықпас – төрт ата Қаракесек руының ортақ ұраны. Көкбөрі Қаракесек сарбаздары ата жаумен айқасқа шыққанда «Қарқабат! Қарқабат!» деп Анасы есіміне сыйынып шапқан.
Бірақ, қалай десек те, Қарқабат – ең алдымен, қазақты қазақ қылған ошақтың үш бұтындай анау атақты үш бидің бірі – Қаздауысты Қазыбектің арғы ұлы анасы. Яғни, Қазыбектің арғы атасы Қаракесекті (Болатқожаны) дүниеге әкелген Ана! Ал, осындай ұлысты ұйыстырған, руды ұйытқан ұлағатты Ананы еске салар бір белгі – ескерткіш бар ма осынау ұланғайыр Ұлы Дала жерінде!? Таппайсыз! Ұрпақ алдында ұялар жан болса, қанеки?! Өкінішті… »,– деп жазған едік «Дала дастаны» кітабында.
Бұған келіспеу мүмкін емес. Бүкіл қазақ зиялы қауымының айтар аталы сөзі де осы болар. Ойымызды елге танымал әдебиетші-ғалым Серік Негимов, шежіреші-ғалым Мақсат Алпысбес, ақын Бақытжан Тобаяқов сияқты бірқатар ғалымдар да құптап, тіпті, кейбірі ынталы топ құруға ынталы болғанын да келтіре кетудің де артықтығы болмас.
Қарқабат Ана – өмірде болған тұлға. Қарағанды-Қарқаралы өңірінде Ұлы Анамызды мәңгі есте қалдыру шараларын тездетіп қолға алу (ескерткіш орнату, елді мекенге, не көшеге атын беру, кітаптар шығару және тағы басқалары) Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасын жүзеге асыруға қосылған лайықты үлес ал, облыс жұртшылығы, қала берді, қазақ зиялы қауымы үшін ұмытылмас, ғибратты оқиға болар еді деп сенеміз.
Ендігі сөз өздеріңізде, ағайын!
Ынталы топ атынан:
Болат ЖӘМКЕНОВ,
ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының,
«Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері.