Бас тақырып

Арқа жусаны алты құрлықты мойындатты

Дәрілік заттар химиясының Халықаралық қоғамы Қарағандыға қоныс аударады. Өйткені, оның президенті болып жерлесіміз, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Серғазы Әдекенов сайланды. Бір сөзбен айтқанда, Арқаның жусаны мен қазақтың академигі әлем фармацевтерін мойындатты.

Иә, жуырда ғана Италияның Неаполь қаласында аталмыш қоғамның ұйымдастыруымен өткен  Халықаралық ХХV ғылыми конферецияға әлемнің 17 елінен қатысқан 125 ғалым Халықаралық қоғам президенттігіне ұсынылған қазақ академигі Серғазы Мыңжасарұлының кандидатурасын бір ауыздан қолдаған екен. Бұл дегеніміз – Қазақстанның дәрі өндірісі мен фармакология саласындағы әлеуетіне көрсетілген сенім мен құрмет.

– Бұл – менің ғана абыройым емес, Қазақстанның фармацевтикалық өндірісінің беделі. Халықаралық деңгейдегі мәртебелі ұйымның тізгінін ұстау мен үшін де, ел үшін де «жіліктің майлы басындай» мансап қана емес. Ол – еліміздің дәрі өндірісі саласы үшін технологиялық жаңғыру және инвестициялық мүмкіндік. Яғни, отандық дәрі өндірісінің әлеуеті бұрынғыдан да арта түседі, – дейді академик Серғазы Мыңжасарұлы.

Сондай-ақ, ол Неаполь конференциясында Қазақстанның эндемикалық өсімдіктерінен алынатын бірегей дәрілік перпараттар жөнінде ағылшын тілінде баяндама жасады. Баяндамадан соң құрамында Джиованни Аппендино (Италия), Джерон Дикшат (Германия), Павел Драшар (Чехия), Яцек Моржицки (Польша), Оразио Таглиатела-Скафати (Италия), Икуро Абе (Жапония), Дин Гуо (Қытай), Мирослав Стрнад (Чехия), Серғазы Әдекенов (Қазақстан), Агнешка Войткилевич (Польша) сынды әлемге әйгілі ғалымдар бар Халықаралық қоғамның атқарушы органы Қазақстан өсімдіктерінің дәрілік қасиетіне зор мән беріп, біздегі дәрі-дәрмек өндірісіне зор қызығушылық танытқан.

Мәселен, Испанияның Кадис университетінің профессоры Антонио Сала Пералта Қазақстан өсімдіктерінен алынатын паразиттерге қарсы қоспалар белсенділігіне ерекше мән берсе, Францияның Шампань-Арденн Реймс университетінің профессоры Георгс Массиот қазақстандық «Арглабин» препаратын Еуропа нарығына шығару жөнінде ұсыныс білдіріпті.  Ал, Италияның жаңа технологиялар, энергетика және тұрақты экономикалық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің докторы Францеско Пенара Қазақстанда өсетін көк сағыз өсімдігінің қасиетіне қызығушылық танытқан. Қытайлық профессор Рен Тан (Нанкин университеті) қазақстандық эндемикалық өсімдіктерден алынған нейропротекторлық алкалоидтарға байланысты бірігіп жұмыс жасауды ұсынса, Мажарстандағы Сегед университетінің профессоры Жолт Сакони қатерлі ісікке қарсы белсенділігі бар субстанцияларды жасау үшін Қазақстан эндемикалық өсімдіктерінен алынатын дәрілік заттар негізінде стереоселективті синтездер жүргізу бойынша ұтымды ұсынысымен бөлісті.

Қазақстан үшін осынша тиімділігімен ерекшеленген Халықаралық конференция барысында академик Серғазы Әдекенов Италияның INDENA фармацевтикалық компаниясының өкілдері Лука Сеналди, Пиетро Аллергини, Лука Пагнимен қазақстандық шикізатынан фитопрепараттардың бірлескен өндірісін ұйымдастыру жөнінде келіссөздер жүргізді.

Сонымен, Арқаның қызыл жусаны мен кешегі Ебіней Бөкетовтің төл шәкірті, академик Серғазы Мыңжасарұлы әлемдік деңгейде мойындалып, дәрілік заттар химиясының Халықаралық қоғамы Қарағандыға қоныс аударып жатыр.  Ендігі жерде тың жобалардың тынысы ашылып, отандық дәрі өндірісі орасан игілік, қомақты инвестицияға кенелетін болады.

Суретте: академик С.Әдекенов – Халықаралық қоғамның Бас хатшысы, профессор П.Драшар (Чехия) және XXV Халықаралық ғылыми конференцияның ұйымдастыру комитетінің төрағасы, профессор  О.Скафатимен (Италия) бірге.  

Ерсін МҰСАБЕК,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button