Арқа жұрты ақынын ардақтады
Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлының 75 жас мерейтойына орай «Руһтың шалқуы» атты шығармашылық кеші өтті.

Кеш шымылдығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды. Оны мерейтой иесіне Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев табыстады.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаттарын ҚР Премьер-министірінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жеткізді. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың атынан құттықтап, сый-сияпат жасады.
Сондай-ақ, Серік Ақсұңқарұлына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннен, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектен құттықтау хаттары табысталды.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев өз кезегінде мерейтой иесінің ел мәдениетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.
Шығармашылық кешке ақынның алыс-жақыннан келген қаламдастары қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының игі тілегін жеткізген «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Бауыржан Жақып Серік Ақсұңқарұлы «Қазақстанның құрметті жазушысы» атанғанын сүйіншіледі.
Сонымен қатар, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков оқу ордасының Ғылыми кеңесінің шешімімен Серік ақынды университеттің «Құрметті профессор» атағымен марапаттады.
Шығармашылық кеште ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, жалынды жырлары оқылды.
Толығырақ газеттің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
І.ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.