Жаңалықтар

Арқа ғылымының жылнамасы

     Қарағандының рухани әлемі тағы бір толымды еңбекпен толықты. Сөреңізден орын берсеңіз, өреңізге өлшем болар құнды жинақ. Әрісі қазақ ғылымының арғы-бергісін ырғап, берісі Қарағанды ғылымының жылнамасын жіліктейді. Ғалымдар ғибраты жайлы сыр шертеді. «Ғылым – өндіріс өркені» деп аталатын бұл кітап – ұжымдық еңбек. Алайда, кітаптың құрастырушысы һәм жауапты редакторы «Орталықтың» ақсақалы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, қарымды қаламгер, ардагер журналист Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ болғандықтан, жинақты жанымызға жақын тарттық. Парақтап қана шықпай, парықтап үңілгенбіз. Орны бөлек, орасан олжа екен.

…Жайбасарлығым бар кейде. Сол құрғырың шаужайлағанда, уақыт тізгінін іркуге мұршам болмай, «ертеңім» көбейіп кетеді. Сөйтіп жүріп, жаңа кітапты ескіртіп ала жаздаппын. Ашығын айтайын, бұл кітап 2016 жылы жарық көрген. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына орайластырылып. Мезгілінде жинақтың жарық көргені туралы сүйіншілеп, қысқа ақпарат жариялай салуға болар еді. Күрделі еңбекті күндегі немкеттіге қосқым да келмеді.

Елбасы Н.Назарбаевтың отандық ғылым туралы тұщымды тұжырымын әлқисса еткен жинақ қазақ ғылымының қалыптасуы, дамуы, жетістігі және проблемалары секілді ауыр жүкті еңсерген екен. Орталық Қазақстан ғалымдарының отандық ғылымды өркендетуге сіңірген еңбегі, Арқа өндірісі мен ғылыми мекемелерінің тарихы да тәптіштей баяндалыпты. Әйгілі ғалымдарымыздың әй­гілі емес қырлары да, жоғары оқу орын­дарының бүгінгі әлеуеті де – осында.

Жинақ төрт бөлімге жіктелген. Төрт құбыласы тең. Әр бөлімнің өзіне тиесілі салмағы бар. Жүйелі жүлгеленген жинақтың құндылығы ғылым мен өндірістің құс қа­натындай қатар сермелетін құдірет екендігін дәлелдеуінде жатыр. Кітапты оқи отырып ғылымнан – ғалымды, ғалымнан – ғылымды табасыз. Қазақтың Қанышы бас­таған ғылыми көштің кешегісі бүгінге кө­шелі көрсеткішпен жетсе, бүгіні ертеңге еңселі күйде сапарлайды. Жинақ осы жылнаманы жинақы һәм түсінікті баяндайды. Иә, Қаныш Сәтбаев, Дінмұхамед Қонаев, Шахмардан Есенов, Бәйкен Әшімов, Евней Бөкетов, Әбілқас Сағынов, Жантөре Әбішов, Талғатбек Әбдіразақов, Зейнолла Молдахметов сынды ұлы тұлғалардың ұлағаты мен ғылыми еңбектері жайлы сыр шертетін көркем очерктер кітап салмағын арттырып тұр. Бұлар – қазақ ғылымының кешегісі. Бүгінгі Арқа ғылымының ардақтылары Ер­қара Аймағанбетов, Есмұханбет Смайы­лов, Серғазы Әдекенов, Раушан Дос­ма­ғанбетова, Нұрлан Дулатбеков туралы да жан-жақты мағлұмат қамтылған. Ең бастысы, аталған ғалымдардың өмірдерегі ғана емес, олардың ғылымға сіңірген еңбегі мен ашқан жаңалықтарының өндірістегі өрісі жайлы тиянақты баяндалады.

Қарағанды – қазақ өндірісінің қара­шаңырағы. Өндіріс өркендеген жерде ғы­лым кенжелемейді. Ендеше, біздің Қа­рағанды – отандық ғылымның да алтын ордасы. Әсіресе, химия-металлургия бағытындағы үлкен ғылыми мектептің негізі Қарағандыда қаланған. Қазығын Қаныш қаққан ұлы мектеп металлургия, көмір өнеркәсібінің көсегесін көгертіп қана қойған жоқ, Қарқаралы жусанынан алынған «Арглабин» препаратымен Қарағандының даңқын әлемге әйгіледі. Қарағанды ғылымы – қуатты. Жинақтың түпкі идеясы осыны емеурін етеді. Емеурін етіп қана қоймай, нақтылайды, дәлелдейді.

Осы тұрғыдан алғанда, Сүйіндік ағаның жүйелеуімен жүкті болып, құрас­тыруымен құрсақ жарған бұл жинақты ғылым туралы жазылған ғылыми ең­бек деп бағалар едім. Сөз жоқ, құрас­тырушының еңбекқорлығы мен ізденісінің жемісі. Академиялық сипатымен де, эн­циклопедиялық мазмұнымен де, көр­кем­дік деңгейімен де дараланып тұрған құнды еңбек.

…Бұл кітап – бүгін ғана жаңа. Ертең-ақ қолдан-қолға өтіп, ескіреді. Оқырманы көп болады, өйткені. Дерегін де, керегін де табады іздеген жан. Бұрын Қарағанды ғалымдары мен Арқа ғылымы туралы қажетімізді табу үшін кітапханаға түнемесек те, түстеніп, том-том кітап ақтаратын едік. Енді Сүйкең құрастырған сүбелі еңбектің сүбесінен кертіп отыратын болдық.

Бұл – орасан олжа!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button