Арқа төсіндегі азаттық тойы
Қарағанды қаласындағы Тәуелсіздік күніне арналған той «Теміржолшылар» мәдениет сарайында өткен «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиыннан бастау алды.
«Алаштың ұраны – азаттық!» театрландырылған би композициясы Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде қалыптасуындағы жүріп өткен тарихи жолдарын ашып көрсетті.
Шара барысында дәстүрлі түрде қаламыздың дамуына ерекше үлесін қосып жүрген қала тұрғындарына «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағы, сонымен қатар, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып жүрген қала тұрғындары Алғыс хаттармен марапатталды.
* * *
Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін 15 желтоқсанда жастардың белсенді жұмысын мадақтау және ынталандыру мақсатында «Тәуелсіздік – елдігімнің тірегі» атты салтанатты шара аясында «Теміржолшылар» мәдениет сарайында қала әкімінің «Дарын» сыйлығы лауреттарын марапаттау рәсімі өтті. 2017 жылдың сыйлық лауреаттары: «Жылдың жас көшбасшысы» аталымы бойынша – Біржан Иманов, «Жылдың жас ұстазы» аталымы бойынша – Жұлдыз Рахымбаева, «Жылдың жас спортшысы» аталымы бойынша – Абылайхан Жүсіпов, «Жылдың жас дәрігері» аталымы бойынша – Гүлімай Баймұханова, «Жылдың жас тілшісі» аталымы бойынша – Жанбота Елубаев, «Жылдың жас жұмысшысы» аталымы бойынша – Думан Маралбай. Жеңімпаздардың әрқайсысы 100 мың теңге сертификатымен, ал аталым иегерлері Құрмет дипломдарымен марапатталды. Марапаттау рәсімі барысында барша Қарағандының дарынды жастары қарағандылықтарды «Мекенім Қазақстан» атты әнімен құттықтады.
Тәуелсіздік күні қарсаңында 180 отбасына «Жаңа орталық» шағын ауданындағы жаңа тұрғын үйлерден пәтерлер берілді.
Шағынаудандағы пәтерлерді көпбалалы отбасылар, жетім бала мен мүгедек бала асырап отырған жанұялар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, толық емес отбасылар алды. Пәтерлердің бір шаршы метрі 100 мың теңгені құрайды.
Жалпы, «Жаңа орталық» шағын ауданы Қарағандының Оңтүстік-Шығысында салынып жатыр. Үш 14 және 16 қабатты үйлерде жалпы ауданы 59 532 шаршы метрді құрайтын 1128 пәтер орналасады. Құрылыс жұмыстары толығымен 2018-ші жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бүгінгі күні екі көпқабатты үйлердегі үш блок-секция қолданысқа берілді, 552 пәтер тапсырылды.
♦ ♦ ♦
Тәуелсіздік күні мерекесі мен демалыс күндері Сұрыптау елдімекенінің барлық жас санатындағы тұрғындарына арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.
«Теміржолшылар» мәдениет үйінде өткен «Тәуелсіздік – бақыты қазағымның!» атты концерттік бағдарламада патриоттық әндер шырқалып, Қазақстан халықтарының билері мен өлеңдері орындалды.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік күніне орай, «Алма ТВ» кабельдік теледидары мерекеге қатысушылар арасында акция өткізіп, сыйлықтар ойнатты.
Ал, Сұрыптау елдімекенінің жастары үшін мәдениет үйінде «Алға, Қазақстан!» атты би кеші ұйымдастырылды. Кешке қатысқан жастар арасында «Менің Қазақстаным» тақырыбында викторина өткізіліп, кеш қатысушылары әсерлі әуенмен көңіл көтерді.
Айтулы мереке марапатсыз өткен жоқ. Тәуелсіздік күнінде «Теміржолшылар» мәдениет үйінің 80-жылдық құрметіне байланысты Светлана Рыль «Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясында аталмыш мекеме директорының атынан Алғыс хатпен және мерейтойлық медальмен марапатталды.
♦ ♦ ♦
16-желтоқсанда Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Гараж» жастар прайм-тайм аймағының ашылуы өтті. Жастар мен балалардың бос уақытын ұйымдастыру, жас өрендерге эмоциялық-жағымды жағдай жасауды мақсат еткен шара барысында прайм-тайм аймағының барлық артықшылықтары мен мүмкіндіктері көрсетілді. Яғни, тақырыптық кештерді ұйымдастыру, үстел үсті ойындары, викториналар, әр түрлі қызықты ойындар, дискотекаларды өткізу мен қатар бейнефильмдер де көрсетілді. «Гараждың» ашылуына 50-ден астам адам қатысты.
♦ ♦ ♦
Осы күні Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Бағдарламаның мақсаты – жастарды Отаны үшін отқа түсетін ел жанды, ел Азаматы етіп тәрбиелеу, бүгінгі тәуелсіздікке қалай қол жеткенін зерделеу. Еліміздің тәуелсіздік алғалы 26 жыл ішіндегі жеткен жетістіктерімізбен таныстыру. Отанды сүюге, ел байлығын қорғауға, болашақ Отанымыз Қазақстанды өркендетуіне өз үлестерін қосуды үйрету болды.
♦ ♦ ♦
17-желтоқсанда автошабандоз раллишілердің қатысуымен «Шахтер» стадионында мұз айдынының ашылуы өтті.
Айта кету, керек, «Шахтер» стадионындағы мұз айдынын желтоқсан айының басынан бастап дайындай бастаған. Сол кездің өзінде мұз айдыны жұмысын Тәуелсіздік күні қарсаңында бастайды деп жоспарланған болатын. Жоспарға сай, 16-желотоқсан күні жұмысын бастаған мұз айдынының 17-желтоқсанда қысқы маусымның салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатына қысқы спорт түрлерінің спортсмендері мен автошабандоз раллишілер қатысты.
♦ ♦ ♦
17 желтоқсанда «Молодежный» мәдениет үйінің фойесінде «Менің елім Қазақстан» атты жас суретшілердің құттықтау-флешмобы өткізілді. Балаларға өздерін нағыз суретші екенін сезінуге мүмкіндік беріліп, әр қатысушы өз жұмыстары жайлы айтып, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Ал, 18 желтоқсанда «Ән – көңілдің ажары» атты музыкалық кеш өткізілді. Аталар мен әжелерге, сонымен қатар, ән сүйетіндерге арналған іс-шарада жанға жайлы әндер орындалып, билер биленді. Кеш соңында түрлі байқауларға қатысқаны үшін сыйлықтар таратылып, көңілдері көтеріліп қайтты.
19 желтоқсанда «Дүбірлі дода» атты спорттық эстафета өткізілді. Бұл іс-шарада балаларға тапсырмалар беріліп, 2 топқа бөлінген қатысушылардың қайсысы үздік екені анықталды. Ойынның соңында 2 топ мақтау қағазмен марапатталды.
♦ ♦ ♦
18-желтоқсанда С.Сәпиев атындағы Бокс орталығында «Salem Kazakhstan-2017» спорттық билері бойынша Қарағанды қаласының Ашық чемпионаты өткізілді. Юниорлар, жастар және ересектер арасында өткен сайысқа Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларының 11 клубынан барлығы 240 биші қатысты. Сонымен қатар, Қарағанды облысы Би спорты федерациясының мүшелері де бар.
Айта кету керек, Қарағандылық спортсмендер Республиканың үздік спортшыларымен бәсекеге түсіп, ҚР Чемпионаттарының халықаралық турнирлардың, Жастар арасындағы Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып жүр.
♦ ♦ ♦
19-желтоқсанда Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Ұлы дала аңыздары» атты туристік слет-фестиваль өтті. Фестиваль үш бөлімнен тұрды, яғни, туризм негіздері бойынша педагогтарға арналған оқыту семинары, туристік көп сатылы сайыс бойынша 6-7 сынып оқушылары арасындағы командалық жарыс және авторлық әндер концерті. Айта кету керек, мұндай форматтағы шара мәдениет үйінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Салтанат ИЛЬЯШОВА