Арқа төсіндегі айтулы ансамбль
«Есіңде ме сол бір кез?..» Қарағанды, Жезқазған атырабының атын дүркін-дүркін шығарып жататын әйгілі ансамбльдер! «Салтанат», «Тоқырауын толқындары», «Қаракөз», «Ұлытау» өнерпаздары, тағы басқалары бар, бірінен бірі өтетін дейді білетіндер. Тәуелсіздік жылдарында туған біз бүгіндері солардың бірді-екілісін ғана көріп, естігеніміз болмаса, көбісін ел аузынан естіп-білдік. Аталған ұжымдар арасындағы айтулы ансамбльдердің бірі «Салтанат» еді. Қасиетті Қарқаралыда халық өнерпаздарынан құрылып, қазақ өнерінің мәртебесін халықаралық деңгейде өсірген. Ол кездің ансамбльдерінің репертуары халық әндері мен күйлерінен тұратын. «Халықтың өнері – сол елдің бет-бейнесі мен рухы десек, «Салтанат» соны әлемге әйгілей алды» дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала ОМАРБЕКОВА. Кезінде дәуірлеген ансамбльдің бір кездердегі мүшесі, кейін басшылық қызметтер атқарғанда қолдаушысы болған Рымбала Кенжебалақызымен арамызда әңгіме былай өрбіді.
- Апай, «Салтанат» ансамблі туралы аз-кем білеміз. Кезінде өздеріңіз қатысып, өркендеуіне үлес қосып, кемел шағына куәгер болдыңыздар. Ансамбль туралы не деуге болады?
- Облыс көлемінде бірнеше ансамбль болды ғой. Оның ішінде белгілі ансамбльдер тек қана облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде, одан кейін Совет заманында шетелдерге шығып, қазақ өнерін әйгілегені – аудандардың маңдайына жазылған бақ деуге болатын шығар. Қарқаралы топырағында халық арасындағы көркемөнерпаздардан құрылған «Салтанат» ансамблін бақ-жұлдызы жанған үлкен ұжымдардың бірі дер едім. Елімізден сырт елдерге шығып өнер көрсеткен ансамбль жайлы айтқанда, әуелі режиссері Атығай Шанин есімін атаған жөн. Қазақ өнері мен мәдениетіне еңбегі сіңген атақты Шаниндерді ел білетін болу керек. Жалғыз Атығай ағамыз ғана емес, бұл кісінің жары мен қызы да осы ансамбльде жемісті еңбек етті. Оркестрдің басында Шалғынбай Төлеубаев, биде Райхан Шанина деген кісілер еді. Мақсым Омарбеков (сценарист), Сара Изина, Нұрғали Найманбаев, Бағдат Райымбеков, Орал Нүркетаев, Рахима Дүйсекина сынды әншілерді атар едім. Сол кездегі аудан басшысы Михаил Шаекин бастаған Әділхан Аймақов, Нұрбану Быхина сынды лауазымды тұлғалардың қолдауымен ансамбль орнынан қаз тұрып, кейін шарықтап көтеріліп кетті. 120 адамнан құралған ансамбль 1969 жылы алғаш рет аудан орталығында концерт беріп, 1970 жылы облыстық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
- Алматыға барып опера театрында өнер көрсетіп, елелді аралаймыз деген мақсат болмаған шығар басында?
- Жоқ, ондай мақсат болған жоқ. Ол кезде шетелге шығуды армандай алмайсыз. Қарқаралы топырағы өнерге бай жер. «Ел іші – өнер кеніші» демей ме, бәрі халық арасынан шыққан өнерпаздар. Кәсіпқой емес ешқайсы. Тек соларды баулып, дайындайтын кәсіби шеберлер болды. Мен өзім аудандық комсомол комитетінде жүргенде, ансамбльдің мүшесі ретінде қатынасып тұрдым. Кейін аудандық партия комитетіне хатшылық қызметке орналастым. Бірінші хатшы Дәкен Іңкәрбаев деген кісі-тын. Сосын ансамбльді аудандық деңгейде ғана ұстамай, әрі қарай дамыту жағын ойластыра бастадық. Айтып отырмын ғой, шетелге шығу түсіңе кірмейтін кез. Аудандар тұрмақ, облыс орталықтарынан шетелге шығу мәселесін Мәскеу ғана шешетін. Бірақ, ансамбльдің аяқ алысын көріп, өнерін тамашалап жүрген соң, шетелге шығарып бір көрер ме еді деген ой жүретін көкейде. Әлгіндей оймен мәдениет министрлігіне кірдім. Уәсила Кенжетаевна деген вице-министр болатын. Сол кісіге ансамбль туралы, онда оркестр, хор, би, басқа да өнер түрлері барын жақсылап түсіндіріп айтып, ұжымның талабын ұштап, дамытып, шетелге шығару жөнінде ұсынысымды жеткіздім. Содан соң, министрліктен адам келіп көріп, дайындық жұмыстары қолға алынды. Мұрат Сейфуллин – оркестрге, хорға Владимир Пилипенко сияқты кәсіби өнер иелері келді. Ансамбль репертуарында – халық әндері мен күйлері, Қазақстан композиторларының шығармалары. Осының бәріне куә болған министрлік өкілдері Мәскеуге шығып, Мәскеу мақұлдады. Қазақстанға бір орын келген болу керек, Францияға жолдама берілді. Бұл енді ансамбль тарихындағы ең басты кезең деп ұғуға келмейді. Мен мынаны қайталап айтар едім, егер Шанин болмаса, оның құрамында мықты өнерпаздар мен оларды баулушы кәсіби өнерпаздар болмаса, бұл ансамбльді биік деңгейден көру қайда? Сол кездегі облыс басшылары Дина Әбдірахымова, Мұхамедия Бөкенов, Мақат Рымжановтың еңбегін ерекше атар едім.
- Ансамбльдің тағы нендей ерекшеліктеріне тоқталуға болады?
- Өнерпаздардың киім үлгісіне баса мән берілді. Арнайы костюмдер тігілді. Бәрі ұлттық үлгіде. Ол киімдердің әрбір ою-өрнегі мен матасына шейін қаралды. Сөйтіп, ұлттық ою-өрнек негізінде ерекше сән үлгісімен шықты сахнаға. «Салтанаттың» салтанаты осындай дерлік сән үлгісі қалыптасты. Алғаш Францияға барғанда шетелдіктер біздің өнерпаздардың киім үлгісіне қызығушылық танытып, суретке түсуге құмартқанын айтып келді.
- Франциядан келген соң, министрлік шетелде қойып келген концертті Алматы опера театрында қоюды талап етті. Сондай бір мерейлі сәттер өтті ансамбль ұжымының басынан. Әрі қарай Германия, Болгария, тағы басқа елдерге барып, концерт қойып, өнер көрсетті. Қай жерде өнер көрсетсе де, биік деңгейден танылып отырды. Оның бәрін тізіп айта берсек, ұзын-сонар әңгіме.
- Заманында атағы аспандап тұрған «Салтанат» ансамблі қайда қазір? Қалай ойлайсыз?
- Кейін, тәуелсіздік алған тұстардан бері қарайғы уақытта «Салтанат» қарқынын аздап бәсеңдетіп алды. Оны мойындау керек. Біріншіден, өнер ұжымының жоғары дәрежеде көрінуі – жақсы қолдауға байланысты. Екіншіден, дайындайтын мамандарға байланысты. Мәселен, Мерсалимовтер қалаға қоныс аударып кетті. Хормен жақсы жұмыс істейтін. Би тобында да солай. Жалғыз хореограф. Музыка мектебінде де сол, «Салтанатта да» сол – бір жетекші. Қай жағына жетеді? Шындығына келгенде, талантты қолдап отыру керек. Тәуелсіздік алған жылдардың бас кезінде қиын кезеңге тап келгенде, жалғыз «Салтанат» қана емес, басқа ұжымдар да төмендеп қалды. Қазір, бірақ, мүмкіндік бар. Басшылар қолдаймыз десе, қаражат та, басқа да бар. Бастысы, ансамбль түбегейлі жоғалып кеткен жоқ. Аздап құлдыраңқырап жатқанымен, небір әншілер, басқа да өнерпаздар жүр онда.
- Кейінгі уақытта «Тоқырауын толқындары» керемет өнер көрсетіп жүргенін жиі байқаймыз. Өздерің де білетін шығарсыңдар. Ол ұжымды дайындап жүрген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашевтың еңбегін айтуымыз керек. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында қызмет етеді. Бақ та керек, бап та керек. Бақ дегеніміз – талант болса, бап – дайындық.
- Аудандардан шығып, аты аңызға айналған ансамбльдер туралы көп естиміз. Мәселен, осы «Салтанат», «Қаракөз» сияқты. Қазір енді облыс орталығындағы оркестр, ансамбльдерден басқаларын ести бермейміз? Мәнісі не деп ойлайсыз?
- «Ел іші – өнер кеніші». Оған сөз жоқ. Дей тұрғанмен, ауылдық жерлерге кәсіби мамандар керек. Өкінішке қарай, нағыз кәсіби мамандар қазір ауылдық жерлерге бармайды. Көбісі қалаларда, облыс орталықтары мен астанада. Кезінде мен Қарқаралыда қызмет атқарғанымда, Киргизияда музыка мектебі ашылды. Сол мектептен мықты деген өнерпаздар өсіп шықты. Сонда ол оқу орнында сабақ беретін мамандар да жеткілікті еді. Дәл осындай мектепті Восток совхозында Хакім Зәкішев ашты. Ауылдық жерде көрінбей жүрген талантты жастар сондығынан шыға бастады. Тәуелсіздік алған тұстарда жекешелендіру болды да, көбісі жабылып қалды. Музыка, өнер мектептері әлі де керек ауылдық жерлерге. Қазір енді Президент назар аударып, көңіл бөлініп жатыр ғой. Бірте-бірте бәрі орнына келеді деп ойлаймын.
- Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет, апай.
- Әңгімелескен Жәнібек ӘЛИМАН.
-
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.