Жаңалықтар

Арқа төсін дүбірге бөлеп…

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестивалі мәреге жетті. Апта бойы Арқа төсінде атойлаған театр сайыпқырандары өнерлерін ортаға салып, көрермен көзайымына айналды. Фестиваль қорытындысы бойынша Әшірбек Сығай атындағы Бас жүлдені «Құлагер» қойылымымен Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры еншіледі. Ал, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрына «ҚР Тәуелсіздігіне – 30 жыл» Гран При жүлдесі табыстады. Сонымен қатар, «Үздік әйел адам бейнесі» үшін берілген арнайы жүлдені жерлесіміз, «Электра» ролін сомдаған Амира ОМАРОВА иеленді.

– Әшекеңнің театрға деген көзқарасы, махаббаты бөлек. Ал, осы кісінің атында фестиваль ұйымдастыру – үлкен құрмет. Осындай үлкен шаруаны ұйымдастыруда ауызбіршілік танытқан қауымға алғысым шексіз. Өз басым талай фестивальдерді көріп жүрмін. Дегенмен, осы фестивальдегі жас режиссерлердің қойылымы ерекше. Актерлермен жұмыс жасауы, сахнаны безендіруі, қойылымы, міне, осының бәрі театр сахнасына жас буынның келгенін аңғартты. Келешекте осы жастардан үлкен маман шығады, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова.

І орынды «Ромео мен Джульетта» спектаклін қойған Алматы қаласы мәдениет басқармасының мемлекеттік қуыршақ театры иеленді. Ал, ІІ орынды «Qora Z» қойылымымен Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық театры иеленді. ІІІ орын Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театрының «Ғажайып трагедиясына» бұйырды.

– Қойылымдар повесть, поэманы, трагедия, тіпті жаңа заманауи жанрларда болды. Әрі мұнда қатысқан режиссерлердің басым бөлігі – жастар. Жастардың ойы – тың. Көпшілікке жаңа бағытты көрсете білді. Шет елдегі көптеген жанрларды елге көрсетуде. Міне, жастардың ізденімпаздығы, талпынуын осыдан-ақ көруге болады. Алайда, фестиваль белгілі сыншының атында болғандықтан, сын айтылмай қалмады. Қазақ театрының өсу жолы туралы ғана емес, бүгінгі қазақ театрының бағыт-бағдары, аяқ алысы жайлы сөз қозғалды. Қарағанды топырағынан бастау алған театр фестивалінің ғұмыры ұзақ болады деген сенімдемін, – деді Әшірбек Сығайдың шәкірті Мирас Әбіл.

«Найзағай» қойылымының режиссері Дина Жұмабай – «Үздік режиссура», Абзал Рәтбек «Үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша топ жарды. «Үздік сценография» – «Қорғансыздың күні» қойылымы, К.Станиславский атындағы орыс драма театрының «На встречу к мечте» қойылымы «Үздік актерлік ансамбль» аталымы бойынша үздік деп танылды. Ал, «Река потудань» қойылымындағы Никитаның әкесін сомдаған Максим Михеев пен «Қыз Жібек» қойылымындағы Қамқа роліндегі Ажар Шәкіржанова «Үздік екінші план актрисасы» аталымы бойынша қара үзді. Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері «Сара қыз» ролін сомдаған Еркежан Төлеубекке, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының актері Нафанаил бейнесіндегі Олжас Бекайдаровқа «Үздік эпизодтық роль» номинациясы жүлдесі тапсырылды.

– Фестивальге өзімнің 3 спектаклім қатысты. Соның ішінде «Құлагерім» топ жарды. Ия, бұл қойылымға ерекше дайындалған едік. Осыдан бір жарым жыл бұрын жарыққа шықты. Алайда, пандемияның салдарынан көп қойылмады. «Soundramm» – әртүрлі жанрлардың қоспасы. Яғни, ұлттық фольклорға, ұлттық дүниеге жақын жанр. Бүгінгі таңда осы жанрдың негізін қалаушы режиссер Владимир Панковтан сабақ алып, үйреніп жүрмін. Келешекте осы жанрмен басқа да қойылымдар қоямыз. «Құлагер» спектаклінің алғашқы жеңістерінің басы деп білемін, – деді «Құлагер» қойылымының режиссері Фархат Молдағали.

Ал, Электра бейнесін сомдап, «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесін жеңген Амира Омарова: «Қойылымға бір айдан астам уақыт дайындалдық. Қойылым мен үшін ауыр болды. Электра екеуміздің арамыз – жер мен көктей. Тіпті, ұқсас жеріміз де болмады. Бұған дейін біраз басты ролді сомдап едім. Солармен салыстырып қарасам, Электра образы қиынға соқты. С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында істеп жатқаныма аз уақыт болса да, осындай жетістікке жеттім. Бұл – менің алғашқы жүлдем», – деді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button