Арқа төріндегі турнир
Қарағанды қаласында алғаш рет еліміздің жетекші лигаларының бірі саналатын Naiza Fighting Championship турнир өткізді. «Қарағанды Арена» мұз алаңында өткен байрақты бәсекенің басты жекпе-жегінде Naiza & Fight Nights біріккен белбеуінің иегері Фаниль Рафиков «Ноғай» мен ресейлік ММА жұлдызы Мохаммед Хейбати «Парсылық дағыстандық» 73 келі салмақта кездесті. Арқа төріндегі турнирде қазақстандық «Ноғайдың» абыройы артып, қарсыласын уақытынан бұрын тізе бүктірді.
Қарағандылық жекпе-жек спортының жанкүйерлері бұл жарысты көп күткен еді. Сайыс күткеннен де әсерлі, әрі қызыққа толы болды.
– Қарағанды қаласында жарыс өткізу баяғыдан ойда жүрген еді. Бүгін соған қол жеткізіп, жауынгерлерді Арқаға жинау бұйырған екен. Алғашында «Көрермен жинала ма?» деген сұрақтар туындаған еді. Себебі, жекпе-жек – өздеріңізге мәлім, ашық айқасты дәріптейтін спорт түрі. Көпшіліктің қан мен сынған, көгерген бет-әлпетке қарауға жүрегі дауаламай жатады. Алайда, қарағандылықтар біз ойлағаннан жоғары нәтиже көрсетті. Кассаларда билеттер таусылса да, ебін тауып, ішке кірген жанкүйерлер қарасы адам таңқалардай-ақ. Орын болмаған соң бәсеке басталғаннан аяғына дейін тік тұрып, соңында тақиясын аспанға атқан орта жастағы жігіт ағаларын көргенде, ішімнен «Еее, байырғы қазақылық қалыбымызда бар екен, жауынгерлік мінез сақталған екен!» деген ойға келдім. Бұл соңы емес. Әлі алда Арқа төрінде талай турнир өткіземіз. Мен енді қарағандылық жанкүйерлерді қалай қуантарымды білемін, – деді Naiza лигасының президенті Нұрбек Қарабала.
Кештің атаулы жекпе-жегінің бірі – қарағандылық дзюдо мектебінің түлегі Абылайхан Шаратов пен үндістандық Сагар Кашьяптың кездесуі.
57 келі салмақ дәрежесінде қос бірдей жеңісі бар Абылайхан Шаратовтың алаңға шығысынан-ақ тек жеңісті көксеп келгені бірден аңғарылады. Ал, үндістандықтың жанарында жасу, не қаймығу жоқ. Ол өзінің Отанында жүргендей қызыл ала туын көлбеңдетіп, алаң төрінде аласұрды. Жекпе-жекке дейін алаң төрінде түрлі акробаттық іс-қимыл көрсетіп, көпшілікті таңқалдырды. Десек те, алаңға Абылайхан шығып, төрт бірдей соққысын төпелеткенде, Сагардың шығарға үні қалмай бұрышқа тізірлей кеткеніне көпшілік куә болды. Алғашқы раундтың алғашқы секундтары небары 4 соққының әсері жекпе-жектің тағдырын шешеді деген, тіпті, үндістандықтың да үш ұйықтаса, түсіне кірмегені анық. Осылайша, қарағандылық оғлан жеңісті Отанына сыйлады.
– Осы Абылайхан бауырымның жекпе-жегі үшін арнайы келдім. Жанкүйерлігімді сезді ме, әлде мені шаршамасын деді ме жекпе-жекті ерте аяқтап қойды. Елін қуантты, елімен қатар жеріне абырой әкелді. Жарайсың, бауырым! – деп ағалық тілегін арнады дзюдошы, Олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері, чемпион Елдос Сметов.
Расында, бұл жекпе-жек бұрынғыларға мүлдем ұқсамаса керек. Неге десеңіз, барлығы дерлік уақытынан бұрын ерте аяқталды. Анығы қазақстандық жауынгерлер қарсыластарын қапысын тауып, ерте жеңіске жеткендіктен. Сонымен қатар, 75 келіде сайысқан қарағандылық Сенім Шахин мен бразилиялық жауынгер Матеуса Аврелланың кездесуі де көп күткеннен асып түсті деуге негіз бар. Төрт раундқа жалғасқан жекпе-жекте айқын басымдықпен Сенім жеңіске жетіп, ел мерейін үстем етті.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz