Руханият

Арқа төріндегі күй дүбірі

Ұлттық домбыра күніне орайластыра ұйымдастырылған «Ортеке» этнофестивалі қарағандылық көпшіліктің көңілінен шықты. Бір күнде бірнеше іс-шараны қамтыған фестиваль «Материалдық емес мәдени мұра» атты республикалық семинардан басталды. Одан соң Кеншілер мәдениет сарайында баспасөз-конференциясы өтті. Басқосу барысында «Күйшілер одағы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет саласының үздігі Асқар Кенжеғалиев Күйшілер одағының облыстық филиалын салтанатты түрде ашып, оған күйші Болат Тәкішев төраға болып тағайындалды. Сондай-ақ, Қалкен Қасымов ақсақал «Халық күйшісі» атанып, кеудесіне абыройын асқақтатар төсбелгі тағылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ал, фестиваль шымылдығын Ерлан Төлеутай «Сарыарқа» әнімен ашып берді. Байқауда Қытай, Моңғолия, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан, сондай-ақ, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарынан 19 қатысушы бақтарын сынады. Қазақстанның мәдени мұрасын өскелең ұрпақ арасында танымал ету, дарынды қатысушыларды анықтау және қолдау мақсатында өткізілген фестивальде бас жүлдені Қытай Халық Республикасынан келген Жарқын Бағдар иеленді. I орын Қарағанды облысынан Ерлан Сәдуге бұйырса, II орынды Ақмола облысының күйшісі Айжан Құрақ алды. Үздік үштіктің қатарынан жетісулық Жәнібек Мақатан да көрінді. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға кәдесыйлар мен қаржылай сертификаттар берілді. Құрметті қонақтардың қатарынан көрінген Жетісу облысының жас таланты, ұлттық жеті аспапта ойнайтын өнерлі 12 жасар Ясмина Аманкелдіге де ел атынан тарту жасалды.

Бірнеше күнге созылған байқаудағы тағы бір маңызды шара көрме болды. Көрмеде Астана қаласының «Марс» робототехника білім беру орталығының мамандары «Ортекенің» заманауи технологияға сүйене отырып жасалған робот прототипімен таныстырды. Әлгі «робот ортеке» домбыра үніне еріп іске қосылады. Бұл көрініске куә болған көрермендер зор қызығушылық танытып, салт жаңғыруына саналы үлес қосып жатқан ұйымдас­тырушылар мен «Марс» робототехника білім беру орталығына алғыс білдірді.

Қазақстан Республикасының Материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рустам Музафаров ұйымдастырылған шараның тарихи мән-мағынасына тоқталып сөз сөйледі.

– «Ортеке» – дәстүрлі екі ішекті домбыра мен тау ешкісінің ағаш мүсіншесін пайдалана отырып, орындалатын қазақтың бірегей өнері. Барабанның бетіне бекітілген ағаш мүсін домбырашының саусақтарына бір немесе бірнеше ішекпен байланысқан. Күйші домбырада ойнағанда, қуыршаққа жан бітіп, домбыраның қоңыр немесе күмбірлей төгілген үнімен қосыла секіріп, барабанда ырғақ шығара билейді. Қазақтың бұл өнері – балалар мен ересектерге ортақ дүние. Жалпы қарағандылық өнерпаздар көне дәстүрді жаңғыртудан қалыс қалмауда. Домбыра күні күнтізбеге енгеннен бері үздіксіз дамуда. Ал, қатысушылар тарихи мұраны қайта жаңғыртып, «Ортекеге» авторлық күйлері арқылы жан бітірді, – деп атап өтті Рустам Рахымұлы.

Расында, қатысушылар ұсынған күйлер тақырыбы тікелей «Ортекеге» қатысты еді. Бірі төгілте шертіп, тұғырдағы текені бұлаңдата билетсе, енді бірі баяу ырғақпен ағаш мүсін қимылына мазмұн берді.

Ықылым заманнан бері қазақ пен сайын даланың сыры астасып жатыр. Байтақ даланың тау-жазығын барлап, аң-құсының дыбысы арқылы тілін түсінген қазақтың болашаққа мұрасы мол. Табиғатпен сырлас өскен бабаларымыз жаратылыстың өсіп-өніп, түрленуін, өзгеруін, қимыл-қозғалысын бақылап, оларды ән мен жырға, ертегі мен аңызға арқау етті. Кейбір жағдайларда өзінің құса-мұңын, сағынышы мен зарын, қуанышы мен жұбанышын, табиғатты, жан-жануарларды бейнелеу арқылы өз көңіл-күйін халыққа түрлі ұлттық аспаптар арқасында жеткізіп отырды. Мәселен, «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Бозінген», «Ақсақ аю», «Жезкиік», «Аңшының зары» сынды ән-күйлердің астарында жеке тұлғаның һәм тұтас халықтың сырлы тарихы жатқаны аян. Осындай саналы салтқа бай өнердің бірі – «Ортеке» күйі.

– Бүгінде жастар арасында домбыраға көп көңіл бөлінуде. Домбыра күніне орай ұйымдас­тырылған бұл шараның орны ерекше. Байқаудан ерекше шабыт алдым. Түпкі ата салт пен дәстүрге, ұлттық өнерге деген сый-құрмет сезіледі. Осындай игі байқаудың жеңімпазы атану мен үшін зор мәртебе, – деп атап өтті жарыс жеңімпазы Жарқын Бағдар.

Қазір қазақтың ескісін жа­ңарту сәнге айналғандай. Ал, адам­заттың материалдық емес мә­дени мұрасының өкілдік ті­зіміне 500-ден астам элемент кі­реді екен. Тізімнің мақсаты – мә­дени тәжірибелер мен қау­ымдастықтардың ноу-хауын, яғ­ни, дамуын кеңінен қамту. Осы тұр­ғыда «Ортеке» этнофестивалінің ма­ңы­зы артуда.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button