Арқа спортының әлеуеті артады
Бүгін бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев «Saryarqa Aqparat» медиахолдинде қонақта болды. Кездесу барысында медиахолдинг директоры Қайрат Әбілда алдағы уақытта басқарма басшылығымен спортты қолдау әрі насихаттау мақсатында меморандум жасалатынын жеткізді.

– Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Сіздер арқылы халық біздің жеңістеріміз бен жетістіктеріміз жайлы біліп отырады, – деді ұжымға Серік Жұманғалиұлы.
Сонымен қатар, кездесуде облыс спортының даму деңгейі жайлы сөз қозғалып, журналистер сұрағына жауап берді. Облыс орталығында болашақта бірнеше спорттық нысандар салу жоспарда бар екенін де атап өтті.
– Майқұдық пен Қарағанды арасында үлкен спорттық кластер ашылады. Сонымен қатар, заманауи футбол стадионын, мұз сарайын салуды да жоспарлап отырмыз. Онда шорт-тректен және коньки спортының бірнеше түрінен турнирлер өтпек. Қазіргі уақытта аймақ бойынша мектеп-интернаттары жеткілікті. Бірақ, келешекте колледж интернаты ашылмақ. Бұл – өңір спортын дамыту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ, «Шахтер» футбол клубының академиясын Балқаш, Теміртау және Саран қалаларында ашу қарастырылуда, – деді басқарма басшысы.
Кездесу соңында «Saryarqa Аqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда Қарағандының атақты спортшылары туралы мақалалар жинақталған «Ел намысы бір кеудеге сыйған ба?!» атты авторлық кітабын сыйға тартты.
Толығырақ газеттің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz