Аймақ спортшылары айрықша көзге түсті
3-6 қыркүйек күндері Шымкентте өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы Қазақстан Республикасының IV чемпионатында аймақ спортшылары айрықша көзге түсті. Биылғы додаға еліміздің тоғыз өңірінен 60 қатысушы келіп, турнир тарихында жаңа рекорд орнады. Жарыс барысында спортшылар жанкештілік пен жігерліліктің нағыз үлгісін көрсетті.

Жекелей сында жерлесіміз Айжан Бутимбаева алтыннан алқа тағып, қатарынан екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Әйелдер арасында тағы бір қарағандылық Айшуақ Жетпісова қола жүлдені қанжығалады. Ерлердің Quad санатында Евгений Быков қарсыластарына дес бермей, чемпиондық тұғырға көтерілді. Бұл жеңістері арқылы мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жеңісі шектеусіз екені айғақталды.
Жұптық бәсекеде де қос қарағандылық теннисші – Айжан мен Айшуақ тағы бір мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша Айжан Бутимбаева үш дүркін жұптық чемпион атанып, аймақ спортының айбынын асқақтатты.
Аймақ спортшыларының осындай жарқын жеңістері өзге де жандарға жігер сыйлап, спортқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»