Арқа спорты аршындайды
Қарағанды облысының спортшылары спорттың 121 түрімен шұғылданады. Спортты дамытуға қатысты қабылданатын заңнамаларға сәйкес енді оның 65-і іріктеліп алынады деп жоспарлануда. Атап айтсақ, Олимпиадалық, Азиялық ойындар мен республикалық, облыстық біріншіліктерге ден қойылады. Қалғаны бұқаралық спорт қатарына өтіп, бұқаралық спортқа басымдық беріледі. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің қызметкерлерімен кездесуінде мәлімдеді. Кездесу барысында медиахолдинг директоры Қайрат Әбілда алдағы уақытта басқарма басшылығымен спортты қолдау әрі насихаттау мақсатында меморандум жасалатынын жеткізді.
Қысқы Азия ойындарынан жерлестер жүлдемен оралды. Одан бөлек, жеңіл атлетикадан да бірқатар спортшыларымыз әлемдік ареналарда жоғарғы нәтиже көрсетіп жүр. Дегенмен, мәселе де жоқ емес. Серік Жұманғалиұлы солардың бірқатарына тоқталып өтті.
– Қазіргі уақытта ауылдық жерлерге жаттықтырушылар жетіспейді. Егер, «Ауыл жастарын спортқа баулимын» дегендер болса, қолдау көрсетеміз. Балаларға жағдай жасауға көмектесеміз. Кейбір елдімекенде дене шынықтыру және спорт кешені жоқ. Егер ауыл, аудан тарапынан ұсыныс түсіп жатса, қарастыруға әзірміз. Бірақ, елдімекен тұрғындарының саны ескеріледі. Одан бөлек, өңірде байрақты бәсекелерде бақ сынап жүрген спортшылар көп. Сол спортшыларды қолдау мақсатында қалалық немесе облыстық бюджеттен айлық беру мәселесі қарастырылуда, – деді Серік Жұманғалиұлы.
Сонымен қатар, облыс орталығында келешекте бірнеше спорттық нысан салу жоспарда тұр.
– Майқұдық пен Қарағанды арасында үлкен спорттық кластер ашылады. Бұл – алдағы күннің еншісіндегі дүние. Сонымен қатар, заманауи футбол стадионын, мұз сарайын салуды да жоспарлап отырмыз. Онда шорт тректен және коньки спортының бірнеше түрінен турнирлер өтеді. Әрі балалар да осы жерге жаттығуға келеді. Қазіргі уақытта аймақ бойынша спорттық мектеп-интернаттары жеткілікті. Бірақ, келешекте колледж интернатын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – өңір спортын дамыту жолындағы маңызды қадам, – деді басқарма басшысы.
Мектеп директорларының қолдауымен әр мектепте «Спорттық сынып» ашуды тәжірибе ретінде жолға қою көзделуде. Мақсат – балаларды мектеп қабырғасынан спортқа бейімдеу. «Оқушы бос уақытын ұтымды пайдаланып, сабақтан тыс уақытын осы спорт сыныбында өткізуі қажет», дейді басқарма басшысы.
Кездесу барысында қысқы спорт мәселесі де қаузалды. Қазіргі уақытта бұл спорттан жоғарғы нәтиже көрсетіп жүрген жерлестеріміз жоқ емес. Бір жағынан, қысқы спорт түрлеріне арналған киімнің жетіспеушілігі және бар. Сондықтан, осы мәселені шешу үшін басқарма басшысы өңірдегі ірі бизнес өкілдерін жұмылдыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек, «Шахтер» футбол клубының академиясын Балқаш, Теміртау және Саран қаласында ашу қарастырылуда. Ал, команда сапына шет елден ойыншы сатып алуға түбегейлі тыйым салынды.
Сонымен қатар, басқарма басшысы журналистердің қойған сауалына жауап беріп, ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ