Бас тақырып

Арқа өндірісіне АҚШ та мүдделі

Еліміз үшін ғана емес, күллі жаһан жұртында жасанды интеллект енді технологиялық құбылыс емес, экономиканы жаңа сапалық деңгейге көтеретін стратегиялық құралға айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген цифрландыру бағыты бүгін өндіріс цехтарында нақты нәтижесін беріп келеді. Бәсекеге қабілет тек жер қойнауындағы байлықпен емес, интеллектуалдық қуатпен өлшенбек. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер IT-орталықтардан шығып, зауыттағы станоктың шанағына келді. Бірде инженердің уақытын үнемдесе, енді бірі қауіпсіздік пен тиімділікті бақылап отыр. Баспасөз туры барысында біз мемлекеттік саясаттың жаңа жобаларының іргелі өндіріс орындарында жүзеге асып жатқанын көрдік.

Суреттерді түсірген автор

Өңірлік өндірістің жаңа бағыты

Қарағанды облысы ауыр өнеркәсіп аймағы ретінде қалыптасқан. Көмір, металлургия, машина жасау – өңір экономикасының негізгі тірегі. Десе де, соңғы жылдар мұғдарында өндірістің құрылымында едәуір өзгеріс байқалады. Негізгі екпін енді көлемге емес, технологияның түлеуіне, цифрлық жаңа шешімдерге бағытталуда.

Бүгінде облыста 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда 236 мыңнан аса адам еңбек етеді. Яғни, жұмыспен қамтылған халықтың 43,5 пайызы кәсіпкерліктен нәпақа табуда. Сондықтан, өндірістегі кез келген жаңғыру немесе цифрландыру тікелей, жүздеген мың адамның жұмысына әсер етеді.

Мемлекеттік қолдау тетіктері де осы үрдіске бейімделген. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелерге кепілдік беру, жеңілдетілген кредиттер, гранттық қаржыландыру және инфрақұрылымдық қолдау – мұның бәрі кәсіпкерлердің жаңа технология енгізуіне мүмкіндік.

– Былтыр өңірде 50,4 млрд теңге көлемінде екі мыңнан астам жоба қаржыландырылды. 1819 жоба субсидия алса, 145 жоба кепілдікпен қамтамасыз етілді, 127 жоба жеңілдетілген кредитке қол жеткізді. Әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушыларына гранттар бөлінді. Мақсат – тек өндіріс көлемін арттыру емес, оның технологиялық деңгейін көтеру. Цифрлық шешімдер мен жасанды зердені енгізу – уақыт талабы. Бұл инвестициялық игілікті күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – деді облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Сержан Капаев.

«Өнеркәсіптің жедел жәрдемі»

Өңірдегі «Tранзит» және оның негізінде құрылған «Teleport 3D» компаниясы бүгінде отандық индустрияда «өнеркәсіптің жедел жәрдемі» ретінде кеңінен танымал. Бұл теңеудің астарында нақты өндірістік қажеттілік бар. Мысалы, көптеген зауыт-фабрикаларда қымбат жабдықтардың бір ғана бөлшегі істен шықса, өндіріс тоқтап, кәсіпорын миллиондаған шығынға батады. Мұндайда шетелден айлап қосалқы бөлшек күткенше, Данил Ращупкин бастаған инженерлер командасы жасанды интеллект пен аддитивті (материалды қабат-қабат жағу арқылы нысан жасау әдісі) технологияларды пайдалана отырып, мәселені санаулы күндер ішінде шешіп береді.

Кәсіпорынның басты ерекшелігі – жай ғана бөлшек шығару емес, тапсырысты қабылдаудан бастап, есептеу, модельдеу және өндіріске жіберуді қамтитын толық инженерлік циклді жүзеге асыруында. Бұл үдерісте жасанды интеллект инженердің ең жақын көмекшісіне айналған.

– Біз әзірлеген арнайы ЖИ-агент (белгілі бір тапсырмаларды адамның көмегінсіз орындайтын зияткерлік бағдарлама) – бұл 3D-инженерлердің жұмысын түбегейлі жеңілдететін бірегей құрал. Ол детальға түсетін жүктемені, температуралық режимді және жұмыс ортасын бірнеше секунд ішінде ғана талдап шығады. Маңыздысы, жүйе интернеттегі жалпы ақпаратпен ғана шектелмейді. Біз оны компанияның ішкі базасындағы қатаң мемлекеттік стандарт негізінде (ГОСТ) технологияға негіздедік. Соның арқасында есептеулердің дәлдігі 99 пайызға дейін жетті. Мұндай цифрлық қолдау тапсырысты орындау уақытын үш есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, – деді компания басшысы Данил Ращупкин.

Кәсіпорынның цехы Reverse engineering (кері жобалау – дайын бөлшекті зерттеу арқылы оның цифрлық сызбасын қайта жасау) технологиясы бойынша жұмыс істейді. Яғни, бұзылған деталь жоғары дәлдіктегі метрологиялық сканерден өткізіліп, оның цифрлық моделі жасалады. Кейін инженерлер бөлшектің әлсіз тұстарын нығайтып, жетілдіреді. Өндірісте стандартты полимерлер мен резеңкеден бөлек, авиация мен ғарышта қолданылатын аса төзімді карбон және шыны талшықты композициялық материалдар (екі немесе одан көп компоненттен тұратын, беріктігі жоғары қоспалар) пайдаланылады. Бұл бөлшектердің геометриялық дәлдігі сондай, тіпті, күрделі конвейерлер мен сорғы станцияларындағы металл бөлшектерді еркін алмастыра алады.

Технологияның тиімді тетігі кәсіпорынға өте кең ауқымда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұнда мұнай және тау-кен саласына арналған алып механизмдермен қатар, тұрмыста қолданылатын қарапайым еттартқыштың тісті бұрандалары, BMW автокөліктерінің шам корпустары немесе Halyk Bank банкоматтарына арналған арнайы қондырмалар да әзірленеді. Бүгінде компания Қазақстан бойынша 5 000-нан астам кәсіпорынмен серіктес болса, олардың цифрлық платформасын әлемнің 96 елі пайдаланады. Тіпті, пайдаланушылар саны бойынша АҚШ төртінші орында тұруы – отандық өнімнің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды.

– Біз үшін аддитивті технологиялар тек зауыт бөлшектерін шығарумен шектелмейді. Оның әлеуметтік миссиясы медициналық жобалардан анық көрінеді. Былтыр біз жақ сүйегіне жасалған күрделі операцияға технологиялық қолдау көрсетіп, КТ деректері негізінде жоғары дәлдіктегі хирургиялық шаблон дайындап бердік. Бұл дәрігерлерге операцияны айна-қатесіз, сәтті өткізуге сеп болса, пациенттің тез сауығуына жағдай жасады. Сондай-ақ, медицина саласының студенттеріне арнап адам миының нақты шамасындағы бөлшектелген макеттер әзірледік, – деді өндіріс бөлімінің жетекшісі Владислав Шуваев.

Оның айтуынша, протез киетін жандар үшін 3D-сканерлеу арқылы сау аяқтың пішінін айнытпай қайталайтын эстетикалық қаптама фейрингтер (протездің темір бөліктерін жасырып, оған табиғи көрініс беретін қаптар) дайындалған. Темір өзекке қарағанда, мұндай қаптамалар протезге табиғи көрініс береді. Пациенттің қалауына қарай түрлі-түсті, өрнекті немесе рельефті дизайндар қолданылады.

11 адамнан тұратын шағын инженерлер командасы Қарағандыдан бастап, әлемдік нарықты бағындыруда. Халықаралық ISO 9001 сертификатын иеленіп, Германияның DDT компаниясының ресми дилері атанған кәсіпорын өнімдерінің елімізді қамту үлесі 80 пайызға жетеді. Жасанды интеллект пен 3D-баспаның мұндай үйлесімі – еліміздегі инновациялық индустрияның жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің айшықты дәлелі.

Теміртаудағы технологиялық серпін

Баспасөз турының келесі бағыты – Теміртау. Теміртау десе, көз алдымызға бірден болат келетіні заңдылық. Алайда, құрыш қаланың өндірістік картасында заманауи технологиялық тәртібімен ерекшеленетін «Қазпромалюминий» ЖШС зауытының орны орасан. Сырт көзге үйреншікті өндіріс болып көрінгенімен, мұндағы әр үрдіс дәл есептелген инженерлік алгоритмге негізделген.

Зауыттың өндірістік тізбегі диаметрі 127 миллиметр болатын алюминий биллеттерден (кейін өңдеуге арналған цилиндр пішінді металл құймалары) басталады. Металл алдымен револьверлік пеште 460-480°C температураға дейін қыздырылып, пластик күйге өтеді.

– Мұнда металл балқытылмайды, ол тек қалып арқылы өтуге ыңғайлы күйге келеді. Процесті қарапайым тілмен «ет тартқыш» принципіне теңеуге болады: пресс контейнеріндегі жоғары қысыммен қозғалған шток металды арнайы матрица арқылы итеріп шығарады. Қандай қалып тұрса, дәл сондай профиль алынады, – деді бас инженер Иван Половинкин.

Престен шыққан сәтте температурасы 500 градустан асатын профильдер алғашқы қорытпадан өтіп, 24 метрге дейін ұзарады. Металдың ішкі кернеуі алынған соң геометриялық дәлдік сақталады.

Бүгінде зауыт айына 350 тоннаға дейін дайын алюминий профилін шығаруға қуатты. Өндірісте қолданылатын 6060 және 6063 маркалы қорытпалар коррозияға төзімділігімен әрі беріктігімен бағалы.

– Біздің профильдер ғимарат қасбеттерінде, көше жарықтандыру жүйелері мен ішкі әрлеу саласында ауқымды сұранысқа ие. Мысалы, Астанадағы бірнеше нысанның беріктігін ұстап тұрған конструктивтік элементтер осы Теміртаудан жөнелтіледі. Қазір жергілікті аймақты қамту үлесі 61 пайызды құрайды, бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмысты жандандырсақ деген ниет бар, – деді зауыт директоры Олжас Жамбыл.

Болашақта зауыт өндіріс қалдықтарын қайта балқытып, өз биллетін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл өндірістің шикізаттық тәуелсіздігін арттырып, қосылған құнның аймақта қалуын қамтамасыз етпек.

Зауыттағы цифрландыру тек станоктардың жұмысымен шектелмейді. Мұнда жасанды интеллект өндірістік қауіпсіздікті бақылаудың басты құралына айналуда. Экструзия (тұтқыр материалды немесе металды қалып арқылы қысыммен итеріп шығару) процесі жоғары қысыммен жүретіндіктен, адам қауіпсіздігі – басты назарда. Сондықтан, зауытқа Computer Vision (компьютерлік көру) жүйесі енгізіліп жатыр.

«Экструдер – жоғары қысымдағы жабдық, сондықтан, қауіпсіздік бірінші орында тұрады. Жүйе жұмысшының каскасы, қорғаныс қолғабы мен арнайы киімінің бар-жоғын автоматты түрде анықтайды. Егер адам қауіпті аймаққа рұқсатсыз жақындаса, дыбыстық белгі беріліп, өндірістік желі бірден тоқтайды», – дейді Иван Половинкин.

Бұған қоса, зауыт предиктивті талдау жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл ЖИ-дің көмегімен жабдықтың тозуын алдын ала болжап, станок бұзылғанға дейін алдын алу шараларын жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, Теміртаудағы зауыт дәстүрлі металлургия мен болашақ технологиялардың тиімді тоғысына айналды.

Түйін

Өңірлік өндірістегі нақты мысалдар мемлекеттік цифрлық саясаттың өміршеңдігін дәлелдейді. Жасанды интеллект инженерлік есептеуді жеделдетіп, өндірістік тәуекелді азайтуда. Бұл арқылы технологиялық жаңғырудың теориялық ұстаным емес, экономикалық нәтиже беретін құрал екенін аңғара аламыз. Мемлекеттің стратегиялық бағыты мен кәсіпкерлік бастаманың тоғысқан тұсында айқындалған цифрлық саясат өңірлік кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруына жол ашып, өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеруде. Шикізаттық үлгіден – интеллектуалдық экономикаға қарай жасалған жүйелі қадам ел экономикасының дамуына да елеулі серпін әкелмек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button