Арқа көкпаршыларының абыройы
Көкпардан Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасының жастар арасындағы чемпионатында қарағандылық команда VI орын иеленді.
Дода 2004-2006 жылғы жастар арасында өтті. Еліміздің түпкір-түпкірінен бақ сынасқан 12 команда арасында осалы болмады.
– Біздің көкпар құрамамыз осал деп айта алмаймын. Дайындығымыз да жақсы болды. Ең ауыр ойын маңғыстаулық командамен өтті. Десек те, біздің балуандар оларды ойсырата жеңді. Алайда, қызылордалық көкпаршылардан ұпай санымен ұтылып, VI орынға табан тіреді. Жалпы командалық ойында қарағандылық балуандар көкпарды ілуде, ат басына ие болуда, жекпе-жекте анағұрлым сауатты өнер көрсетті деп бек сеніммен айта аламын. Сондай-ақ, біздің балуандардың көбісі – көнтақым. Серке тақымына түссе, оны қарсыластар оңайлықпен ала алмайды. Екі жақтап қапталдаса тартып алмаса жекпе-жек тартыста алдырмағанын көзбен көрдік. Алда болар додаларға үлкендерді айтпағанда, жастар командасы халықаралық тартыстарға сақадай сай, – дейді облыстық ұлттық және ат спорты федерациясының президенті Нұржан Шайхин.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл сында жекпе-жекке шығып көптің көзіне түскен балуандар бары рас. Оның бірі – қарағандылық Мирас Тахауиев. Астындағы аты да, өзі де «жекпе-жек барысында қарсылас шақ келтірмеді» дейді бапкерлер. Сонымен қатар, Асыл Рахметолла, Әнуар Жаңбырбаев, Темірлан Төлеухан жақсы өнер көрсетіп, жанкүйерлер ықыласына бөленді.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz