Арқа даңқын аспандатқан арулар
Қазақ қоғамында әйелдерді «нәзік жандар» дейміз. Алайда, бұл теңеумен де келіспеуге толық негіз бар. Өйткені, қазақтың қайсар қыздары қажет болған жағдайда ер-азаматтармен иық тірестіріп, ауыр еңбектің жүгін бірге көтеріп келеді. Кейбірі ер адамдардың қолынан келе бермейтін істерді де атқаруда. Өмірдің сан сынағына қасқая төтеп беріп, қоғамның әр саласында табанды еңбек етіп жүрген аруларымыз қаншама. Спортта да қазақ қыздары әлемдік ареналарда ел намысын қорғап, Көк Туымызды биікке көтеріп жүр. Олардың қатарында қарағандылық арулар да бар.

Атап айтсақ, жерлесіміз, тоғызқұмалақтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аңсаған Қожанәсіптің есімі аймаққа ғана емес, әлемдік аренаға да кеңінен танымал. Қарағандылық ару екі дүркін Азия чемпионы, Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жеңімпазы. Сонымен қатар, Әлем және Азия кубоктарында қарсыластарына дес бермей, топ жарып жүр. Спорттағы табандылығы мен қажырлы еңбегі үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Аңсағанның әрбір жеңісі – жас спортшылар үшін шалқар шабыт, әрі табысқа жету жолындағы табандылық үлгісі.
Аймақ намысын қорғап жүрген арулардың қатарында боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Аида Әбікееваның да есімі ерекше құрметпен аталады. Өзі – бокстан екі дүркін Әлем чемпионы. 2024 жылы Азия чемпионатында да топ жарған. Қарағандылық боксшының рингтегі мәнері ерекше. Әр соққысы – дәл әрі жүйелі. Бүгінде оның жетістігіне еліктеп өсіп келе жатқан жас спортшылар да жоқ емес.
Жекпе-жек өнерінің тағы бір шебері – джиу-джитсудан спорт шеберлігіне үміткер Ажар Салықова. Жерлесіміз екі дүркін Әлем кубогының жеңімпазы. Бұдан бөлек, Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болып, шеберлігін халықаралық аренада тағы бір мәрте дәлелдеген.
Сонымен қатар, Қазақстанның әйелдер күресінен еңбек сіңірген спорт шебері Эльмира Сыздықова да үздіктердің қатарында. Балуан ару 2016 жылғы XXXI Жазғы Олимпиада ойындарының – қола, 2018 жылғы XVIII Жазғы Азия ойындарының қола медаль иегері. Сонымен бірге, Азия чемпионатының да екі дүркін жеңімпазы.
Ал, Сурдо-таэквондодан еңбек сіңірген спорт шебері Айжомал Әбдіқатова да халықаралық аренадағы жетістіктерімен көзге түсіп жүр. 2022 жылы Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV Сурдлимпиадада қола жүлдеге қол жеткізген. Одан бөлек, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аделина Земс – үш дүркін Азия чемпионы. Самбодан әлемдік деңгейдегі дарынды спортшылардың бірі Маргарита Бажаева болса, ол – Әлем чемпионы, әрі Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы.
Осындай спортшылардың жеңістері бүгінгі күні көптің жүрегіне дем беріп, шабыт сыйлауда. Қарағандылық спортшылар өңірдің ғана емес, еліміздің абыройын биікке көтеріп келеді. Олар – болашақ ұрпаққа жігер беретін, табандылық пен адал еңбектің айқын үлгісі. Ел мақтанышына айналған әр спортшының жетістігі – мерекелік көңіл күй сыйлайтын, жүректі тебірентетін шынайы оқиға. Ендеше, кеншілер өлкесінің барлық спортшысына жаңа белестерді бағындыруға, биік шыңдарға қол жеткізуге және талмай еңбек етуге шексіз шабыт тілейміз!
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



