Арқа баспасөзінің қарашаңырағына – 93 жыл
Бүгін – Арқадағы арда басылым облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің туған күні. Ормандай оқырмандарымен қауышқанына – 93 жыл толып отыр. Бастапқыда «Қарағанды пролетариаты», кейін «Советтік Қарағанды», 1963 жылдан бастап «Орталық Қазақстан» деген атаумен жарыққа шығып, талай тұғырлы тұлғалардың ізі қалған байырғы басылым жылдан-жылға дизайн һәм мазмұндық жағынан түлеп, бүгінде киелі қарашаңыраққа айналып отыр. Уақыт көшінен қалыспай, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің құрамдас бөлігі ретінде аймақтың айнасына айналған абыз басылымның туған күні қарсаңында аға буын өкілдерінің пікірін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік…
***
«Советтік Қарағандыны жасауға жұмылған жұрттың бәрінен бұрын барушылардың бірі болғанмын., «Қарағанды пролетариаты» газетінің алғашқы нөмірін шығарушылардың да бірі едім. Бүгін сол Қарағанды Советтер Одағының үшінші көмір алыбы, бүгін сол «Қарағанды пролетариаты» «Орталық Қазақстан» атанып, жарты ғасыр жасап жатыр.
Басқалар бұған бір қуанса, мен екі қуанамын, жанған, гүлденген еңбектің қуанышынан қызықты қуаныш жоқ.
Құтты болсын мейрамдарың, мерейлерің үстем болсын, «Орталық Қазақстан» оқушылары, редакция коллективі!»
Ғабиден МҰСТАФИН.
1981 жыл.
***
«Газет – өмірдің таңбасы, қуанышы да реніші де қатар жүретін сол өмірдің өткерген, өткеріп жүрген, өткеретін жандардың толып жатқан проблемаларының айнасы. Үстірт көзге елеусіз нәрсенің өзі үлкен проблеманың нышаны болуы бек мүмкін. Ендеше, «Орталық Қазақстан» қызметкерлерінің бүгінгі ұрпағы сол өмірді жақсылап таңбалай алса, қарапайым ғана тарихи борышын орындағаны.
Алдағы талай белестерден де қажымай-талмай аса берулеріңізге ағалық, бауырлық тілектестікпен өздеріңмен әрқашан бірге.
Нұрмахан ОРАЗБЕК,
«Орталық Қазақстанның» 1988-1991» жылдардағы Бас редакторы.
2006 жыл.
***
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген сөз бар қазақта. Сол тәрізді, мені өзімнің туған жерім Қарағандыға тұңғыш таныстырған «Орталық Қазақстан» газеті маған әрдайым жақын. Мен Батырдың Жұлдызын тағып, 1989 жылы елге келгенде суретімді басып, үлкен сұхбат жариялаған осы газет еді. Одан бері де мен туралы талай мақала басылды. Әсіресе, ғарышқа ұшқан кезімде «Орталықтың» бетінен түскен жоқпын. Сондықтан, бұл газетті ерекше құрметтеймін!.
Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры.