Руханият

Арқа айтысының айбозы Айтбай Жұмағұлов 50 жас мерейтойын атап өтті

Арқа айтысының ақбозы, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Айтбай Жұмағұлов мерейлі 50 жасқа толуына орай Арқа төскейінде ұлан-асыр той жасап, дүркіретіп шығармашылық кешін өткізді. «Тәуелсіздікке тарту» атты тақырыппен өткен Кеншілер мәдениет сарайындағы бұл кеш еліміздің түпкір-түпкірінен келген айтулы өнерпаздарды тоғыстырып, бұрын-соңды болмаған өнер жәрмеңкесіне айналды десек асылық айтқанымыз емес.   

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жастайынан қаз мойын домбыраны серік еткен Айтбай ақынның алапасы асқан кеш те ерекше форматта өтті. Кеш тізгінін ақынның досы Тілеген Әділов тізгіндеді. Жырдан шашу шашып, әннен өрнек өрген өнерпаздардың қарасы қалың болды.

Елімізге танымал әншілер сахна төрінде Айтбай Жұмағұловтың өлеңіне жазылған әндерді шырқады. Айтыс ақындарының көшін Жүрсін Ерман бастап келді. Ал, жыршылар керуенінде республикаға танымал Алмас Алматов, Амандық Көмеков, Айгүл Қосанова сынды айтулы өнерпаздар бар. Айтыс ақындары сахнаға шығып қайым айтыстың үздік үлгісін көрсетсе, жыршылар да сахна төрінде жырдан шашу шашып, төл өнерімізді төрге оздырды.

Кеш соңында ақынды құрметтеген атқамінер азаматтар сахна төріне көтеріліп, мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнап, арнайы сый-сияпаттарын табыстады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтау хаттарын аймақ басшысының орынбасары Әлібек Әлденей салтанатты түрде тапсырды. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын Аманжол Әлтай табыс етті. Алматы және Астана қалалары әкімдерінің ыстық лебіздері де кеш барысында жеткізілді.

Ақынның мерейін үстем еткен ерекше сәттердің бірі – өзі туып-өскен Бұқар жырау ауданының азаматтарының темір тұлпар мінгізуі.

Сөйтіп, кеш соңында айтулы әнші Бекболат Тілеухан мен мерейтой иесі бірге ән шырқап, Арқа жұртына ұмытылмас сәт сыйлап, ғаламат кешті түйіндеді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button