Арқаға жыр арнады жігіт Жамбыл
Бала Жамбыл есіңізде болар. Бес жасынан жыр жазып, алты жасында елді аузына қаратқан жас ақын Жамбыл Дүйсеновтің Кеншілер мәдениет сарайында жыр кеші өтті. «Сарқытымын Жамбыл қарттың, Жамбыл менің есімім» деп жырлаған ақын бала бүгінде келбеті келіскен жігіт Жамбылға айналыпты.
– Кейінгі кезде әлеуметтік желідегі оқырмандарым, БАҚ өкілдері де «көрінбей кеттіңіз», «жыр кешіңіз қашан өтеді?», «Жамбылды қайта көргіміз келеді» деген рәуішті хат-хабарды көбірек жолдауда. Себебіне тоқталып өтейін. Ақындықтың албарында жүргендіктен, халық алдына қанжығам бос келмесін деген жасырын ниетім де жоқ емес. Қазір университет тәмамдаған екенбіз. Оқыдық. Тоқыдық. Іздендік. Уақыт қолдан сусыған шылбырдай өте беріпті. Оның үстіне мені еркелетіп өсірген ақ әжем мен жалғыз әпкемнің қазасы қабырғамды қайыстырып жіберді. Маңайымнан мұрсат алдым. Тар маңдайға жазылған тағдыр дейтін төренің алдында шарасызбыз. Ептеп ес жиып, жүрегім орнына келген соң, алдарыңызға соны туындыларымды тартпақпын. Арқаның ақеділ жұртының алғысын арқаласақ не арман бар?! Қазір өңір-өңірге поэзия кештерін өткізудеміз. Елге есеп беріп қоймақтың қамы, – дейді ақын Жамбыл.
«Тәуелсіздігім – тұмарым, бірлігім – ұлы ұраным!» атты айтулы кеште Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің артистері өнер көрсетті. Кеш барысында Жамбыл Дүйсенов «Мен – қазақпын», «Тілім – тағдырым», «Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый» сынды орамды өлеңдерін қараорман халыққа паш етті. Өзінің тосын сыйы Қарағандыға арналған өлеңін көрермен қауым жылы қабылдады. Шара соңына таман, Сәттібай Жүніс, Тілеген Әділ, Болат Сыздық бастаған ел ағалары жас ақынның өнер сапарына ақжол тілеп, жылы лебіздерін жеткізді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.