Медицина

АПВ вакцинасы қолданыста

Елімізде 11 жастағы қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау басталды. Иммундау 12-13 жастағы қыздарға да жасалады. Республика бойынша 1600 қыз бала екпе алуы тиіс. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мамандар вакцинация ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін білім беру ұйымдарының медициналық кабинетінде жүргізілетінін айтты. Оны тіркелген жері бойынша емханада да алуға мүмкіндік бар. Вакцинация тегін жасалады.

Сурет baq.kz

Адам папиллома вирусының бүгінгі күні 200-ден астам түрі белгілі. Оның кейбір түрлері жыныстық жолмен беріледі және жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісіктерді тудыруы мүмкін. Олар жоғары онкогендік қауіп түрлері деп аталады. Онкогендік қаупі төмен түрлері кәдімгі сүйел, табан сүйелдері, жыныс мүшесі сүйелдеріне немесе сирек жағдайларда тыныс алу жолдарындағы папилломатозды өсінділерге әкелуі мүмкін. Көпшілік жағдайда ол алаңдаушылық туғызбайды. Алайда, вирус адам ағзасында ұзақ уақыт бойы өмір сүре берсе, қатерлі ісікке айналу ықтималдығы бар. Мәселен, патологиялық өзгерістер 15-20 жылда жатыр мойны обырына айналуы мүмкін.

Жалпы, АПВ инфекциясы жатыр мойны, жыныс мүшелері, көмей және ауыз қуысының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін. Жатыр мойны обыры ел бойынша әйелдердегі қатерлі ісіктер құрылымында екінші орында. Жылына 1900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі және 25 пен 44 жас аралығында 600-ден астам әйел қайтыс болады. Әлемде жыл сайын жатыр мойны обырынан 300 мыңға жуық әйел қайтыс болады.

– Соңғы 20 жылда елде жатыр мойны обыры 26%-ға өсті. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясы екенін дәлелдеді. Қазақ онкология және радиология ғылыми институтында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша жатыр мойны обырының даму себебі 74% жағдайда вирустың 16 және 18 онкогендік түрін жұқтырумен байланысты, – дейді дейді облыстық санитариялық-эпидемиология­лық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.

Вирус адамнан адамға тері, шырышты қабаттармен және дене сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы, яғни, қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы арқылы жұғады. Ал, АПВ-нің 30-ға жуық түрі жыныстық жолмен беріледі. Босану кезінде анадан балаға берілуі сирек кездеседі. Мамандар вирустың ылғалды ортада тез көбейетіндігін айтады. Сондықтан, қоғамдық орындарға – сауналар, моншаларға, спорт залдарына, дәретханаларға, бассейндерге барған кезде жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау қажет.

Спикер АПВ және жатыр мойны обырын жұқтырудың алдын алудағы ең тиімді әдісі 11-13 жастағы қыздарға вакцинацияны жүргізу екенін алға тартады.

– АПВ вакцинасы өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелдеді, – деді Гүлжан Жақтайқызы. – Бүгінгі таңда ол әлемнің 135 елінде, оның ішінде, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бірқатар елдерде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ таралуы бүгінгі күні 90%-ға төмендеген. Адам папиллома вирусына қарсы вакциналар 2006 жылдан бері қол жетімді. Сол уақыттан бері әлемде 100 миллионнан астам адам екпе алды.

Қазақстанда вирустың аса онкогенді түрлерінен қорғайтын «Гардасил» вакцинасы қолданылады. АҚШ-та шыққан вакцина 2006 жылы қолдануға лицензия алды және Канада, Аустралия, Израиль, Ресей, Грузия, Молдова, Оңтүстік Африка және басқа да ұзын саны 70-тен астам елде қолданылады.

«Гардасил» вакцинасы – төрт валентті вакцина. Яғни, ол АПВ ең қауіпті және кең таралған төрт түрінен – 6, 11, 16 және 18 қорғайды және 9 жастан бастап қолдануға арналған.

– Барлық тіркелген вакциналар қауіпсіз және адам папилломавирусын жұқтырудан туындаған онкологиялық аурулардан тиімді қорғайды. АПВ вакцинациясын салмас бұрын медициналық қызметкер иммунопрофилактика сұрақтары бойынша кезеңді тестілеу жүргізеді, содан кейін ғана егуге рұқсат берілді. Вакцинация қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда дәрігердің қарауынан кейін жасалады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары егу кабинеттеріне вакциналардың сақталуына және тасымалдануында суық тізбектерінің барлық кезеңдерінде нормативтік талаптардың сақталуына мониторинг жүргізуде, – деп атап өтті Гүлжан Байгутанова.

АПВ вакциналары стандартты 0,5 мл көлемде иық бұлшықетіне салынады. Ол екі дозадан тұрады, екіншісі 6 айдан кейін салынады.

Мамандардың айтуынша, вакцинация­дан кейін дененің жеңіл реакциялары болуы мүмкін. Мәселен, инъекция орнында ауырсыну, қызару немесе ісіну, бас ауруы немесе температураның шамалы көтерілуі сияқты белгілер болады. Олар әдетте бірнеше сағаттан бір күнге дейін созылады.

– Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның құрамында тірі вирустар жоқ. Онда вирустың жеке ақуыздары бар, олар ағзаға еніп, иммунитетті белсенді ете түседі. Вакцина жоғары онкогенді АПВ түрлеріне қарсы бағытталған және жатыр мойны обырының даму қаупін азайтады, – деген спикер ата-аналарды жалған ақпаратқа сенбеуге ­шақырды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button