Қаптаған қате. Қайда барамыз?
Қарағандыдағы шағын және орта бизнес өкілдері қазақ тіліне пысқырып та қарамайды. Арасында бірен-сараны болмаса, сауатсыз көрнекі ақпараттар пен жарнамалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Әріп қатесі андағайлап, мағыналық қатесі менмұндалап шыға келеді. Осыған байланысты, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының рейд жұмыстарына қатысқан едік.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дерсіз. Бұл жердегі бір кілтипан – мораторий. Яғни, шағын және орта бизнеспен айналысушы кәсіпкерлер жұмысын жүргізіп отырған орындарда ілінген қателерге аталған басқарма жоспарлы тексеріс жүргізе алмайды. Өйткені, олар аяққа нық тұрып, шаруасын дөңгелетіп алғанша кедергі жасай бермесін деген Елбасының арнайы тапсырмасы бар. Жылына екі рет ұйымдастырылатын осындай айлықтарда болмаса, тілдерді дамыту басқармасының бұларды орынсыз мазалай беруіне рұқсат жоқ. Ал, «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңының 21-бабында «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал, қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады. Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады» делінген. Солай бола тұра, біздегі деректемелер мен жарнамалардың көбі тек орыс тілінде ғана. Қазақ тіліндегісі қайтсе де бір әріптік немесе мағыналық қатесіз болмайды. Мәселен, Ғ.Мұстафин (22) мен Терешкова (32) көшелерінің қиылысында «Socur» және «Versal» атты екі бірдей сән салоны тұр. Атаулары – ағылшынша, оған да көндік. Әлгілердің көрнекі ақпараттарында мемлекеттік тілде дерек мүлде жоқ. Кілең орысша. Мұндай заңбұзушылықтар тізе берсе, шашетектен. Жаңағы «Versal» онымен қоймай, «сұлүлық салоны» деп қонжитыпты бір қабырғасына. Басқарма өкілдері екеуіне де кіріп, заңды түсіндіріп, екі апта уақыт берді. Деректемелері осы уақыт аралығында ретке келтірмеген жағдайда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 75-бабы бойынша «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылыққа» тартылатындары ескертілді: «Деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – жиырма, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».
Ғ.Мұстафин көшесіндегі 24 үйде орын тепкен «Пинта» сыра дүкенінің іші-сыртының бәрі орыс тілінде жасаныпты. Қазақ тілінде «Сыра дүкені» дегеннен басқа жоқ. Дәл осы мекен-жайдағы дәріханада жұмыс емес, «жүмыс» тәртібі екен. Ескерту оларға да жасалып, шекті уақыт мерзімі белгіленіп, кәсіп иелері «Ұсыным хаттарға» қол қойып, алып қалды. Әрі қарай қадағалап, назарда ұстау – басқарманың еншісінде.
P.S. Егер, қала көшелеріндегі сауатсыз жарнамаларды тізе берсе, газеттің тұтас нөміріне сыймайтынын оқырман да сезіп отырған шығар…
Жәнібек ӘЛИМАН
Суреттерді түсірген автор.