Бас тақырыпБасты тақырыпҚарқаралы

Аппаз ауылында заманауи жаяу жүргіншілер көпірі салынды

Қарқаралы өңірінің шағын елдімекендерінің бірі – Аппаз ауылында тұрғындардың көп жылдар бойы көкейінде жүрген мәселе шешімін тапты. Енді ауыл адамдары өзен үстінен қауіпсіз әрі ыңғайлы өту мүмкіндігіне ие болды. Мұнда ұзындығы 83 метр болатын заманауи аспалы жаяу жүргіншілер көпірі салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Сурет Қарқаралы ауданы әкімдігі

Ауылды екіге бөліп ағатын Аппаз өзені тұрғындардың күнделікті тіршілігіне біраз қиындық тудырып келген еді. Әсіресе, көктемгі тасқын мен күзгі жауын кезінде өзен суы көтеріліп, бір беттен екінші бетке өту қауіпті болатын. Сол себепті оқушылар мектепке бару үшін, егде жастағылар дәрігерлік пунктке немесе дүкенге жету үшін айналма жолмен жүруге мәжбүр еді.

– Бұл көпір – біздің көптен бергі арманымыз еді. Бұрын өзен-нен өту үшін тәуекелге баратынбыз. Енді балаларымыз мектепке, тұрғындар жұмысына қауіпсіз бара алады, – дейді ауыл тұрғындары.

Көпірдің жалпы ұзындығы –83 метр, ені – 1,2 метр, ал тіреулері мен арқалықтары тот баспайтын беріктендірілген металл конструкциядан жасалған. Арнайы қоршаулар мен жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың тәуліктің кез келген уақытында қауіпсіз өтуіне жағдай жасалған.
Ауыл халқы көптен күткен нысанның ашылу салтанатына түгел жиналды. Тұрғындар мердігер ұйымның еңбегіне де жоғары баға берді. Қарқаралы ауданында соңғы жылдары ауылдарды дамытуға бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – осы Аппаз ауылындағы аспалы көпір құрылысы. Мұндай жобалар елдімекен тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдың тартымдылығын күшейтуге, ең  бастысы – халықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған.

Салтанат ІЛИЯШ

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button