Балқашта тұрғын үйлердің 85 пайызы жылыту маусымына дайын
Балқаш қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, жылу беру маусымына дайындық – басты назарда. Соңғы екі жылда қалада 32 шақырымға жуық жылу құбырлары жаңартылды. Оның 25 шақырымы 2024 жылы ауыстырылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу көрсеткіші 75 пайыздан 65 пайызға дейін төмендеген. Бұл туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрболат Бөлеген мен «Балқаш Жылу» ЖШС директоры Мақсат Нұрмағанбетов мәлімдеді.

– Биылғы жылы да құбырларды ауыстыру жұмыстары жалғасын тапты. 24 шақырым жылу желісін жаңарту көзделсе, бүгінгі таңда құбырлар толық ауыстырылған. Жаңартылған құбырлар оң нәтиже беріп, апаттық жағдайлардың саны айтарлықтай азайды. 2023-2024 жылғы жылыту маусымында қалада 110 апаттық жағдай тіркелсе, 2024-2025 жылғы жылу маусымында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмендеді. Атап айтқанда, жылу маусымында 72-сі кварталішілік, ал, 6 жағдай магистралдық желілерде орын алды, – деді «Балқаш Жылу» ЖШС директоры Мақсат Нұрмағанбетов.
Спикерлердің айтуынша, бүгінде қаладағы әлеуметтік нысандардың 100 пайызы, ал, тұрғын үйлердің 85 пайызы жылыту маусымына дайын. Саяқ кентінде екі қазандық толық жөндеуден өткізіліп, жұмысқа дайын тұр. Үшінші қазандықтағы жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Жылу тарифі мәселесіне де тоқталған мамандар жаңа маусымда бағаның көтерілмейтінін айтты. Көктемде жылу орталығының бастамасымен тариф бір рет көтерілген болатын, алайда, қазіргі таңда тариф қайтадан өспейді деп сендірді.
– Қазіргі таңда жылу орталығы 135 мегаватт жылу береді. Бұл – Балқаш қаласы мен Қоңырат шағын ауданы үшін жеткілікті көлем, – деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрболат Бөлеген.
Мекеме басшысының мәліметінше, 580 шаршы метр аумақта жылу құбырларын қаптау жұмыстары жүргізілген. Сорғы станцияларында жөндеу аяқталып, магистралдық желілерге қысым беру арқылы тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардан кейін құбырларды шаю кезеңі басталады. 3 қазанда әлеуметтік нысандарға, 10 қазанда тұрғын үйлерге жылу беріледі. Қала алдағы қысты сенімді қарсы алуға толық әзір.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ