АбайАймақ

Апаттың алдын алып, ауыздықтайды

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің өкілдері хабарлағандай, жыл басынан бері Абай ауданында техногендік сипаттағы 44 өрт оқиғасы орын алып, өкінішке қарай, соның салдарынан 4 адам жарақаттанып, 2 адам қаза тапқан.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Яғни, 2025 жылдың 1 қаңтарында Абай қаласының Шерубай батыр көшесіндегі бес қабатты үйдің төртінші қабатында орналасқан пәтерде 30 шаршы метр аумақтың есік-терезелері, тұрмыстық заттар мен жиһаздар от құшағына оранған. Дәлізден жансыз жатқан үй иесінің денесі табылды. Осы пәтердің асханасынан шыққан өртке сөндірілмеген темекі себеп болған. Ал, 22 қаңтарда Вольный ауылының Степная көшесінде 15 шаршы метр аумақта жеке тұрған үйдің төбе шатыры мен едені, есік жақтаулары, тұрмыстық заттар өртенген. Өрт орнынан 1970 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Оның шығу себебі – пешті жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау.

Міне, осындай апатты оқиғалар мен қайғылы жағдайларды болдырмас үшін, халық арасында өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында Абай ауданының төтенше жағдайлар бөлімі алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Оның басым бағыттарының бірі жеке сектор мен саяжай алаптарының иелерімен түсіндіру жұмыстарын өткізу болып отыр. Соған байланысты, аталған бөлім қызметкерлері үй-үйді аралап, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша нұсқамалар өткізіп, жадынамалар таратып, автономды өрт хабарлағыштарын орнату және оларға техникалық қызмет көрсету қажеттігін еске салуда.

Бұл орайда өрт қауіпті нысандарға – автожанармай құю бекеттеріне, өнеркәсіп кәсіп­орындарына, қойма орындарына ерекше назар аударылады. Қадағалау органдары өкілдерімен бірлескен тексерулер ұйымдастырылып, соның барысында өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы анықталып, дер кезінде шара қолданылып, жойылуда.

Сонымен қатар, білім беру мекемелерімен тығыз ынтымақта мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері үшін ашық сабақтар, конкурстар, өрт сөндіру техникасының қатысуымен практикалық сабақтар да өткізілуде.

Осындай алдын алу шараларының арқасында биылғы жаздың аптабы басталғалы Абай ауданында үлкен аумақты қамтыған өрт бола қойған жоқ. Тек Құлайғыр ауылдық округі мен бірді-екілі жерлерде тұтанған өрт ошақтары өршімей, уақытында сөндірілген. Демек, «Сақтансаң, сақтайды» деген сөздің шындығы да осында жатыр.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Абай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button