Бас тақырып

Апат себебін арнайы комиссия анықтайды

Сейсенбіде өткен Үкімет отырысы бір минут үнсіздікпен басталды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов бастаған Үкімет мүшелері Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілерді үнсіздікпен еске алды. Премьер-Министр бүтін елдің қабырғасын қайыстырған ауыр қазаға байланысты кеншілердің туған-туыстарына, жақындарына көңіл айтты. Содан соң апатқа байланысты жағдай қаралды. Премьер-Министр апатты тергеп-тексеруге қатысты арнайы Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатқанын, ол комиссияға өзі басшылық ететінін мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептерін анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.

 

«Барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Денсаулық сақтау министрлігі емделіп жатқан әрбір кеншінің жағдайын бақылауда ұстасын. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Мемлекет басшысы тиісті тапсырмалар берді», – деді Премьер-Министр.

Қайғылы оқиға жөнінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді. 28 қазанға қараған түні сағат 2-ден 36 минут кеткенде Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте өрт шығып, одан кейін метан-ауа қоспасы жарылған. Оқиға орнына дереу Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының күштері жұмылдырылды.

– Апат кезінде ауысымда 252 кенші болған. Оның 201-і өз бетінше көтеріліп, оның бесеуі құтқару қызметінің күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды. Қазір қаза тапқан 40 адамның жеке басы белгілі, алтауы анықталған жоқ. Ол үшін қажетті тиісті сараптамалар жүргізіледі. ДНК талдауын өткізу жоспарда.

Электр қуатының жоқтығы, тау-кен қазбаларының ұзындығы және көптеген бұзылған механизмдер іздеу жұмыстарын қиындатты. Су басқан қазба орындарына жету қиынға түсті.

Қазіргі таңда ашық өрт ошақтары жоқ. Газ жағдайы қалыпты. Шахта қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Апат себептерін тексеру аясында Үкіметтік комиссия мүшелері шахтаға түсті. Нәтижесінде өте маңызды бұзылулар анықталды. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен, 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету қондырғылары қираған. Тергеуге Қазақстаннан, жақын және алыс шетелден сараптамалық ұйымдар тартылды, – деді Сырым Шәріпханов.

Жалпы, 30 қазаннан бастап, Қарағандының бес шахтасында өндіріс процесі қайта жанданды. «Тентек» шахтасында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Қазақстан» шахтасында аэрогаз жағдайы бақылауда.

Облыс әкімі Ермағанбет Бө­лек­паев аймақта кеншілерге қа­тыс­ты жағдайды баяндады. Аймақ басшысы облыстық жедел штабтың жұмысына тоқталды.

– Костенко шахтасындағы жағ­дай бойынша облыстық жедел штаб жұмыс істеуде. Медициналық мекемеде 27 зардап шеккен кенші бақылауда. 24 кеншінің жағдайы – орташа, біреуі – ауыр­лыққа жақын, екеуі – қанағаттанарлық. Барлық пациент қажетті медициналық көмек алды. Оңалып келеді. Қаза тапқан әрбір кенші отбасына депутаттар мен мемлекеттік орган басшылары бекітілді. Олар жерлеу рәсімдеріне қатысып, тиісті төлемдер­ді бақылайды, тұрмыстық проб­лемаларды шешеді. Жерлеу рә­сімдеріне, еске алу кештеріне көлікпен қажетті көмек көрсетілуде. Сондай-ақ басқа өңірлерден, алыс-жақын шет елдерден келетін туыстары, жақындарын жеткізуге жәрдем берілді. Қаза тапқан кеншілердің әлеуметтік портреттері әзір. Көпбалалы, жалғыз асыраушы және кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасылар анықталды. Ипотекалық, басқа да несиелер мен тұрғын үй жағдайлары туралы ақпараттар жиналды. Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына мемлекет тарапынан материалдық көмектің барлық түрі түсіндірілуде. «АрселорМиттал Те­міртау» компаниясы жерлеу шығындарын ұйымдастыру және төлеу бойынша міндеттемелерді орындауда. Компанияның қалған міндеттемелері кезең-кезеңмен іске асады. Оны облыс әкімдігі бақылауда ұстайды, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Костенко шахтасында кеншілердің қаза болуына байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестиция­лық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын атап өтті.

– Биыл тамыз айында да «АрселорМиттал Теміртауда» осындай апат орын алған болатын. Онда 5 шахтер қаза тапты. Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндіріс­тегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланыс­ты. Бұл – бірінші кезек­те, кәсіпорын басшылығының кінәсі, – деді ол.

 

Премьер-Министр компания басшылығының өндіріс жұмысы­нан өздерін шеттетіп тастағанын, мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соқтырғанын айтты.

– Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында, – деді Үкімет басшысы. Оның ай­туынша, арнайы комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады.

– Қарағанды облысының әкім­дігі мен Төтенше жағдайлар минис­трлігі апатты жою жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Ең бастысы – қаза тапқандардың от­ба­сыларына барлық көмекті көр­сетіп, зардап шеккендердің денсаулықтарын қалпына келтіру. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды, – деді Әлихан Смайылов.

Бұдан соң Үкімет отырысында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыратын курстар, сондай-ақ несие беру және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау кезінде тәуекелдерді азайту жөніндегі заңнамалық түзету­лер талқыланды. Бұл жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баев пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов баяндама жасады.

Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіне осы жылдың соңына дейін құжаттар беруді оңайлату және соттан тыс банкроттықты қолдану рәсімін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды, Оқу-ағарту министрлігіне оқу бағдарламалары аясында қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауды, Ғылым және жоғары білім министрлігіне бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауды тапсырды.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі мәселенің бірі туризм болды. Құзырлы орындардың айтуынша, жыл соңына дейін ішкі туристер саны 9 млн. адамға жетпек. Бұл болжамды Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жеткізді. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, биылғы жартыжылда 3 млн-нан астам қазақстандық ел ішінде саяхат жасаған. Инвестиция көлемі 400 млрд. теңгеден, ал кәсіпкерлердің табысы 100 млрд. теңгеден асып жығылыпты.

Әлихан Смайылов турис­тік нысандарды қажетті инфра­құ­рылыммен қамтамасыз етуді, туристердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдауды жүктеді. Сонымен бірге, Қазақстанның шетелдегі ту­ристік әлеуеті туралы ақпаратты белсенді жүргізуді, туризм саласын цифрландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді міндеттеді.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button