Апат алаңындағы арпалыс
Түркиядағы апатты жағдайды елдің есіне сала бергіміз келмейді. Алайда, Қарағандыдан аттанған құтқарушыларымыз елге аман-есен жетіп, Нурдагы қаласындағы апаттан кейінгі ахуалды, арпалысты әсермен әңгімелеп берді.
Қарағандылық құтқарушылар Түркияға 8 ақпан күні екінші бортпен ұшқан еді. Газиантеп провинциясына қонып, кешкілік Нурдагы қаласына жетісімен құтқару жұмысына кіріседі. Сол күні-ақ, төрт тәулік бойы үйіндінің астында қалып қойған үш адамды құтқарып қалды.
– Нурдагы қаласына жете сала бізге алты қабатты үйдің үйінділерін аршу тапсырылды. Толығымен қираған екен. Әуелі жергілікті мамандардан үйде қалған адамдардың санын жобалап, біліп алдық. Арнайы техникалардың, құрал-жабдықтардың көмегімен аршуға кірісіп кеттік. Мүмкін жерлерге жер бауырлап кірдік. Әлдене дыбыс естіліп қалар деген үмітпен. Сол сәтте әйелдің дауысы естілді. Барлап барсақ, плитаның бір бұрышында отыр екен. Анасы мен қызы. Бізді көре сала су сұрады. Ол кісілер екінші қабатта тұрған екен. Құдай қағып, жертөлеге қашып түсіп, плитаның астына тығылып, аман қалыпты. Біз қайранбыз, – дейді Қарағанды қаласының №2 құтқару бөлімшесінің басшысы Руслан Сойко.
Жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Сергей Тарынин іле-шала тағы біреудің терең тыныстап жатқанын естігендерін айтты. 60 жастағы ер адамның қолы мен аяғы есікке қыстырылып қалыпты. Бұл кісіні құтқарушы Думан Хамзин байқап қалған.
– Табылған кісінің есту және сөйлеу мүкістігі бар екен. Біз үйіндіден тез шығарып алып, дәрігерлерге тапсырдық. Жұмысымыздың соңғы күнінде бізге ағасын іздеген бір азамат келді. Фотосуретінен біз құтқарып алған кісі екенін бірден таныдық. Бұл оқиғадан соң, шыны керек ғайып деген дүниеге сенетін болдым, – дейді Сергей Тарынин басын шайқап.
Сонымен қатар, құтқарушылар үйінділерді аршу кезінде сейфтердің, бағалы заттардың да табылғанын айта кетті. Бәрін түркиялық құтқарушыларға табыстапты. Онымен қоса, тотықұстардың торын да тауып алыпты. Тор аздап майысқан екен. Бірақ, ішіндегі құстар зардап шеге қоймапты. Бірден қожайындары алып кетіпті.
Құтқарушыларымыз үйінді арасынан қаза болғандардың мәйітін алып шығу оңайға түспегенін алға тартты. «Ерік-жігерімізді тас қылып алуға тура келді. Ол жақтағы әрбір минут, тіпті секундтың маңызы өте зор болды», – дейді жігерлі жігіттер.
Нурдагы қаласында қарағандылық құтқарушылар үйінділерден 11 адамды аман алып шықты. Тағы 90-ға жуық жарақаттанғандар дәрігерлердің көмегіне жүгінгенін жеткізе кеткен жөн болар. Осылайша, Нурдагыдағы нұрлы іске азаматтарымыз абыроймен атсалысып келді.
Қасымхан ҒАЛЫМ.