Бас тақырып

Апат айтып келмейді

Биыл қар әдеттегіден көп түсті. Күн күрт жылып берсе, тасқын суға төтеп беру қиындық тудыратыны анық. Десек те, алдын ала қам жасау – тасқынға аз да болса тосқауыл. Жергілікті билік пен төтенше жағдайлар департаменті де дабыл қағып, мәселені жіті назарда ұстауда. Болжам бойынша, мамандар облыстағы 174 елді мекенді су басу қаупі басым. Бұл – әр жылдары қызылсу шайған ең қауіпті аумақтар. Өңірдегі Нұра, Шерубай-Нұра, Сарысу, Тоқырауын, Талды өзендеріндегі су мөлшері жылдағыдан 68 пайызға жоғары. Осыған орай үлкен су қоймаларын ең төменгі шекті мөлшерге дейін ортайту жұмыстары басталды.

Жаман айтпай, жақсы жоқ

2014 жылдың 31 наурызы. Бұқар жырау ауданы, Көкпекті ауылын су басты. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өзен жағасындағы 70 үйдің 210 тұрғынын және Сұрыптау кентіндегі 30 үйдің 150 адамымен бірге көшіріп, туған-туыстары мен мектеп ғимараттарына орналастырған. Өкініштісі, Көкпектідегі су тасқынан 5 адам қаза болған. 12 адам жарақат алды. 300-ден астам үй-жай үйіндіге айналды. Апат салдарынан келген залал 1 млрд. теңгеге бағаланды.

2015 жыл. Бұқар жырау ауданының Садовое және Ғабиден Мұстафин ауылдарын 11 сәуірде қарғын су басып, ауылдан төрт мың адам көшірілді. Елдімекендегі 900 үйдің 700-і судың ортасында қалды. Сел кезінде екі адам ауылдан көшуден бас тартып, үйлерінде қалған. Көп ұзамай, бұл адамдардың қаза тапқаны хабарланды.

2017 жыл. Қарқаралы ауданы Бесоба ауылының маңында болған оқиға Арқа жұртының қабырғасын қайыстырды. УАЗ 220695-440 маркалы көліктің жүргізушісі өзен суының тасуына байланысты көлік тізгінін игере алмаған. Содан көлік қар суы ағып жатқан өзенге қарай құлап кеткен. Көлікте 14 адам болған. Апаттан екі адам көз жұмды. Сәуір айының басында Қарқаралы ауданы Нұркен Әбдіров ауылында мал іздеп шыққан ағалы-інілі жігіттер Қопа өзеніне ағып кетті.

2019 жыл. Жаңаарқа ауданы, Атасу станциясының тұрғыны суға кетіп қаза болды. 1963 жылғы азамат 29 наурыз күні мал іздеуге шығып, қайтып оралмаған. Төтенше жағдайлар қызметі марқұмның денесін 30 наурыз күні тапты.

2019 жыл: қарғын су әлегі

Өткен жылдың 27 наурызында Жаңаарқа ауданы Атасу станциясында қар еріп, 7 үйді су басу қаупі туындады. Бұл күні осы ауданның Орынбай ауылында Сарытас шоқысынан еріген қар суының қарқынды түрде түсуіне байланысты 8 үйді су басты.

Жаңаарқа ауданының аумағында Сарысу өзенінің бассейнінде су деңгейі көтерілуіне байланысты аталған аймаққа Қарағанды және Жезқазған қалаларының ТЖД бөлімшелерінен 38 адам, 8 техника, 3 жүзу құралы, 4 мотопомпа жіберілді.

Бір тәулік аралығында екі автожол үстінен су жүріп кеткен. Қарқаралы ауданында республикалық маңызы бар «ҚарағандыАягөз-Бұғаз» автожолының 137-ші шақырымында ені 100 метр, биіктігі 5-10 см. асатын су өткелі пайда болды. «АқшатауҚызылорда-Павлодар» автожолының 165- 166-шы шақырымында «Бидайық-Көктінкөл» учаскесінде қар еруі салдарынан ені 300 м., биіктігі 20-30 см. су жүрді.

Сондай-ақ, 28 наурызда Абай ауданы Құлайғыр ауылында қар еріп, Топар өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан 6 ауланы су шайған болатын. 30 наурыз күні облыстың бұрынғы әкімі Ерлан Қошанов аймақтағы су тасқыны қаупі бар елді мекендерді тікұшақпен аралады. Ерлан Жақанұлы Қызылқой ауылына қонып, тасқын уақытында атқарылып жатқан шараларды қадағалады.

«Қызылқой ауылынан су кетті, 2 үй қалпында. Бірақ, 9 үйдің ауласына су жеткен. Жергілікті билік ауыл тұрғындарына барлық қажетті көмек көрсетуде», – деп жазды Ерлан Қошанов Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Өткен жылы абырой болғанда қарғын судың қаупі аса қатты әбігерге сала қоймады.

ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, өткен жылы өңірдегі көктемгі су тасу маусымына дайындыққа, апаттың алдын алу жұмыстарына бюджеттен 1 млрд. 900 млн. теңге қарастырылған. Құтқару және басқа да жедел шаралар үшін күштік құрылымдар мен жергілікті билік тарапынан 7 мың адам жасақталып, 2665 техника әзірленген.

Қатаң ескертеді

Апат айтып келмейді. Дегенмен, бұл қауіп төндіріп тұрған қызылсу салдарынан «айдың-күннің аманында» адам шығындары болған апаттарды жоғарыда келтірдік. Әуелгі себеп – тілсіз жаудың өзі болса, одан кейін алдын ала дабыл қаққан Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің сөзіне құлақ аспау. Сақтықта қорлық жоқ. Осы орайда департамент өкілдері қатаң ескертеді:

«Көктемгі қарқынды қар еру, ұзақ қолайсыз ауа райы, мұз жүру кезінде өзен жағалауларында тоқтамаңыз. Өзен сағаларында және су қоймалары бөгеттеріне жақын орналасқан саяжай учаскелеріне барудан бас тарту керек. Өзендердің, арналардың, терең және кең жыралардың үстінен өтетін құбырлар мен басқа құрылымдардан өтпеңіз. Жазатайым оқиғаны болдырмау үшін белгіленбеген және белгісіз жерлерде өзендер, каналдар және басқа да су қоймалары арқылы мұз үстімен өтуге және жүруге болмайды. Балаларға өзендердің, қазаншұңқырлар мен терең жыралардың жанында ойнауға тыйым салу керек!»

Мамандардың айтуынша, өзендердің бас жағындағы сең сөгіліп, топырақ шайылып кетсе, су лезде жайылуы мүмкін. Тұрғындарға қапылыста тасқын болса, қыратты жерге шығып кетуге кеңес береді. Жұрттан үйден кетер алдында мұрша болса, суды, газ бен электр жарығын өшіріп кетуді сұрайды. Бұған қоса үйдегі бағалы заттарды мүмкіндігінше ғимараттың үстіңгі қабаттарына немесе шатырға шығарып, ал мал тұратын қора-сарай есіктерінің ілмегін ашып қоюға кеңес береді. Жұртқа терезе әйнектері сынып, үйге су ағызып әкелген қоқыс кірмеуі үшін су тасқыны қаупі туралы дабыл түскен бетте үйлердің есік-терезелеріне тақтай шегелеп тастауға, қайық сияқты суда жүзетін құралдар әзірлеп қоюға кеңес береді.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button