Спорт

Апалы-сіңлілі Азия чемпиондары

Бокстан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында рингке көтерілген Нұра өңірінің қос өрені 2009 жылы туған Камила мен 2010 жылы дүниеге келген Аяулым Оспановалар чемпион атанып, жеңіс тұғырының биік сатысына көтерілді.

СУРЕТТЕ: Азия чемпионатында топ жарған Камила және Аяулым Оспановалар.

Камила үш дүркін облыс және үш дүркін республика чемпионатының, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибрагимов турнирінің екі мәрте жеңімпазы. Сербияда, Латвияда, Италияда өткен халықаралық турнирлерде топ жарды. Ол сондай-ақ 2024 жылы Абу-Дабиде өткен Азия чемпионатының жүлдегері атанып, биыл Иорданияда Азия чемпионы атағын жеңіп алды.

Аяулымның мәртебесі апасынан асып түспесе, кем емес: облыстың және республиканың үш дүркін, Ермахан Ибрагимов турнирінің екі мәрте, Сербияда, Латвияда, Ресейде, Италияда өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 2024 жылы Абу-Дабидегі Азия чемпионатында тұғырдың биік сатысына көтерілсе, биыл Иорданияда өткізілген құрлық біріншілігінде екінші мәрте чемпион атанды.

Көпбалалы отбасында өскен апалы-сіңілі Оспановалар облыстық спорт мектебінде тәрбиеленуде. Болашағы зор спортшыларды Рамазан Мизанбаев баптап, жаттықтырады. Бір атап айтатын жағдай, жаттығу кезінде Аяулым өзі қатарлас жасөспірім ұлдардан асып түсетін көрсеткіштерді игеруде.

Қазақстан чемпионатындағы және Азия біріншілігіндегі жеңіс­терінен кейін спорт мектебінің басшылығы апалы-сіңілі Оспановаларды «Спорт шеберлігіне үміткер» атағына ұсынды.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button