Бас тақырып

Қаныш ескерткішінің алдына гүл шоқтары қойылды

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні және Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Қарағанды қаласында Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, құрметті қонақтар қатарында зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ақсақалдар болды. 

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Бүгін Қазақ елі үшін айрықша күн. Қазақ ғылымының бастауында тұрған Қазақ ғылым академиясының негізін қалаған ұлт перзенті Қаныш Сәтбаевтың – 125 жылдық мерейтойы. Айтулы күнге орай «Қазақ ғылымының күні» деп белгіленуінің өзінде үлкен сабақтастық, үндестік жатыр. Қазақ мемлекеті аяғынан нық тұрып, қиын қыстау күндердің өзінде қазақ ғылымының негізін қалаған, қазақ жерінің қатпарында жатқан қазынаны зерттеп, ұлттың игілігіне ұсынған Қаныштай ұлы тұлғаның туған күніне орай осы күнді бекіту – елге деген құрмет деп білемін. «Халқым – менен де биік» деп ұлтына қалтқысыз қызмет етіп, өшпес өнегесін көрсеткен Қаныштай ғұламаның болуы біз үшін мақтаныш, – деді Ерлан Бейсембайұлы. 

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры Арыстан Ибатолла ғалымның көзін көрген жанның бірі.

Өз сөзінде естелігімен бөлісіп, ғалымның еңбектеріне қысқаша тоқталды.

– Әрбір ұлттың өркендеуінде, мемлекет құруында жұлдызды із қалдырған тұлғалар болған. Қазақ халқының маңдайына жарқырай біткен сондай жұлдызды тұлға – Қаныш Сәтбаев. Кешегі әл-Фараби бабамыздың ғылым-білім жолындағы жолы мың жылдыққа кетсе, екінші мыңжылдықты жалғастыратын – Қаныш ағамыз. Қаныш ағамыздың бізге тастап кеткен мол мұрасы әлі игерілмей жатыр. Ол кісі сол кездегі қиын-қыстау заманға қарамай еліміздің экономикасын көтеруге үлкен үлес қосқанын жақсы білесіздер. Басына қандай қиыншылық келсе де соған қарамай үлкен мұра қалдырды. Ашаршылық жылдары кезінде жағдай қиындап кеткен еді. Соған қарамастан Қаныш туыстарын өзі тәрбиелеп, ашаршылықтан аман алып қалған. Бізге қалдырған ұлағатты істерін, соңында қалдырған жақсы қасиеттерін кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – сіз бен біздің парызымыз.

1958 жылы ІІ студенті едік. Қарағандыда көшпелі сессия тау-кен институна келіп, кездесу өткізген. Сол кезде біз ғылымды онша білмейтінбіз. Бірақ, тау тұлғасына қарап, киген киіміне, түр әлпетіне қарап қайран қалып едік. Мінберге шығып, кен орындары жайында бүге-шігесіне дейін айтып берді. Біз болсақ ол кісінің айтқандарын ұйып тыңдап отырдық. Мінберден түсе бере жанымызға келіп «Шапық ағаларың осында Ертістің суын әкелейін деп жатыр. Мұнда «Магнитка» деген үлкен зауыт салынайын деп жатыр. Қарағандының маңында қаптаған кен орындары болады. Болашақта бұл әсем өлке болады. Осындай өлкеде, өндіріс орындарында жұмыс істейін деп жатырсыздар. Бірақ, сендер білікті маман болуларың қажет. Егер білімді болмасаңдар ештеңе де болмайды. Ал, мен сендерге сенемін деп жастарға сенім артқан еді, – деп естелігімен бөлісті Арыстан Ибатолла.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button