Қаныш қастерлеген қазына
Көпшілік қауым ең алдымен, Қаныш Сәтбаевты дарынды инженер, геология ғылымының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанда Ғылым академиясын ашушы ретінде түсінетіні аян. Ал, шынтуайтында, халқының келісті келешегін ойлап, ғылым ордасын биікке көтерген бірегей тұлғаның бойында сан қырлы өнердің жиынтығы, бір сырлы жұмбақ әлем жатқандай. Оның бір ғана қыры Қанышекең (замандастары солай құрметтеген) жинақтаған рухани мұралардан әрі өнерге деген шек-күмәнсіз құрметі мен әділеттілігінен көрініс табады.
Ең алдымен, болмыс-бітімі тұрғысынан оқшауланып, бөлек тұрған тұлғаның әділеттілігі туралы өз замандасы Ахмет Жұбанов жазған төмендегі жолдардан жыға танығандаймыз. «Қай уақытта барсаң да, есігі ашық, пейілі кең, қырағы ойы алдағыны болжап отыратын, сенің барып отырған жұмысыңның шамасын байқап отыратын. «Анау олай депті, мынау былай депті» дейтін әңгімелерді жек көретін. Сондықтан, академия ішіндегі жұрт Қанышекеңнің басын ондай әңгімелермен ауыртпауға тырысатын». Бұндай мінез бен дағды бүгінгі ел басқарған басшылардың бойынан табылып жатса, әрине, нұр үстіне нұр.
Туған халқының қастерлі қазынасына құрметпен қарағандығы Қаныш Сәтбаевтың ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, бай мұраны өз кезінде тиісінше зерделі зерттеушілерге беріп тұрғандығынан анық байқалады. Әсіресе, мұң-шер, тарихи өлеңдер жайындағы жинақтау жұмыстары дегдар ғалымдар тарапынан шынайы бағасын алған. Қазақ фольклортану ғылымында өзіндік үлесі бар ғалым Б.Уахатовтың мына бір пікірі – соның дәлелі. «Ал, совет өкіметінің алғашқы жылдарында бұрыннан жатталып келе жатқан ауыз әдебиетінің әр алуан үлгілерін, соның ішінде, әсіресе, жаңа дәуірде туған өлең-термелерді жинап, бастыру жұмысы айрықша күн тәртібіне қойылды. Бұған С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Қ.Қуанышбаев, Ә.Жангелдин, Е.Өмірзақов, Е.Ысмаилов, Қ. Жандарбеков, Ғ.Құрманғалиев, Ә.Қашаубаев. С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов тәрізді халықтың қалың ортасынан шыққан белгілі ақын, көрнекті жазушылары мен әр алуан мамандық иелері дерлік қатысты. Соның ішінде, академик Қ.Сәтбаевтың бір өзінен ғана жиырмадан аса ән текстісі жазылып алынған. Осы пікірдің бір дәлелі ретінде Қ.Сәтбаевтың А.Затаевичке жиырма бес шамасында ән бергенін, кейін қазақ филиалының қорына алғандығы жөнінде деректер бар».
Айтулы ғұлама ғалымның есімі Жезқазғанға байланысты айтылатыны, ашқан ірі де іргелі істерін барша жұрт жақсы біледі. Алайда, оның ісі мұнымен шектелмейтіндігін сол сахарада тұрған өте көне ескерткіш «Таңбалы тас» жазуын зерттегендігінен де білер едік. Ескі дәуірден келе жатқан «Таңбалы тас» жазуы сандаған ғасырлар бойында Қазақстан өлкесін қоныстанған тайпалардың тасқа жазып түсірген мыңдаған таңбалары, ел басқарушылардың қол қойған аттары, ұрандар, тасқа түскен әдемі өрнектер, «қошқар мүйіз», «түйе табан», «кісінің ізі», «аттың ізі» және тағы басқалар. Міне, осындай көптеген таңбалардың қазақ өрнегінің нақыштарына ұқсастықтарын байқап, 1928 жылдары ғылыми қауымға алғаш ой салғандардың бірі Қаныш Сәтбаев еді.
Бұған қоса, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеушілерге Қ.Сәтбаевтың берген ақыл-кеңестерінен, өнер адамдарымен кездесу сәттеріндегі сөйлеген сөздерінен халқының рухани қазынасына деген селкеусіз сүйіспеншілікті, ерекше ықылас пен құрметті танығандаймыз. Бұл – аса қабілетті адам бойындағы қарапайымдылық пен жоғары биік мәдениеттілікті айғақтайтын көрсеткіш. Қаныш Сәтбаевтай қайраткердің артында кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге аларлық қаншама ғибрат қалды. Бүгінде бертіндегі ауызша айтылып, халық арасына бірден-бірге көшіп жүрген дүниелердің жинақталуына аса ыждаһаттылықпен көңіл бөлу қажет. Осы орайда, Қаныш Сәтбаевтың тамаша ой-тұжырымдары, сұхбаттасқан адамдарға қайтарған жауаптарын жинақтау барысында ғұлама ғалымның шешендігі жайында да тамаша ұғым қалыптасар еді. Интеллектуалдығы жоғары адамның көптеген кездесулердегі сөйлеген сөздері айтылды десек, сол қанатты сөздердің дер кезінде жазылып қалмағандығы да өкінішті. Дегенмен, Қанышекеңді білетін замандастарынан, бірге жүріп, әріптес болған зиялылардан жазып алуды жолға қою қажет. Сонымен қатар, Қ.Сәтбаевтың жинақтаған ауыз әдебиеті үлгілеріне, өзі сүйіп айтқан әндеріне жан-жақты тексерулер жасау да байыпты ізденістерді айғақтар еді.
Жоғарыдағы қазақ музыка мәдениетіне өшпес із қалдырған композитор, ғалым Ахмет Жұбановтың, «Қанышекеңнің Қазақстан жағдайындағы ісінің аумағы, көлемі, мәні өзіне әзір теңеу таппайтын іс. Өзімен бірге кетіп қалғанымен қатар, бізге қалғаны да мол», – деуі соны меңзейтінін әсте ұмытпағанымыз абзал. Халықтың тарихи санасын ояту – зиялы қауымның басты міндеті. Сол келелі істі арқалағандардың бірі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болатын. Дарынды ғалымның көзін көрген, кезінде армандары бір болған академик Ә.Марғұлан өз естелігінде Қаныш туралы көптеген деректер қалдырған. Соның бір дәлелі ретінде ол былай дейді. «Оқудың бос уақытын студент Қаныш бір ғана іске, ой-санасын байытуға жұмсайды. Бос уақытын Том университетінің бай кітапханасында өткізіп, қазақ халқының тарихы, этнографиясы, әдебиеті туралы жазылған деректерді үңіле оқиды. Олар жайында бірнеше мақала жазып, кейбір әдебиет үлгілерін баспаға дайындайды. Қаныштың бастауы бойынша университет жанынан Күншығыс мәдениетін зерттейтін ғылыми үйірме ашылып, оған Томда оқитын студенттер қатынасады», – деп жазады. Дәл осы естелікте Қаныш ағамыздың түркі халықтары туралы баяндама жасағаны, әрмен қарай түркі тектес халықтардан құралған студенттермен бірігіп, сауық кештерін өткізіп, онда әр халықтың ән-күйлерін, жыр, өлеңдерін орындағандары айтылады. Осы сауық кеште Қ.Сәтбаевтың қазақ халқының ән-күйлерін айрықша насихаттағандығы туралы тыңғылықты деректер берілген.
Қаныш өмірін ұлықтап, насихаттау ісінде айтарлықтай еренғайып еңбек қалдырған жазушы Медеу Сәрсеке өзінің қырық жылдан астам есіл ғұмырын Қанышқа арнағаны мәлім. Өз естелігінде Қаныш Имантайұлының алып сахарада жүріп, қазақ халқының көне дәуірдегі естеліктері мен ескерткіштерін кейінге үлгі-өнеге етіп, әдебиеті мен мәдениетін елден ерек сүйген ғалым ретінде дәріптейді. Қаныштың ғылымдағы игі жетістіктерін өскелең ұрпаққа үлгі етеді. Жазушының «Қаныш елі», «Қазақтың Қанышы», «Дала дарыны» атты туындыларында ұлтымыздың ұлы перзентін ұлықтаудың үздік үлгісін көрсетті.
Қазақтың құрметті Қанышының жолы – қасиетті жол. Сол жолдың бір үзігі халық қазынасына деген сүйіспеншілік пен махаббаттан тұратындығына талас жоқ.
С.ШАХИНА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры.