Ресми

Қанша адамға баспана бұйырады?

Қарынның тоқтығы баспананың жоқтығын бүтіндей алмайды. Әркімнің басыбайлы меншік үйі болмайынша, тірлікте береке табу – қиын. Жалпы, Қарағанды облысында баспана құрылысының қарқыны ел бойынша алдыңғы бестікті иеленеді. Бірақ, бұқараның қажеттілігін толық жабуға әлі жетпеді. Қазір баспанаға сұраныс та артуда. Мәселен, мемлекеттік тұрғын үй қорының кезегінде аймақта 33 461 азамат тұр. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 1760 адамға көбейген. Пайызға шаққанда өсім – 5,3 пайыз. Соның ішінде, әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтар кезегі 787 адамға ұлғайған. Биыл түрлі қаржыландыру көзінен 750 отбасыға пәтер бұйырады деген жоспар бар.

Бұл туралы баспасөз брифингінде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов мәлімдеді.

Сонымен, кезекте тұрғандардың әлеуметтік мәртебесі мынадай. Үйден үміт күткен көпбалалы отбасылар саны – 2666, әлеуметтің түрлі осал тобындағы азаматтар – 12 712, бюджеттік ұйым қызметкерлері – 11 688, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қатары – 6 243 екен. Бұдан бөлек, жалғыз үйі апатты деп танылған 152 азамат кезегін күтіп отыр.

– 2022 жылы барлық қаржыландыру көзінен кезектегі 900-ге жуық азаматты қамтамасыз ету жоспарланды. Іс жүзінде 983 азамат үй алды. Оның ішінде, 281 үй – «Отбасы банк» АҚ желісі бойынша кредиттік үй. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС демеушілік жасаған үй саны – 60. «Қазақмыс» корпорациясының жалға берілетін тұрғын үйі – 47.

Ал, 2023 жылдың басынан бері облыста үй кезегіндегі 91 азаматқа үй берілді,–деді басқарма басшысы Ербол Төлеуов.

Сонымен бірге, аймақта бұқараны баспанамен қамтуда өзіндік өңірлік бағдарламалардың әрекет ететінін еске салайық. Мәселен, былтыр облыстық бюджеттен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтерлері мен металлургтеріне жеңілдікпен тұрғын үйге несие беру бағдарламасын іске асыруға 1 млрд. теңге және «Отбасы банк» АҚ 700 млн.теңге бөлді. Сол арқылы компанияда еңбек ететін 134 адам баспана алып үлгерді. Оның 64-і металлург және 70-і кенші отбасы. Биыл да бұл жалғасын тапты. Осы жылы облыстық бюджеттен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Шұбаркөл Көмір» АҚ қызметкерлеріне жеңілдетілген несие беру мақсатында жалпы 1 млрд. 400 млн. теңге бөлінді. Бұл бағдарламаға «Отбасы банк» АҚ-ы тарапынан 800 млн.теңге қарастырылыпты.

Бағдарлама 5 жылға есептелген. Облыстың бес қаласында іске асады. Ол – Қарағанды, Саран, Теміртау, Шахтинск және Абай қаласы. Несиенің ең көп сомасы – 20 млн.теңге, жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз. Бастапқы жарнаның ең аз сомасы – 10 пайыз. Төлем мерзімі – 19 жылға дейін.

– Мемлекет басшысының жалдау ақысын субсидиялау туралы тапсырмасына орай облыста екінші жыл жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған үйге азаматтардың жекелеген санаттарына төлем бағдарламасы іске асырылып жатыр. Өткен жылы төлем алған ондай азаматтардың саны – 37.

Бағдарлама халықтың әлеуметтік осал тобының (1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек баласы бар отбасылар, жетім балалар және ата-­анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар) жеке тұрғын үй қорынан алған үйді жалдау ақысының 50 пайызын жабуды көздейді, – дейді Ербол Төлеуов.

Биыл болса, бағдарламаны іске асыруға облыстық бюджеттен 335 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінгі күні кезекте тұрған 47 азаматқа жалпы сомасы 452 мың теңгеге төлем жүргізілген екен.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button