Қанмен салынған пейзаж
ҚарЛагтың тағдыры адамзат тарихының беттеріне қанмен жазылды. Бұл лагерь кейінде ресми түрде «саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы» деп аталды. Мұнда саяси «қылмыскерлер» жазасын өтеді деуге келмес. ҚарЛагтың қабырғасында өз заманының дарынды суретшілері де отырды. Солардың бірі – Ирина Борхман. Лагерьде салған пейзажы облыстық бейнелеу өнері музейінде сақталған.
Ирина Борхман – 1902 жылдың 23 шілдесінде Мәскеуде дүниеге келген. Гимназияны бітіргеннен кейін педагогика факультетін тәмамдап, Вхутемаста Шестаковтан көркемдік білім алды. 1927 жылдан 1930 жылға дейін Германияның Мюнхеніндегі қолданбалы өнер мектебінде білімін жалғастырды. Содан кейін бір жыл Штарнбергтегі бейнелеу өнері институтында оқыды. Онда ол негізінен қозғалысты беру жұмысына негізделген сурет курсынан өтті. 1931 жылы КСРО-ға оралды. 1932 жылдан бастап Мәскеу, кейінірек республикалық, бүкілодақтық, 1937 жылы Париждегі Халықаралық көрмелерге белсенді қатысты.
1941 жылы фашисттік Германияның «жансызы» ретінде қуғын-сүргінге ұшырады. НКВД шешімімен он жылға сотталды және өмір бойына жер аударылды. Мерзімін өтеу орны – ҚарЛаг. 1942 жылдан бастап «Просторное» (қазіргі Ақой) ауылына, Жарық станциясына ауыстырылды. Ол тігін фабрикасында, бау-бақшада, қой фермасында аспаз, от жағушы болып жұмыс істеді. 1944 жылдан бастап көру қабілеті нашарлай бастапты. Сегіз ай емделді, кеңседе жұмыс істеді. Лагерьде сурет салуды 1948 жылдан бастаған. Сол бөлімдегі интерьерді жасады, құрылыс бөлімі бастығының кеңсесін бояды. 1950 жылы Қарабас маңындағы Таз тауға жіберілді. 1951 жылдың қыркүйегінде Ақмола облысындағы Журавлевка ауылына жіберілді. 1956 жылы 3 сәуірде босатылды. 1956 жылы 26 мамырда ақталды. 90-жылдары Мәскеуде қайтыс болды.
Облыстық бейнелеу өнері музейінде Ирина Борхманның екі картинасы сақталаған. Екеуі де – аса құнды жәдігер. Өйткені, Ирина Борхманның картиналары тек Мәскеуде, сосын осы музейде ғана бар екен.
– «Просторное» және «Даладағы ауыл». Екі картина да өнер түсінетін жандар үшін баға жетпес жәдігер. Мәскеуде және бізде сақталған картиналар шошқаның қанымен салынған. Бұл – лагерьдегі жағдайға байланысты болса керек. Тар қапаста ешкім суретшіге сапалы бояу мен қағаз әкеліп бермейді. Лагерьде адамның рухы сынып кетеді. Екінің бірі шыдас бермейді. Шығармашылық – жаныңа дем, қуат береді. Ирина Борхман осы шығармашылығының арқасында ҚарЛагтан аман шыққан шығар деген ойдамын, – деді облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Айгүл Омарова.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz