Жаңалықтар

Қанмен қамту үзілмеуі тиіс

Ерте заманда қанды тіршілік өзені деген екен. Адам бойындағы қанның айналымы жүректің соғысын, өмірдің жалғасып жатқанын білдірсе керек. Себебі, ағзаны аралап, жасушаларға аса қажетті қоректік заттар мен оттегі алып келеді әрі қажетсізін алып кетеді. Және бұл процесс үзілмейді. Сол сияқты барлық медициналық мекемелер де қан тапшылығын сезінбеуі тиіс.

Облыс көлеміндегі емдеу орындары қанды облыстық қан орталығынан алады. Бұрын осындай қан орталықтары Балқаш, Жезқазған, Теміртау мен Шахтинск қалаларында болған. Қазір қан өнімдерін өндіру, қанмен қамту – облыс орталығындағы медициналық мекеменің жауапкершілігінде.

– Біздің орталық облыс бойынша 35 аурухананы қанмен қамтамасыз етеді, – дейді қан орталығының қан өнімдерін беру бөлімінің меңгерушісі Рыскүл Икласова.

– Негізінен, барлық ауруханалардың өздерінде қан қоры болады. Әрине, ол сондай көп көлемде болмаса да, шұғыл жағдайларда алғашқы көмек көрсетуге жеткілікті. Ол қан пайдаланылып жатқанда, біз қосымша жіберіп жатамыз. Қай жерде қанша қан мөлшері қалғанын ауруханалар жіберетін күнделікті деректерден қадағалап отырамыз. Жоспарлы операция кезінде қанға алдын ала өтініш түседі екен. Әсіресе, қан кету ықтималдығы жоғары деген ота түрлерінде қанмен қамтамасыз ету – бірінші кезектегі мәселе.

– Өтініш электронды түрде жасалады. Әдетте, бізде қан қоры болады. Ал, болмай қалғанда немесе жеткіліксіз болса, донорларға хабарласамыз. Бұл жұмыспен басқа бөлім айналысады. Донорларды шақыру, қан тапсыруды ұйымдастыру жағы жолға қойылған. Тиісті қан тобының донорлары мүмкіндіктеріне қарай келіп, тапсырып кетеді. Бұл іске немқұрайлылық танытпай, жауапкершілікпен қарап, келіп жүрген барлық донорларға алғыс айтамыз, – дейді бөлім басшысы.

Шұғыл жағдайлар орын алғанда орталық мамандары да жедел әрекет етеді. Тез арада қан өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етеді. Оны жеткізу мен сақтау талаптары қатаң орындалуы тиіс. Рыскүл Сейдуллақызының айтуынша, әр қан өнімінің сақтау мерзімі әртүрлі болады.

– Қызыл қан түйіршіктері, яғни, құрамында эритроциттері бар қан компоненті 42 күн сақталады. Плазма болса, жасалған күннен бастап 3 жылға дейін сақтауға болады. Ол мұздатылады. Сосын тромбоциттер бар, оның сақтау мерзімі – 5 күн. Қанның бұл компонентіне сұраныс түссе, оны бір тәуліктің ішінде дайындайды. Вирустарға тексеру, ПТР диагностика сияқты шараларға біршама уақыт кетеді. Одан бөлек, жуып, тазаланған эритроциттер 1 күн ғана сақтауға жарамды. Ауруханалардан түскен барлық сұраныстарды 100 пайыз орындап отырмыз, – дейді маман.

Алынған қан орнына жаңасы толтырылып, орталықта қанның төмендемейтін қоры қалыптасқан. Қан топтары бойынша қорда болуы тиіс қан мөлшері орталық директорының бұйрығымен анықталады. Мәселен, бірінші қан тобынан 30-40 доза болуы керек. Және ол азайса, тез арада сол қан тобы донорларын шақырып, толтырып қою қажет. Қан орталығының басты миссиясы да осы – қанмен қамтамасыз етуді үзбеу және адам өміріне араша болу.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button