Анимация – идеологиялық майдан
Қазір қаланың ғана емес, ауылдың бүлдіршіндері де мультфильмді YouTube желісінен талғаммен таңдап алып, тамашалайды. Әрине, қазақ мультфильмдерін емес. Өйткені, сіз де білесіз, қазақ тілді контенттің қандай деңгейде екенін. Негізі, балапандардың тілі шүлдірлеп шығатыны қолдарына телефон тигелі, тіпті белең алды. Қазір ауылдық жердің өзінде сандық теледидардан түрлі канал көрсетіледі. «Balapan»-нан іші пысқан бала орыс тілді мультфильмді солардан оңай қарай алады. Отандық анимацияға қызығушылықтың аз екені осыдан-ақ белгілі.
Әлқисса
Сөзіміз дәйекті болу үшін осы тақырып төңірегінде біраз ата-анамен пікір алмасқан едік. Әңгіменің әлқиссасын сол кісілердің сөзімен бастайық.
Әйгерім ДАЙМЫШЕВА, Қарағанды қаласының тұрғыны, екі баланың анасы:
– Балаларым көбіне орысша мультфильмдер қарайды, орысша сөйлейтіндігі де содан. «Balapan» арнасында тек «Әли мен Аяны» ғана қарайды. Қалғандарына қызықпайды. «Фиксики» мультфильмін сүйіп қараймыз, өзіме де ұнайды. Бізде қазақ тілінде сондай қызықты мультфильмдер жоқ. Балаларымның ана тіліне шорқақ болуы содан деп ойлаймын. Өйткені, үйде тек қазақша сөйлесеміз. «Биліктегілер қазақша білмейді» деп жүргенде, үйдегі балаларымыз қазақ тілінен алыстап бара жатыр. Бізге қазір білінбеуі мүмкін, өкініші кейін сезіледі. Нұрбол ӘЛИН, Жезқазған қаласының тұрғыны, екі баланың әкесі:
– Екі ұлым шетелдік «Уолт Дисней», «Dream World» компанияларының шығарған дүниелерін қарайды. Неге десеңіз, олардың сапасы өте жоғары, тартымды. Кейде біз де қосылып, тамашалап отырамыз. Осы компаниялардың 1-2 туындысының қазақша аударған нұсқасын қарадық. Ұнамады. Қазақша мультфильмдерді мүлде қарамайды деп айта алмаймын. Бірақ, жоғарыда атап өткен компаниялардың өнімдерін көп көр
Сейітжан АХМЕТОВ, Осакаров ауданының тұрғыны, екі баланың әкесі:
– Өзіміз қазақ мультфильмімен өстік қой. Теледидардан таласып тұрып көретін едік. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қаңбақ шал мен Дәу», «Дастархан», «Алдар көсе» сияқты фильмдерді қанша қарасақ та жалықпайтын едік. Ал, үйдегі балалардың көретіндері, ауыз толтырып айтатындары шет елдің мультфильм қаһармандар. Жаңа жыл кешіне де солардың киімдерін іздеп кетеміз. «Неге қазақ батырларын дәріптемейміз» деген ой келеді. Біз батырлар жырын жаттап өстік. Тіпті, еліктеп өстік. Баланы мультфильм арқылы тәрбиелейміз ғой. Осыған көңіл қатты бөлінсе. Осы секілді пікірді біраз ата-ана жеткізді. Қазақ анимациялық фильміне балалар тарапынан қызығушылық аз екен, өкінішке орай. Бұл мен әңгімелескендердің пікірлерін саралай келгендегі ұйғарым.
Қазақ мультфилмінің халі нешік?
…Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, анимациялық фильмдердің негізгі өндірушісі Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы базасында құрылған «Анимациялық кино» шығармашылық-өндірістік бірлестігі. Кейінгі 3 жыл ішінде жалпы сомасы 610 миллион теңгені құраған мемлекеттік тапсырыс бойынша небәрі 6 мультфильм шығарған. Енді мынаны қараңыз. Ресейде жыл сайын 100 шақты, Үндістанда 900 мың мультфильм мемлекеттік тапсырыспен жарық көреді. АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай елдері анимациялық фильмдерге мемлекеттік тұрғыда үлкен мән береді. Ресейде балаларға арналған анимациялық фильмдерді идеологиялық құрал ретінде пайдаланып, оған қыруар қаржыны сарп етеді екен. Нақты айтсақ, олар анимациясына жыл сайын 300 млн. АҚШ долларын жұмсайды. Олар көбінесе Крыловтың мысалдарын немесе батырларды кейіпкер қылып, тамаша толықметражды анимациялар жасап шығарыпты.
– Алпауыт елдерде бір анимациялық толықметражды фильмге қыруар қаржы бөлінеді. Ал, енді Голливуд, Уолт Дисней компанияларының бір фильміне құйылатын қаражат тіпті көп. Сонымен қатар, жоғарыдағы компаниялар бір туындыға 3-4 жыл уақыт арнайды. Ал, бізде 9 ай уақыт береді. Себебі, көктемде қаржы бөледі, жаңа жылға дейін есеп талап етеді. Бұл сапаға тікелей әсер етеді. Сондықтан, 1 жылда 2 толықметражды анимациялық фильм, кемінде 10 қысқаметражды туындыны тұрақты жасау керек. Осылай 5 жыл мемлекет қолдайтын болса, тағы жеке студиялар 50 пайыз қаржыландырылып отырса, 10 жылдың ішінде әлемдік деңгейге көтеріледі. Ұлттық анимацияны дамытудың 5-10 жылдық жоспары жасалса дұрыс болар еді, – дейді Қазақстандық анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы Жәнібек Оразалы.
Сонымен, біздің елде анимацияның дамымай тұрғандығының себебін қаржы тапшылығымен байланыстырамыз. Анық нәрсе. Мысалы, біздің бүлдіршіндердің көзайымына айналған «Рио» мультфильміне 90 млн. АҚШ доллары бөлінсе, балалардың ғана емес үлкендердің де сүйіспеншілігіне бөленген «Мадагаскар» мультфильміне 75 млн. доллар, «Рапунцель» анимациялық киносына 260 млн. долларды құрайтын рекордтық мөлшерде қаржы бөлінген екен. Міне, осының арқасында алты құрлыққа таралды. Сонымен, біз қаржылай олдаудың аз екенін сөз етіп отырмыз. Қысқасы, қазақ анимациясының қоржыны қашан қыруар қаржы бөлінеді, сол кезде қампаяды. Анимацияның – идеологиялық майдан екенін ұғынсақ, сіз бар, біз бар осыны қолға алу керек секілді.
Сөз соңы
Қазақ аниматорларының еңбегін түбегейлі жоққа шығарудан аулақпыз, әрине. Жас режиссер-аниматорлар Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы түсірген «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі неміс анимациялық фильмдер институтынан (DIAF) Schlingel балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің 24-ші халықаралық кинофестивалінде және Израильде өткен Near Nazareth Festival-інде «Үздік анимациялық фильм» жүлделеріне ие болды. Бүгінде Түркия, Иран, Еуропа елдерінің продюсерлері қызығушылық танытып отыр. Елордада «Qazart» деген 3D анимациялық студия бар, олардың жасаған туындылары Швейцарияда Үндістан, Беларусия, Украинаны басып озған. Демек, Қазақстанның Еуропадан тапсырыс алуы анимациялық кино мамандарының жоғарғы деңгейін көрсетсе керек-ті. Бұдан бөлек, азаттық алған жылдан бергі уақытта толассыз демей-ақ қоялық, оқтын-оқтын анимациялық фильмдер көпшілікке жол тартқан еді. Әрине, мұны да егемендіктің жемісі санаймыз. Тоқетер сөзімізде де тағы да қазақ анимациясының дамуы үшін қыруар қаржы бөлінгенін сұраймыз. Өйткені, түбі жемісін береді.
Қасымхан ҒАЛЫМ.