Басты тақырыпБіздің сұхбат

«Қанекең мені күні бүгінге дейін асырап келеді»

    Жарылыс. Жазушының туған жері Семейдегі атом сынағы. Ғасыр қасіретіне баланып жүрген Семей полигонының адамзатқа аждаһадай көрінген жылнамасын біз 40 жылға созылды деп жүрміз. Медеу аға Жер-Ананың жүрегіне жара салған жарылыс дүмпуі 42 жылға созылғандығын айтады. 1949-1989 жылдар. Қарапайым арифметика санағы бойынша 40 жыл. Ал, алғашқы жарылыс жасалған 1949 жыл мен соңғы дүмпуі дүниені елең еткізген 1989 жылды ешкім есепке алып жатқан жоқ. Сонымен, 42 жыл бойы жарылысқа құлақ түріп, жанымызға шер, қанымызға у сіңірдік. Ал, Семей қасіретінің ащы ақиқатын ашқан қаламгер Медеу СӘРСЕКЕНІҢ жан дүниесіндегі жарылыс 60 жылға жалғасқан. Нақтырақ айтсақ, 57 жыл 2 ай. Бар ғұмыры сынақ алаңында өтті. Жаны да, тәні де сынақ зардабын тартты. Семей полигонының сынағы тәнін жаралап жатса, Кеңестік идеологияның сынақ алаңы жанын жабырқатып, қаламын тұсады. Бірақ, тұқырта алмапты.

Кейіпкерлері де – кеңестік жүйе үшін «зардабы аса қауіпті полигон» болып көрінген талайлы тағдыр иелері. Қаныш СӘТБАЕВ, Ебіней БӨКЕТОВ, Ермахан БЕКМАХАНОВ. Қазақтың осынау үш алып тұлғасы Әлемдегі 112 елдің кітапханасының сөресінен орын алды. Қаламгерлік қабілетін қайраткерлік қайрағына жаныған Медеу ағаның қажырлы қаламы арқылы.

Иә, бұл тұлғалардың тағдыры қалай күрделі болса, олар туралы жазылған Медеу Сапаұлы кітаптарының тағдыры да соншалықты ауыр болған екен.

Ендеше, жазылуы бейнет, жарық көруі қиямет болған кітаптарының тағдыры туралы қаламгер өзі әңгімелесін…

Медеу СӘРСЕКЕ

жазушы, қаныштанушы

Медеу аға, кен инженерінің кемел қаламгерге айналуына не түрткі болды?

Мен әдебиетке кездейсоқ келгендердің қатарынан емеспін. Бес жыл Алматы политехникалық институтында оқып, металлург-инженер мамандығын алдым. Студент кезімде жазып жүретінмін. Сол кезеңдегі жастардың ресми органы «Лениншіл жас» газетімен шығармашылық байланыста болдым. Институт бітірген жылы мені аталған басылымның бас редакторы Абай Бейсебаев пен оның орынбасары, өздеріңіздің «Орталық Қазақстан» газетінде редактор болған Әбдісаттар Бөлдекбаев маған «әдеби танымың – жоғары» деп, қолқалай бастады. Ақыры, газеттің жұмысшы жастар бөліміне әдеби хатшы болып орналастым. Сөйтіп, маған Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұлов секілді ақберен қаламгерлермен әріптес болу бақыты бұйырды.

Міне, содан бері бір сәтке де қаламымды қаңтарып көрмеппін. Мамандығым – инженер, техника тілін жетік білгендіктен болар, мен алғашқы жылдары фантастикалық шығармалар жаздым. Осы жанрдағы екі повесіммен Қазақстан Жазушылар одағына мүше болдым. Жазған дүниелерім әдеби қауымды бейжай қалдырған жоқ. Ағаларымнан ұнамды пікір, ұтқыр идеялар естіп жүрдім.

Кен инженерінің қаламгерге айналу жолы – осындай.

Жаныңыз қалаған мамандықтан алшақтап кеттім-ау деген өкініш болды ма? Жалпы, өндіріске қайта айналып соқтыңыз ба?

Өкініш болды, әрине. Әсіресе, Алматыда үйсіз-күйсіз жүрген шағымда қиналдым. Ешкімге өкпелей алмайсың. Газетте 10 жылдан бері істейтін қызметкерлер пәтер жалдап жүр. Камал Смайылов та, Сейдахмет Бердіқұлов та пәтерде тұрады. Кімге өкпелейсің?!

Қашанда сананы тұрмыс билейді емес пе?! Оның үстіне, мамандығымды жоғалтатын болдым-ау деп қиялданамын. Ол аз десеңіз, Қаныш ағадай инженер боламын деген арман бала күннен серігім еді. Ақыры, «Лениншіл жасты» тастап, өндіріске кету жөнінде шешім қабылдадым. Газеттен кеткеніммен, әдебиеттен кеткен жоқпын. Газетті тастағанмен, қаламды тастай алмадым.

Содан, туған жерге оралып, Семейдің цемент зауытына орналастым. Зауыттың ең ыстық цехына түстім. 1600 градуста цемент қайнатамыз. Жұмыс – өте ауыр. Көндігуге тура келеді. Мойымауға тырыстым. Өйткені, өндірістің бейнеті мен азабы алдағы уақытта мен тартатын ой азабынан әлдеқайда жеңіл екенін сезетінмін. Сөйтіп жүріп, техникалық бөлімнің аға инженері лауазымына дейін көтерілдім. Бірақ, мені әдебиет өзіне тарта берді. 1958 жылы – студент кезімде жазған «Ғажайып сәуле» атты фантастикалық повесім араға бір жыл салып жарық көрген. Цемент зауытында жүріп төрт кітап жазып үлгердім. Әжептәуір танылып та қалдым. Бірақ, әдеби ортаны фантастикамен мойындату мүмкін емес қой. Шындығын айтайын, фантастика емес, мені жазушы ретінде танытқан – Қаныш Сәтбаев. Бірақ, фантастикалық дүниелерім мені Қанекең әлеміне алып келді.

Кейіпкерлеріңіздің барлығы – тағдырлы тұлғалар. Таңдаған тақырыбыңыз да таптаурын емес. Мысалы, Семей тақырыбы. Осы күрделі тағдырлар мен ауыр тақырып Сіздің уақытыңызды ұрлап, басқа шығармашылық жоспарларыңызды жүзеге асыруға кедергі келтірген жоқ па?

Жоқ. Мен осы тақырыптарға шырматылмағанда, небір шедевр дүниелер жазатын едім деп көлгірсуден аулақпын. Өйткені, мен Қаныш Сәтбаев арқылы танылдым, Ебіней Бөкетов пен Ермахан Бекмаханов арқылы толыстым, «Семей қасіреті» арқылы ұлтыма қызмет еттім. Ақиқатын айтайын, Қанекең (Сәтбаев) мені күні бүгінге дейін асырап келеді. «Тамаша адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясымен жарық көрген «Сәтбаев» тоғыз рет қазақ тілінде, тоғыз рет орыс тілінде басылды. Алғашқы таралымы – 100 мың дана. Қазір «Сәтбаевтың» жалпы таралымы 328 мыңға жетті.

Рас, Қаныш Сәтбаевты жазуға көп уақыт сарп еттім. Қанекең атүсті жазылатын, қызыл сөздің қырманында сомдалатын кейіпкер емес қой. Не керек, «Сәтбаев» кітабын жазуға 13 жылымды бердім. Еш өкінбеймін. Алып тұлға ғой, сонша уақыттың жұмсалуы да заңды еді.

Қалай болғанда да, мен «Сәтбаевты таныттым» деуден аулақпын. Қанекең мені танытты. Әдеби ортаға мойындатты. Осы бақытты сезінген сәтте «Сәтбаев» кітабына кеткен алтын уақытым да, жарық көру кезінде көрген қияметім де ұмыт қалады.

Сәтбаев әлеміне қалай келдіңіз? Ғасыр ғұламасы туралы жазуға тәуекел жасауыңызға қандай күш ықпал етті?

Менің бұл тәуекеліме екі жағдай себеп болды. Біріншісі – Қанекеңдей инженер боламын деген бала күнгі арманым. Екіншісі – академик Әлкей Марғұланның ықпалы.

Семейде цемент өндірісінде жұмыс істеп жүргенмін. Бұл 1963 жыл еді. Мені Алматыға Әлкей Марғұлан шақырды. Бардым. Барсам, алдында менің екі кітабым жатыр. Екеуінің да жанры – фантастика. Әлекең менің кітабымды қолына алып, мені мақтасын келіп. «Тілің – жақсы, фантазияң – ғажап» деп, майын тамыза мақтап отыр. Мен ыңғайсызданып барамын. Әлекең – ұлы адам, мен – жас жазушымын. Ыңғайсызданбай қайтейін? Бір уақытта Әлекең: «Мен сенің тіліңді ұнатып, өнеріңе тәнті болып шақыртып отырмын. Шақырту себебім – Қанекең туралы жазсаң, қалай болады?» деп, мәселеге төтесінен көшті. «Аға, оған менің шамам келмейді ғой. Сәтбаев – алып тұлға, мен – енді төселе бастаған жас жазушымын. Басқасы – басқа, тура Қанекеңе менің тісім батпайды» деп шоршып түстім. «Міне, осылай шегіншектейсіңдер… Қазақтың иттігі – осы. Мен сонда қазақтың ұлы тұлғасын жазу үшін Мәскеудің жебірейін шақыртайын ба?» деп ашуға басты. Не айтарымды білмей, абдырап қалдым. «Аға, есім шығып кетті. Дәл мұндай ұсыныс болады деп ойламаппын. Және Қанекең туралы жазамын деген жоспар менің ойымда жоқ еді. Төрт-бес күн ойлануға мұрсат беріңіз» дегеннен әріге бара алмадым. «Бағанадан осылай демейсің бе? Солай жаса, бірақ, келісесің» деп шегелеп тастады. Айныйтын түрі жоқ. «Лениншіл жаста» қызмет етіп жүргенімде Жезқазғанға іссапармен барып, «Қаныш осылай туған» деген очерк жазғанмын. Мүмкін, Әлекең соны оқыған шығар… Әйтеуір, талабы – қатаң.

Ақыры, үш күн ұйықтамай, ойланып, тәуекел жасауға тура келді. Әлекеңе келіп: «Аға, келістім. Бірақ, өзіңіз көмектесесіз» дедім. Қанекеңмен кездесу керектігін ойына салдым. Бірақ, Әлекең бірден кездесуге болмайтынын ескертіп, маған Қанекеңнің Семейде өткен алты жылын егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеп келуімді тапсырды. «Мен ертіп барғанда сен Қанекеңнің өмірбаянынан басқа ештеңе білмей отырсаң, ұят болады. Қанекең де секем алып қалуы мүмкін. Ал, сен ғұламаның Семейдегі алты жылын сайратып отырсаң, ол кісінің сенімін оятамыз» деді. Қонымды сөз. Елге аттанып, Қаныш аға туралы зерттеуге кірістім.

Ол кезде Қанекең тірі. Бірақ, науқастанып жүр екен. Дауасыз дертке шалдыққан. Оны Әлекең біледі. Уақыт – өлшеулі, жоспар – ауқымды, кейіпкер – күрделі. «Шешінген – судан тайынбастың» кебін киіп, іске кірісіп кеткенмін. 1964 жылғы 31 қаңтарда түнгі ауысымнан келіп шай ішіп отырғанмын. Радиодан «Қаныш Сәтбаев қайтыс болды» деген суық хабарды естідім. Есеңгіреп қалдым. Әлекең тапсырмасына едәуір ниеттеніп, шындап кірісіп кеткен едім ғой. Енді міне, барлық жоспарымның күл-талқаны шықты.

Қанекең туралы жазбақ болған шығармашылық жоспарым екі жылдай тоқырады да, мені 1965 жылы Ғабит Мүсірепов Қазақстан Жазушылар одағына қызметке шақырды. Инженерлікті тастадым. Қолым босады. Одақтағы функционалдық құзіретіме Павлодар, Өскемен, Семей облыстары кіреді. Осы облыстардың шығармашылық тынысы, әдеби ортасы – менің бақылауымда. Қанекең туралы жоспарымның жүзеге асатын уақыты да, мүмкіндігі де келгенін сездім де, қайтадан іске кірістім. Қанекеңнің зайыбы Таисия Алексеевнаға жолықтым. Қанекеңнің ізімен Арқа топырағына төрт жыл қатарынан келіп, материал жинақтадым. Сол кездегі Жезқазған горкомының бірінші хатшысы, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың көп көмегі тиді. Кейін кітабымның «ЖЗЛ» сериясымен Мәскеуде басылуында да Кәкімбектің ықпалы зор болды. Ол кезде Кәкең КПСС Орталық Комитетінде жауапты қызметте еді. Жалпы, «Сәтбаев» кітабының жазылу, жарық көру тарихында Кәкімбек Салықовтың көмегі орасан болды. Материал жинастыруға шыққанымда Жезқазғанға – Кәкеңе хабарласамын. Ол барлық жағдайымды жасап, сөйлесетін адамдарымды дайындап, көлігімді сайлап отырады. Өзі болмай қалған кездердің өзінде Уәли Есентаев деген азаматқа: «Медеу жүдеп қалмасын. Көлігін дайындап қой. Бір ай жүре ме, екі ай жүре ме, көліктен таршылық көрмесін» деп, мені мықтап тапсырады екен. Қаныш аға жүрген жерлерді армансыз араладым.

Он үш жыл жазған кітабымның өз Қазақстанымда, өз тілімде жарық көрмегені жанымды жүдетіп, жүрегімді ауыртты, әрине. Дегенмен, «Тамаша адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясына еніп, 100 мың дана таралыммен жарық көруі мені рухани ләззатқа бөлеп, шығармашылық бақытқа кенелтті.

Әлгінде осы кітаптың жарық көру қияметі деп қалдыңыз… Нақтысы қандай қиямет?

Бұл кітаптың жолы ауыр болды. Өзі 13 жылдан астам уақыт жазылды. Әуелі Қазақстан баспасына ұсындым. Республика билігінің кедергісіне ұшырады. Бетімді қайтармай, бесжылдық жоспарға енгізіп, алдарқатпақ болды. Сонда дайын кітапты бес жыл тосуың керек. Сөйтіп, Алматы жылы жауып тастаған кітабым 1980 жылы Мәскеуден жарық көрді. Таисия Алексеевна да дүниеден өтер кезінде маған: «Бұл кітапты Алматыдан шығара алмайсың. Орыс тіліне аударып, Мәскеуден шығар» деген болатын. Содан жеңгейдің жол сілтеуімен СССР Геология министрі Петр Антропов (Қаныш Сәтбаевтың жан досы) пен СССР Атом министрі Ефим Славскийдің қабылдауына бардым. Алғашқысы «Аузыңа ие бол, үш айда шығарамыз» деді. Бірақ, Мәскеуден шығатын кітаптың өзіне Қазақстан рұқсат беруі керек екен. Осы рұқсатты алу қияметі қырғын болды.

1981 жылы мен «Сәтбаев» кітабының қазақ тілінде жарық көруіне ықпал етуін сұрап, Қазақстан Компартиясы ОҚ идеология жөніндегі хатшысы Зақаш Камалиденовке хат жазған болатынмын. Сол хатқа жауап та бермеді. Бірақ, Зақаш мырзаның азаматтығы шығар, 2011 жылы бұрынғы хатшыдан хат алдым. Мен ол туралы «Сәтбаев ұлағаты» атты кітабымда жаздым. «Отыз жыл кешіккен жауап» деген атпен берілді. Отыз жыл бойы ренжіп жүрген Камалиденовке риза болдым. Ақ жарыла ақиқатын айтқан хатшы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының жоспарында тұрған «Сәтбаев» кітабының басылуына рұқсат бергені үшін таяқ жегенін жазыпты. Заман солай болды ғой. Оған ренжуге де болмайтынын кеш түсіндім.

Айта берсек, мұндай кедергілер толып жатыр. Әдебиеттің саясилануынан өткен ауыр дүние жоқ жазушы үшін.

Қанекең әлемін зерттеу барысында академик тағдырында бізге беймәлім қырлары кездесті ме?

Кездесті. Кейбірін жазып та жібердік. Кейбірін жариялауға Қанекеңнің қыздары, жиендері қарсы болды. Оның бәрі – жеке өміріне қатысты дүниелер.

Кітапты жарыққа шығару үшін СССР Атом министрі Ефим Славскийдің қабылдауында болғанымды айттым ғой. Ол кісі үш мәрте Социалистік Еңбек Ері екен. Сонда маған: «Мына үш жұлдыздың біреуі – Сәтбаевтыкі» деді. Мен себебін сұрадым. Парасатты жан екен, асықпай баяндады. Қанекең шәкірті Ержановты Маңғыстауға геологиялық барлау жүргізуге жібереді ғой. Экспедиция жұмысына жол қатынасы кедергі болғандықтан, Қанекең Славскийге «Қандыағаш» станциясынан Порт-Шевченкоға (қазіргі Ақтау) дейін теміржол салу жөнінде ұсыныс айтып, қолқа салады. Қашықтық – 910 шақырым. Ол кезде Ақтауда атом өндірісі бар. Сондай-ақ, Индер ауданында уран өндіріледі. Бұл жерден жылына көп болса 5-10 тонна уран шығады. Оны ұшақпен тасымалдауға болады. Шындығында теміржол құрылысының өзектілігі жоқ. Сонда да Қанекең алған бетінен қайтпаған. Ғұлама адам ғой, Маңғыстау түбегінде мұнай да, газ да бар екендігін біліп тұр. «Сәтбаев – өте дарынды адам. Ол қате болжам жасамайды. Ол кісі не айтса, соны орындаймыз. Теміржол құрылысы басталып та кетті. Менің төңірегімдегі дұшпандарым жоғарыға арыз боратып жатыр. «Қыруар қаржы шығындап, құмның арасына темір жол тартып жатыр» деген мазмұндағы арыз басыма пәле болып жабысты» деп ағынан жарылды Славский. Ақыры арыз тексеріліп, теміржолдың тиімсіздігі анықталыпты. Сөйтіп, Славскийді орнынан алғалы жатқанда, Маңғыстаудан алғашқы мұнай бұрқағы атқылайды. Ит көйлекпен туған жан екен. Сол теміржол құрылысы үшін үшінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атанады. «Мен қатты ыңғайсыздандым. Сол кездегі СССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Подгорный мырзаға барып: «Мынау әділетсіздік. Мына жұлдыз – Сәтбаевтікі» дедім. Сонда Подгорный «Сендер қызықсыңдар. Алматыдан Сәтбевқа қатысты ұсыныс пен қолдау хат сұратқанымда олар керісінше «Сәтбаев – байдың тұқымы, ұлтшыл. Оны жоғары мемлекеттік наградамен марапаттауға болмайды» деген домалақ арыз келіп түсті емес пе?!» деді. Міне, мәселе қайда жатыр. Осылайша, Сәтбаевтың бір жұлдызы менің омырауымда жүр» деп жымиды Славский. Кейін бұл туралы мен «Қуғындалған Сәтбаев» атты кітабымда жаздым.

Ал, сексен жасыңыздың семсеріндей болған «Семей қасіретінің» тағдыры қалай болды? Мақсатыңызға жете алдыңыз ба?

2012 жыл мен үшін қиын жыл болды. Сол жылдың 25 мамырында 52 жыл отасқан бәйбішем дүние салды. Қазан айында өзім де науқастанып қалдым. Денсаулығым күрт сыр берді. Төрт күн бойы кешенді тексерістен өттім. Семейдің дәрігерлері өте мықты. Маған төнген қауіптің өте қатерлі екенін бірден анықтаған болуы керек, дәрігерім: «Онкологияға қаралыңыз. Сонан кейін көреміз» деді. Одан да өттім. Барлық сынама нәтижелері дайын болған соң дәрігерім: «Аға, оң жақ бүйрегіңіз бүлініп жатыр. Жаман ауру» деп ашығын айтты. Шұғыл ота жасамаса болмайтынын ескерткен дәрігер маған Алматыға бару жөнінде кеңес берді. 78 жаста қандауырға іліну оңай дейсің бе?! Қатты қиналдым. Бес күн өз-өзіме келе алмай жаттым, 18 күн төсек тарттым. Есімді жиған соң, Семей полигоны жайында жылдар бойы жинаған деректерімді ой елегінен өткіздім. Иә, мен Семей полигоны туралы көп жинаған едім. Материал жеткілікті. Семейде 350 мың халық бар. Сынақ алаңындағы жарылыс тоқтағанымен, салдары сейілді дей алмаймыз. Соңғы жүргізілген тексеріс қорытындысы бойынша осы 350 мың тұрғынның 162 мыңы дертті болып шыққан. Алтай өңірінде, Павлодар, Қарағанды (Егіндібұлақ), Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында 1,5 миллион адам мүгедек ретінде тіркелген. Мен – өмірінің 37 жыл 2 айын жарылыс астында өткізген адаммын. Ендеше, осы жасымда тәніме жабысқан кеселдің себебін алыстан іздеудің қажеті шамалы. Бар ғұмырын сынақ алаңында өткізген адам ретінде менің зейнетақыма 14 мың теңге үстеме қосылады. Басқа жеңілдік атаулыдан жұрдаймыз.

Ауруханадан шыққан соң, денсаулығымның жағдайына қарамай, «Семей қасіретін» жазуға отырдым. Тапжылмай, ешқайда алаңдамай отырып жаздым. Нәтижесінде 2 жыл 9 айда қолжазбам дайын болды. Содан кейін облыс әкімі Даниял Ахметовке хат жаздым да, сол кісінің қолдауымен өзің айтқан сексенімнің семсері «Семей қасіреті» жарық көрді. Алғашқы басылым 2015 жылы қазақ тілінде, ал орыс тіліндегі аудармасы 2016 жылы 80 жылдық мерейтойым қарсаңында жалғанның жарығына шықты. Аудармашылар жалдадым. Бірақ, олардың барлығына қатаң талап қойдым. Кейбір әріптестерім кітабының өзге тілде жарық көргеніне мәз болады да, аударма сапасына мән бермейді. Ал, мен бұл мәселеге мұқият қарадым. Осы тұрғыдан алғанда, мен мақсатыма толық жеттім деп ойлаймын. Туған жер, туған ел алдындағы перзенттік парызымның бір парасын өтедім.

Семей полигонындағы ядролық сынақтың тоқтағанына 30 жылға жуықтап қалды. Ақиқатын айтып, кітап жазылғанымен, Жер-Ана жүрегіндегі жара жазылмайтыны да ақиқат. Сынақ алаңының бүгінгі ахуалы қалай?

Мен 1992 жылдан бері полигон аймағын толықтай 4 рет аралап шықтым. Барлық нысандарында болдым. Полигон жұртындағы қоршаған ортаға таралып жатқан зиянды элементтердің залалы толық тарқады деп айту қиын. Ол үшін мыңжылдықтар керек. Ғұлама ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Мария Склодовская 1903 жылы жасаған ғылыми тұжырымында Радийдің (өте зиянды элемент) қорғасынға айналуына 1590 жыл керек деген екен. 42 жылға созылған жарылыс салдары мүлде жойылу үшін 16 ғасыр уақыт керек. Ал, біздер айналасы 30 жылда сынақ аймағында ешқандай қауіп жоқ, бәрі тамаша деген тұжырым жасап қойғанбыз. Қазір сынақ алаңындағы ахуалды зерттеумен шұғылданып отырған ҚР Ұлттық ядролық орталығы бар. Директоры – Қайрат Қадыржанов. Сол азаматтан жарылыс тоқтағаннан кейінгі жағдай туралы сұрағанымда: «Қазіргі жағдай жаман емес. Зиянды қалдықтар су, батпақты жерлерде ғана сақталуы мүмкін. Басқа қауіп жоқ» деген жауап алдым. Сонда ол суды мал ішпей ме, ылғалды жерге мал жайылмай ма? Ол малдың етін жеген адамның денсаулығы не болады? Бұл мәселелер ешкімді толғандырып жатқан жоқ. Сондықтан, кешегі қызыл империяның біздің кең байтақ даламызды бәленбай ғасырға улап кеткеніне жаның күйзеледі екен.

Семейдегі сынақ алаңын зерттеу кезінде Сізді ерекше таң қалдырған жағдайлар кездесті ме?

Кездесті, әрине. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің тағдыры. 1957 жылы Мұхаң туған жері Семейге келеді. Қасында Қалибек Қуанышбаев бастаған бірнеше ұлт зиялылары бар. Атамекені Қасқабұлаққа дейін барып, жерлестерімен кездесулер өткізеді. Алматыдағы ағайындары «Елге баруға асықпаңыз. Ол жақта радиация, денсаулығыңызға зияны тиеді» деген екен, Мұхаң құлақ аспапты. Туған жер топырағында бар-жоғы төрт-ақ күн болған екен. Сол уақытта радиация қабылдап үлгеріпті. 1961 жылы қайтыс болды. Мамандар радиация бауырына өтіп кеткендігін анықтаған. Сол сапарында елдегі жағдайды көзімен көрген Мұхаң 1957 жылы Жапонияда, Мәскеу университетінде болып, Семей полигонының зардабы туралы мәселе қозғапты. Алайда, құлақ асқан ешкім болмаған. Елге оралған соң Қаныш Сәтбаевқа жолығып: «Туған жерге барып қайттым. Халқым қуанып қарсы алды. Бірақ, өңір халқының дені – ауру. Дегелең-Мыржықтағы елді атом жалмап жатыр. Сен осы мәселені зерттеп көрсең қайтеді» дейді. Қанекең экспедиция құрып, Семей өңіріне түбегейлі зерттеу жүргізеді. Бұл жерде өз жерлестеріңіз, Қарқаралының тумасы Бақия Атшабаровтың еңбегін атап өткен жөн. Зерттеу қорытындысы бойынша арнайы конференция ұйымдастырған. Алайда, Атшабаровтың орынбасары болған бір азамат конференция барысында экспедицияның ресми қорытындысын бұрмалап «Біз ауру адамдарды ғана тексердік. Олар бұл кеселге бұрыннан шалдыққандықтан, оны полигон зардабы деп айта алмаймыз» деп, ешкім ойламаған жерден жалған мәлімдеме жасап жіберген. Кейін өзіне қысым жасалғанын, осылай етуге мәжбүр болғанын айтып ақталыпты. Осы жалтарма мәлімдеменің салдарынан конференция қаулы қабылдамай тастайды. Сөйтіп, Мұхаңның идеясымен, Қанекеңнің басшылығымен, Бақияның жанқиярлығымен жасалған қыруар еңбек нәтижесіз болып қалады.

Жалпы, Семей полигоны төңірегінде бір-бірінің еңбегін пайдалану, бір-біріне қиянат жасау, жалған ақпар тарату деген секілді келеңсіздіктер көп кездеседі. Оның барлығы «Семей қасіреті» кітабында ашық жазылған. Семей синдромына қатысты еңбек жасағандардың да, өздерін жарнамалағандардың да дені – менің таныстарым, достарым. Солардың көңіліне де қарамай, ашық жазылған жәйттер – осы кітапта. Мен шындыққа қиянат жасай алмадым.

Жалпы, мен Қанекең мен Семей полигонынан басқа қазақтың біртуар тұлғалары Ебіней Бөкетов пен Ермахан Бекмаханов туралы ғұмырнамалық романдар жаздым. Екеуі де «ЖЗЛ» сериясымен жарық көрді. Бұл кісілер туралы да әлі де айтуға, жазуға болмайтын дүниелер бар еді. Бірақ, мен жазып жібердім. Әйтеуір, тарих алдында да, ұлылар рухы алдында да Арым – таза.

Әсерлі һәм ашық әңгімеңізге көп рахмет! Қаламыңыз қуатты, ғұмырыңыз шуақты болғай!

P.S. Иә, Медеу аға әдебиетке кездейсоқ келмеген. Біздің редакцияға да кездейсоқ келген жайы жоқ. Сонау 70-80-ші жылдары ордалы «Орталықтың» тізгінін ұстаған «Редакторлардың редакторы» Рамазан Сағымбековпен ниеттес дос болып, редакция ұжымымен сан мәрте кездескенін білетінбіз. Осы жолы да Рекеңнің асыл жары Роза апайдың амандығын сұрап, саулығын тіледі.

Сондай-ақ, Медеу ағаның «ЖЗЛ» сериясымен жарық көрген «Бөкетов» кітабының жазылуына баспасөз баһадүрі Нұрмахан Оразбековтің тікелей ықпал еткенін біреу білсе, біреу білмейді.

Ендеше, бұл сұхбатты жайсаңдар достығынан қалған ескі сүрлеудің жаңарған нұсқасы деп қабылдаңыздар, ағайын!

Сұхбаттасқан

Ерсін МҰСАБЕК.

«Қаныштың бір үлкен ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, тілші-әдебиетшімен де өздерінің ғылым тілінде сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі. Және сол әр ғылымның саласындағы әрбір кезеңде пісіп келген нақтылы, жауапты мәселелеріне қажет болған мәслихатын айтып, мықты басшылық ете білді.»

Мұхтар ӘУЕЗОВ,

академик, жазушы.

«Көптеген ұлттардың қауымдастығы болып отырған біздің Ұлыбритания қарауындағы халықтардан бірде-бір көрнекті ғалым шыққан жоқ. Ал Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның тұрғандығы – ғажап құбылыс.»

Антони ИДЕН,

Ұлыбритания Корольдігінің

премьер-министрі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button