Қандастар қатары артып келеді
Жыл басынан бері 10 488 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, тәуелсіздік алғаннан бері елге 1 млн. 117,6 мың этникалық қазақ оралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қандастардың жартысы Өзбекстаннан, 19,3%-ы – Қытайдан, 9,7%-ы – Ресейден, 7,8%-ы – Моңғолиядан, 4,6%-ы – Түрікменстаннан және 2,6% басқа елдерден келген.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Дегенмен, бұл мақсатта еңбек күші тапшы – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілген болатын. Бұл өңірлерге бөлінген квота саны – 1 925 адам. Осы уақытқа дейін 1 032 қандас қоныс аударды. Аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, отағасы және отбасының әрбір мүшесі 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде көмек, сондай-ақ, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) көлемінде қаражат бөлінеді. Жыл басынан бері 565 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Оның 293-і тұрақты жұмысқа орналастырылды, 565 адам біржолғы субсидия алды, ал, 257 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды. Бұдан бөлек, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында солтүстік өңірлерге қоныс аударатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Ол бойынша тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн. теңге мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз көмек көрсетіледі.
Биылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда жоба аясында шет елдердегі мекемелер арқылы 1 984 өтініш (656 отбасы) қабылданғанын да айта кету керек.
Жалпы, биыл елге оралған этникалық қоныс аударушылардың 65,6%-ы – еңбекке қабілетті жаста. 25,8%-ы балалар болса, зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz